Сипаты мол сиқырлы сөз

913

0

Алғыс айту күні. Бұл жалпы, алғыс белгілі бір күні ғана айтылсын дегендік емес. Алғыс айтудың адамның жанына шуақ, көңіліне қуат сыйлайтын сипатын еске салу.

Алғыс айту күні баяғыда 15-16-шы ғасырларда басталыпты-мыс. 1789 жылы Джордж Вашингтон алғыс айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялапты. Дереккөздер осылай дейді.

Бізге олардың қай күнді алғыс айтудың меншігіне беріп жүргені аса маңызды да емес. Алғыс айтудың адамға берер асыл қазынасы қасиетті Құранда анық көрсетілген. Сол сөздерден «Алғыс айту Алланың ризашылығымен қауыштырады»,  «Алғыс айту – иманның белгісі» деген тәмсілдер тарайды. Қазақ оны «Алғыспен ер көгерер» деп түйсігіңнің үстінен дөп түсіреді. «Алтын алма, алғыс ал» дүниеауилықтан тыяды.

Адам алғысты сұрап алмайды. Алғыс – біреудің біреуге жасаған әрекетіне, жақсылығына қарай ықылас білдіру. Алғысты қалай айту керек, сыймен бере ме, сөзбен жеткізе ме, жоқ, жүрегіне жасырып кете ме, әркімнің өзі біледі. Оның ережесі жоқ. Осыны білетін қазақ рахметің қайда демейді.

Баяғыда, Қызылорда астана болып тұрған кездері екен. «Базарға өзіміз сыймай жатқанда қазақтар түйе жетектеп келеді» деп өзбектер айтпақшы, бір ауыл қазағы қалаға түйе жетектеп келеді. Көшеде бәліш сатып тұрған татар қатынның қасына тоқтайды. Ол бәлішін мақтап, екі-үшеуін қағазға салып береді. Ауыл адамы бәлішті асап алып, бетін сипап кетпекке ыңғайланады. Сатушы оның етегіне жармасады:

– Ақшасын төле! – дейді.

– Ақшаң не, құдайы күлшені сата ма, менде ақша жоқ, – дейді түйелі қазақ. Татар қатын милиция шақырады. Базар маңы у-шу боп жатқанда оларға еуропаша киінген, қолына портфель ұстаған бір қазақ жақын келіп:

– Сізге қанша қарыз еді? – дейді.

– Жиырма сом.

– Міне, алыңыз.

Ауыл адамының ақшасын қалтасынан төлеген қазақ одан тағы да жейсің бе деп сұрайды. Ол татар әйелдің алдынан тағы да төрт-бес бәліш алып, бұрылып кете береді. Бірі рахмет демейді, екіншісі рахметің қайда демейді.

Сонда әлгі сатушы: «О, тоба, өзін ұлымын дейтін ағылшын да, орыс та «рахметің қайда?» деген болар еді. Ал, қазақтар бір-біріне жасаған жақсылығын сатпайды. Не деген ұлы халық!..», – деп ойланып қалыпты.

Бізді жоқтан бар етіп, күллі игілігімізді жаратқан Алла Тағаланың өзі шексіз құдіреттілігіне алғыс сұрамайды. «Мені естеріңе алыңдар, мен сендерді есіме аламын», – дейді. Міне, қазақтың кеңдік қалыбы қайда жатыр.

Алғыс айту күні Қазақстанда неге белгілі бір күнге белгіленген?

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық пен одан берідегі сталиндік қуғын-сүргін қазақ жеріне жүз мыңдаған өзге ұлт өкілдерінің босқындап келуіне себеп болды. Қазақ халқы өзінің мейрімділік, құдайы қонақты төріне шығаратын меймангершілік әдебімен келімсектерді лашықтарына кіргізіп, жарты нанын бөліп берді. Рахметін сұраған жоқ.

Бұл халықтар қазаққа мәңгі қарыздар екенін әрдайым есіне алып, алғыс айтумен келеді. Осыны халықтық сипатқа айналдыру біздің көпұлтты еліміздің татулығы мен берекесін, беріктігін бекемдей түсетіні анық.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<