Ескі үрдісті де ескермей болмайды немесе жастарды ауылға тұрақтандырудың көзі қайсы?

571

0

Бүгінде ауылдағы жастардың жұмыспен қамтылуы көңіл көншітерлік емес. Мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқуға түскені қалаға кетеді. Қалғаны ауылда қалып қоюға мәжбүр. Екі қолға бір кәсіп таппай құр босқа сенделіп жүргені аз емес. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Көп жылдан бері күрделі проблемаға айналған өзекті тақырыпқа байланысты нақты шешім қабылдау қажет екені көрініп тұр.

Тоқсаныншы жылдарға дейін аталған мәселе шаруашылықтар есебінен оңтайлы шешілді. Қысы-жазы бос жүрген адам жоқ болатын. Көктем мен күз арасында егін шаруашылығымен шұғылданса, қыс бойы төрт түліктің бабын жасады. Әрбір құрылымда дәл осындай жағдай жасалды. Дегенмен беріде кеңшарлар тарап, көзіміз үйренген сол көріністен көз жазып қалдық. Қазір де аграрлық салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Олардың қатарында ауыл халқын еңбекпен қамтуға мән беріп жүрген басшылар да бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты істер атқарылу қажеттігін атап өтті. Оған қоса жұмыссыздық мәселесін төмендетуге назар аудару жайына тоқталды. 

Мәселен, батыс елдерінде жұмыссыз болу – тек қана кәсіп көзін жоғалту емес, адамның өзінің ар-намысын, абырой-беделін жоғалтуы деп те есептеледі екен. Сондықтан онда адамдарды еңбек арқылы тәрбиелеу – басты мәселе. Жалпы, ғылыми-техникалық революция жағдайында еңбекпен қамтуды тұрақты түрде өсіру, негізінен, өндірістік емес салалардың дамуы арқылы жүзеге асыру көптеген мемлекеттің тәжірибесінде бар.

Облыстың аграрлық саласында ұзақ жылдар бойы басшылық қызметте болған мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов елдегі жұмыссыздық мәселесін шешу үшін бірқатар мәселеге назар аудару қажеттігін айтады. Байқасаңыз, қазір шаруашылықтардың көбісі егін секілді бір бағытта еңбек етеді. Ілгеріде өңірдегі күріш егумен айналысқан әрбір құрылымның жанында мүйізді ірі қара фермасы болғанын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Оның себебі де бар. Жаз бойы егіннің бабын жасаған тұрғындар қысқы мезгілде мал шаруашылығына қол ұшын созатын.

– Бұл арқылы екі мәселені шешуге әбден болады. Біріншіден, ауыл халқы қысы-жазы еңбекпен қамтылады. Екіншіден, онда өндірілген өнімдер жергілікті тұрғындар сұранысын толық қанағаттандыратын еді. Өкініштісі, қазір дәл осындай жақсы үрдіс үзіліп қалды. Елдегілер тек егін шаруашылығына бет бұрып кетті. Әрине, екеуін де қатар алып жүру қазір қиын шығар. Алайда, бұл бағытта мемлекет тарапынан нақты бағдарлама жасау қажеттігі айқын көрініп тұр. Рас, бүгінде ауыл шаруашылығына жасалып жатқан қолдау аз емес. Сол қолдауды жүйелей отырып, елдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге толық мүмкіндік бар деп санаймын. Болмаса, ауылдағы жастар жұмыс іздеп қалаға келуге мәжбүр. Қаланың өзі құшақ ашып жұмыс ұсынып тұрған жоқ. Салдарынан түрлі жат әдетке бой алдырып, сүрініп жүрген жастар да бар. Бұл – бәріміз ойланатын мәселе, – дейді Б.Еламанов.

Сондай-ақ, жас буынға кәсіптік білім беру мәселесін ұмыт қалдыруға болмайды. Ашығын айтқанда, қазір ауылға бара қалсаңыз, егін алқабындағы техниканы тізгіндеп жүрген жастардың өзі некен-саяқ. Бәлкім, бұл кейбір шаруашылықтардың немқұрайлы көзқарасын білдіретін шығар. Бүгінгі күнмен өмір сүруге және мұндай мәселені тек мемлекетке ысырып қоюға болмайды. Жергілікті өңірде жемісті еңбек етіп жүрген шаруашылық басшылары ортақ іске жұмыла кіріскені артық емес. Мектеп бітірген әрбір жастың нақты есебі жасалып, олардың арасынан шаруашылық жұмыстарына бейімділерін кәсіптік білім беруге тартса, маман тапшылығы азайып, талай жастар еңбекке араласар еді.

