Сайлауалды міндеттемелер: талдау не көрсетті?

609

0

Былтыр өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы қарсаңында «Nur Otan» партиясы елді тұрақты дамыту, азаматтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру бойынша өзінің сайлауалды бағдарламаларын қабылдағаны баршаға белгілі. Бағдарламаларды кезең-кезеңімен орындау үшін нақты іс-шаралар белгіленген Жол карталары да бекітілді.

Қаңтар айында өткен кезектен тыс ХХІ съезде партия алдына жаңа міндеттер қойылып, оларды орындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл үшін «Nur Otan» партиясы өзіне жүктелген жұмыстарды қайта қарап, барлық партиялық органдардың, фракцияның, қоғамдық кеңестердің жұмыс тиімділігін арттыруды қолға алды. Осы мақсатта сайлауалды міндеттемелердің толық орындалуы үшін фракция отырыстарында әр елді мекен бойынша өңірлік сайлауалды бағдарламалардың 2021 жылғы іске асырылуына талдау жасалып, Жол карталарының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бойынша құрылған жұмысшы топтардың есептері тыңдалды.

Есеп беру кезінде фракция мүшелері мен жұмысшы топ арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі атап өтіліп, нәтижесінде көптеген жұмыс атқарылғаны анықталды. Атап айтқанда, партияның облыстық, қалалық және 7 аудандық Жол карталарында былтырға 717 іс-шара жоспарланса, олардың 688-і яғни, 96,0%-і орындалып, 29-ы бүгінгі күні іске асырылуда.

Бұл индикаторлардың нәтижелі орындалуына партияның өңірлік филиалы төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Наушақызының жұмысты жүйелі ұйымдастыруы мен Жол картасының әрбір іс-шарасын облыстық мәслихаттағы жауапты фракция мүшелерінің жергілікті бағдарлама әкімшілерімен бірігіп әрекет жасауы  септігін тигізуде.

Өткен жылы орындалған шараларды сараптасақ, Жол карталарында жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру бойынша Қызылорда қаласы, (98,8%) Сырдария (98,4%) және Жалағаш (97,3%) аудандары алдыңғы қатардан көрінді.

Атқарылған жұмыстарды айтсақ, аймақта жаңа өндірістерді құру және шағын, орта бизнесті дамыту бойынша кварц құмын байыту тау-кен комбинаты, табақ шыны өндіру және қайта өңдеу зауыты, темірбетон құбырлар және керамзиттен құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар іске қосылған.

Агроөнеркәсіп кешенінде күріш және жем зауыттары, мал бордақылау алаңдары, асылтұқымды мал басын көбейту жобалары, күрішті көшеттеп егу, алма бағын отырғызу, 100 гектар жерге қызанақ егу, жаңбырлатып суару әдісімен жүгері егу, ара шаруашылығын дамыту жобалары іске асырылып, ет пен қымыз өңдеу цехтары іске қосылды.

Жол картасына сәйкес өмір сүруге жайлы аймақ құру мақсатында жол, ауыз су, елді мекендерді газдандыру шаралары жүргізілді. Нәтижесінде, өткен жылы 48 мыңнан астам халқы бар 5 елді мекен «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілсе, олардың қатарында Жосалы мен Жалағаш кенттері, Шиелі ауданына қарасты Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов елді мекендері мен Қазалы қаласы бар. Сондай-ақ, Қызылорда қаласына қарасты Наурыз, Ж.Махамбетов елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Арал ауданының Аққұлақ және Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр мен Майдакөл ауылдары ауызсу жүйесіне қосылды. Байқоңыр қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жобасы бастау алып, Төретам кентінде сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүргізілді.

Облыс, қала, ауданаралық жолдардың сапасын жақсарту да партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылды. Бұл орайда ұзындығы 216 шақырым құрайтын жол күрделі жөндеуден өтті.

Тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары аясында жалға берілетін 695 пәтерді құрайтын 49 үй, 665 пәтерлі 38 несиелік тұрғын үй және жеке құрылыс салушылар есебінен 248 пәтерлі 7 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында көпбалалы отбасылар үшін арнайы 33 пәтер сатып алынды. Көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де назардан тыс қалмай, өткен жылы Қызылорда қаласында 14 үй және Арал ауданында 4 үй, Қармақшы ауданында 1 үй жөндеуден өтті.

Сайлауалды бағдарлама халықтың сұранысына сай, олардың ұсыныс-пікірлері негізінде әзірленгендіктен, Жол картасында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы проблемаларды шешу бойынша да жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, 5 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Олардың қатарында Арал ауданының Шижаға елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория, Жалғызағым елді мекеніндегі медициналық пункт, Шиелі ауданының Ақтам және Лесхоз елді мекендеріндегі медициналық пункттер және Жалағаш кентіндегі медициналық орталық бар.

Білім саласы бойынша Қызылорда қаласы мен Арал ауданында 1,5 мың орындық 5 мектеп, 480 орындық 4 балабақша, Қызылорда қаласында колледж студенттеріне арналған 2 жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Ж.Махамбетов елді мекеніндегі №268 мектебіне 200 орындық қосымша ғимарат құрылысы жүргізілді. Мектептерді жаңа модификациялы пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету 88,1%-ті құраған. Мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштері бойынша инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мектептер үлесінің негізгі жоспары өткен жылға 80% болса, ол 92,1% орындалды.

Салауатты өмір салтын ұстану мақсатында Жол карталарында спортты дамытуға басымдық беріліп, бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау үшін былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізде 6 жоба қаржыландырылып, іске қосылды.

«Ауыл ел  – бесігі» бағдарламасы аясында Жосалы, Жалағаш кенттері және Арал ауданының «Қамыстыбас», «Аманөткел», Қазалы ауданының Пірімов ауылдарында 5 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бір жабық бассейн кешені және 12 стритбол алаңы пайдалануға беріліп, 2 спорт кешені күрделі жөндеуден өтті. Бұл – өткен жыл бойына Жол картасы аясында атқарылған істердің ең негізгілері.

Осыған орай фракция мүшелері Жол карталарының іске асуы өткен жылы өңірде оң әлеуметтік-экономикалық өзгерістер әкелгеніне назар аударып, бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, осы жылға жоспарланған іс-шаралардың мерзімді жүзеге асуы үшін оларды қаржыландыру мәселелерін шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде.

Сонымен бірге Жол карталардың орындалу барысына филиалдар жанындағы қоғамдық кеңестер мен партиялық бақылау қызметтері арқылы мониторинг жұмыстары жыл бойы тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл Жол карталарының биыл және алдағы жылдары да уақытылы және сапалы жүзеге асуына мүмкіндік беріп, партияның сайлауалды уәделерінің толық орындалуын қамтамасыз етеді.

Өздеріңіз білетіндей, 1 наурызда өтетін кезектен тыс ХХІІ съезде партия жұмысын жаңғыртудың негізгі бағыттары айқындалып, үлкен жаңару көзделуде. Бұл тұрғыда алдағы съезд партия жаңғыруына мұрындық болады деп ойлаймыз.

Партияның іргесі қаланған күні өтетін съезде дамудың жаңа бағытының белгіленуі айтулы оқиға десек, Төраға реформалардың жоғары қарқынын белгілеп, партия мүшелерін Жаңа Қазақстан құруға жұмылдырады, ал жаңарған партия өз кезегінде оны толық қолдайды.

Сондықтан партия елдегі қоғамдық-саяси жағдайға сәйкес өз жұмысын күшейтіп қана қоймай, Төраға қойған міндеттерге сай еңбек етіп, жұмысында жаңа қадамдар жасайды.

Ләйлә ТӨРЕШОВА,

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<