Биыл өңірде 204 жоба іске қосылады

724

0

Пандемия шектеулері мен өңірде орын алған қуаңшылыққа қарамастан былтыр Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерліктің даму динамикасы жоғарылап, нәтижесінде  аймақта тіркелген кәсіпкерлердің саны 4,2%-ке артты. Облыста 57 мыңға жуық кәсіпкер бар. Ендігі бағыт-бағдар қалай? Осы орайда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтің есебін тыңдады.

Өткен жылы 11,2 млрд теңгені құрайтын 171 жоба іске асып, нәтижесінде мыңнан аса жұмыс орны құрылған. Оның ішінде, 400 млн теңгеге 14 жоба «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жылдық  2% жеңілдікпен несиелендірілген. Осының ықпалымен нарық лаваш, шырын және пюре, кондитерлік өнімдер, шоколад, жартылай фабрикат, шұжық өнімдерімен толықты.

Былтыр несие портфелі 36,5 млрд теңгені құрайтын 3168 жоба қаржыландырылса, биыл 5,8 млрд теңге шамасында қаржы қаралды. Экономиканың түрлі салаларында құны 7,6 млрд теңге болатын 204 жоба іске қосылмақ.

Басқарма басшысы «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің Жол картасы-2025» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге көрсетілген көмек барысын да баяндады. Сондай-ақ, инновациялық бастама үшін берілетін мемлекеттік гранттардың тиімділігі  сөз болды. Мәселен, бір жылда 3885 кәсіпкерлік бастамаға 2,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттік грант табысталған.

Бүгінгі күні өңдеу өнеркәсібі, әсіресе тамақ өнеркәсібін кеңінен қолдау мақсатында қала және аудандардан құны 2,6 млрд теңгені құрайтын 248 жоба жинақталып отыр. Жобалар қолдау тауып, іске асса қосымша 686 жұмыс орны ашылады.

Жиында туризм әлеуетін дамыту, сауда саласын ілгерілету мәселелері де қаралды.

Бизнесті дамыту тетігін іске асыруға бағытталған жұмыстарды саралай келе облыс әкімі қазіргідей күрделі кезеңде шағын және орта кәсіпкерлік көздерін әлі де көбейтуді, оларға  қолайлы атмосфера жасау және туризм кластеріне жеткілікті мән беру қажеттігін еске салып, бірқатар тапсырма берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<