– Тоқсаныншы жылдарға дейін ол ұдайы назарда ұсталып келді. Жоғары оқу орнына түскені мен ауылда қалғаны нақты есепке алынатын. Жергілікті басшылық пен шаруашылық жетекшілері жұмыссыз жүрген адамды еңбекке тартатын. Тіпті, әскерден келген азамат бір-екі ай бос жүрсе, оған тиісті талап қойылып жататын еді. Нәтижесінде ауылда қазіргідей маман тапшылығы байқала қоймайтын. Көлік жүргізетіні техниканың тілін үйренуге тырысатын. Егін егетіні жердің қыр-сырына қанығатын. Жарасымды тіршілік осылайша жалғасып жатты. Одан ешкім ұтылған жоқ. Бір жағынан жастар тәрбиесі жолға қойылды. Ол мемлекетке де, халыққа да пайдалы. Бұл орайда кәсіптік білім беру орындары жүйелі жұмыс жасады. Қазір де сол тіршілік ауанын қайтадан қалпына келтіруге болады, – дейді Бекмырза Қайыпұлы.

Кезінде Сенат депутаты болған ағамыз еліміздің кейбір өңірлеріне барған сапарында жақсы істердің куәгері болғанын айтады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы белгілі азамат Геннадий Зенченко басқарған шаруашылық көпке үлгі. Нарық талабына ерте бастан бейімделген құрылым қандай қиындықты да жеңуге болатынын дәлелдей білді. Ауыл тұрғындары бұрынғы іргелі шаруашылықты сақтап қалуға күш салды. Оған білікті басшыны сайлап, барлығы белсенді еңбек етті. Бұл салада тәжірибесі мол Г.Зенченко әрбір түйткілдің шешілуіне өз деңгейінде назар аударды. Жастардың кәсіп үйренуіне жол ашты. Қазір аталған шаруашылық сол тындырымды істің жемісін көріп отырған жайы бар.

– Қазір Қызылорда облысы көптеген ауыл шаруашылығы өнімдерін сырттан тасымалдайды. Сол жерді бағалай алмай жүргеніміз рас. Маман тапшы. Кезінде агроном мамандығы жоғары бағаланатын. Өкініштісі, қазір олардың қатары кеміп барады. Ауыл шаруашылығы – өте маңызды сала. Бұл ретте мал шаруашылығына қажетті зоотехник, мал дәрігерін емге таба алмай қалуымыз әбден мүмкін. Қысқасы, аграрлық сала қай кезде де назардан тыс қалмауы қажет. Мемлекет нақты жобаларды қолға алғаны жөн деп санаймын, – дейді Бекмырза Еламанов.

Несін жасырамыз, елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық өткір мәселеге айналды. Экономикалық дағдарыс кезеңінде олар халықтың осал тобына қосылады, яғни жастар дағдарыс әсерін алғашқы болып сезеді. Кәсіптік білім беру мәселесіне байланысты нақты тұжырым жасалғаны дұрыс. Осы санатта білім ошақтары облыс орталығы мен барлық ауданда бар. Бірақ, онда қандай мамандық түрлері оқытылады? Бұл колледждерде білім алған жастар сұранысқа сай кәсіп иелері атана ала ма? Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысын толық қанағаттандырып отыр деуге келмейді.

Белгілі кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев жергілікті кәсіптік-техникалық колледждің бірін сенімді басқаруға алды. Нәтижесінде қазір түрлі салаға қажетті мамандар дайындау ісін жүйелеуге көңіл бөлуде.

– Нарықтық қатынас кейбір кәсіп түрлеріне сұранысты төмендетті. Расын айту керек, кейбір салаларда қарапайым мамандарды сырттан алуға мәжбүрміз. Сондықтан уақыт талабымен жұмыс жасағанымыз дұрыс деген ойдамын, – дейді ол.

Осыдан екі жылдай бұрын Қармақшы ауданының Тұрмағамбет ауылында болдық. Сонда шаруашылық басшысы жұқпалы індеттің әдепкі толқыны соққанда қалада жүрген ауыл жастарының елге келіп, шаруашылық жұмысына араласқанын айтты. Ал олардың арасында тәжірибелі электр дәнекерлеуші, мықты механизатор, өзге де шаруашылыққа бейім жастар егін науқанына қатысып, еңбекақысын алып, үдкен үлес қосқан. Демек, ауылда еңбек көзін қалыптастыру қазір өте сұранысты жағдай.

Тіршіліктің мың-сан толғауы ауылдың алтын тамыр екенін тағы бір алдымызға тосып отыр. Жастарға жұмыс, сол жұмысты үйлестіретін жүйе керек.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<