Аға буын ардақ тұтуға лайық

908

0

Алғыс айту күнінде аймақта ардагер ұстаздарға арналған кабинет ашылды. М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі ғимаратында орналасқан кабинет бұдан былай білім саласына елеулі үлес қосқан зейнеткер мұғалімдер бас қосатын орын болмақ. Бұл рәсімге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да қатысып, ардагерлермен пікірлесті.

Алдымен аймақ басшысына облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова колледж базасындағы соңғы жаңалықтарды таныстырды. 1955 жылдан бері жұмыс істейтін оқу орны студенттерге техникалық және кәсіптік мамандықтар береді. Мұнда ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандармен қатар, құрылыс бойынша түрлі кәсіп иелерін де дайындайды.

Білім беру мен тәрбие жұмысында ардагерлердің үлесі зор. Кабинет осы мақсатта ашылып отыр. Түрлі кеңес пен басқосулар өткізуге қолайлы етіп жабдықталған. Сондай-ақ сала ардагерлерінің қызмет еткен жылдарынан фотокөрме қойылып, арнайы құрмет бұрышы да әзірленіпті.

Рәсім барысында облыс әкімі ардагер ұстаздарды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтады. Аға буын ұстаздардың жылдар бойы жиған тәжірибесі мен ақыл-парасаты кейінгі ұрпаққа насихатталып, ұдайы дәріптелетінін де жеткізді.

– Жаңару айының алғашқы күнгі құрметімізді ұстаздан бастайық деген игі оймен заманауи үлгідегі кабинетті ашып отырмыз. Бұл ардагер ұстаздар бас қосып ақылдасатын, келелі ой, зерделі сөз айтатын орталық болады деп сенемін. Сіздердің тәжірибелеріңіз, асыл қасиеттеріңіз бен ғибратты ғұмырларыңыз жастарға әрдайым үлгі бола бермек, – деді кездесуде Гүлшара Әбдіқалықова.

Шара соңында өңір басшысы ардагерлермен кеңірек сөйлесіп, білім саласын жетілдіру, саналы ұрпақ тәрбиелеу төңірегінде әңгіме өрбітті. Ардагерлер де өз тарапынан білім саласындағы бүгінгі бағыттарға тоқталып, өз ұсыныстарын да жеткізді.

– Адам жанының зергері, білім дәнін себуші, жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиетін дарытып жүрген мұғалімдер қауымы екені рас. Соның ішінде ұзақ жылдар осы саланың қазанында қайнап, білім деген ұлы көштің сара жолын салған ардагерлердің орны бөлек. Міне, бүгін сол қазыналы қарияларына арнап жаңа кабинет ашылып отыр. Бұл біз секілді зейнеткер ұстаздардың жиі бас қосып, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосар құтты орны боларынан сенемін. Ардагерлер білім мен тәрбие беруде өз білгенін жас буынмен бөлісе береді, – дейді ҚР Білім беру ізінің үздігі, зейнеткер-ұстаз Үміт Қажығалиқызы.

Айта кету керек, бүгінде аймақта 5 мыңнан аса білім саласының ардагері бар. Оның 1867-сі облыс орталығында тұрады.

– Бүгінгі Алғыс айту күнімен барша жерлестерді құттықтағым келеді. Қашаннан үлкендерін құрметтеп, олардың батасын алуға асығатын халықтың ұрпағымыз ғой. Мына сала ардагерлеріне жаңа кабинет сыйлап, еткен еңбек пен төккен терін құрметтеген кейінгі буынға да алғысым шексіз. Облыстық білім басқармасы ұйтқы болған бұл игілікті іс барша аудандарда жалғасады деген үмітім бар. Сыр өңірі халқын мерекемен құттықтай отырып, барлығыңызға табыс тілеймін, – деді Арал ауданы, Шижаға ауылынан келген білім саласының ардагері Ертарғын Бекпанов.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<