Жаңа бірлестік жағдайды өзгерте ала ма?

693

0

Тұрғындар арасында пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты сын көп. Көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстауда кондоминиум нысандарын басқару процесін реттеу мақсатында Мемлекет басшысы биыл Мүліктің меншік иелері бірлестіктері мен жай серіктестіктерді құру бойынша тапсырма берді. Әлеумет үшін өзекті мәселені пысықтау мақсатында кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Мүліктің меншік иелері бірлестігі институтын енгізу бойынша селекторлық жиын өткізді. Оған аппарат басшысы Ерлан Райғаниев, қала әкімі Ғанибек Қазантаев, салалық басқарма мен департамент басшылары және онлайн режимде аудан әкімдері қатысты.

Жиын барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев Мүліктің меншік иелері бірлестіктерін құру ісінде республика бойынша облыс алғашқылардың бірі болғанымен, әлі де жұмысты жандандыру қажет екенін алға тартты. Сондай-ақ, аудандар бойынша салыстырмалы талдау жасалды.

Басқарма басшысының айтуынша, белгіленген кестеге сай 1 шілдеден бастап барлық бірлестіктер жұмысын бастап кетуі керек. Ал оған жедел әрекет қажет.

Қала және аудан әкімдері де атқарылған жұмыс жайын баяндады. Өңірде барлығы 1222 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде жаңа жүйе құрылуы тиіс  914 көпқабатты тұрғын үй бойынша жоспар 99,5% орындалған. Ол бойынша, Қызылорда қаласында 575 үй, Аралда  42, Қазалыда  106, Қармақшыда  56, Жалағашта 21, Сырдарияда 29, Шиеліде  69, Жаңақорған ауданында  16 көпқабатты тұрғын үй қамтылған. Қалған 308 көп пәтерлі тұрғын үй коммуналдық меншікте болғандықтан, басқару, ұйымдары талап етілмейді.

Қазіргі таңда кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау үшін ағымдағы және жинақ шоттарын ашу, көпқабатты тұрғын үй шығыстарының ең төменгі мөлшерін бекіту, коммуналдық қызмет көрсету ережесін енгізу жұмыстары жүруде.

Облыс басшысы құрылған меншік иелері бірлестіктері мен  жай  серіктестіктер  кедергісіз жұмысын бастауы тиістігін ескертіп, Ерлан Жаңабаевқа әкімдермен бірлесе отырып ай сайын мониторинг жасауды тапсырды. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ мен облыстық әділет және статистика департаменттеріне құжаттарды тез арада рәсімдеуге ықпал ету жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<