Судың сұрауы бар

695

0

Көктемгі вегетациялық кезеңде су деңгейінің төмендігіне сай әрекет ету үшін қажетті іс-шаралар жасалуда. Бұл ретте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының директоры Роллан Ахметов негізгі мәселелерді баяндап, алдағы міндеттерді айтты.

Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына бар болғаны 100 текше метр су жіберілуде. Бұл көрсеткіш былтырғыдан екі есе төмен. «Шардара» су қоймасында 4,56 млрд текше  метр  су  бар. «Көксарайға» су жиналған жоқ.

Облысқа 137 дана насос алуға сұраныс жасалып, 22 ұңғыма тазаланады. Оның ішінде 67 дана насос қондырғысы «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы іске қосылады. Атап айтсақ, Жаңақорған ауданына – 7, Шиеліге – 12, Қызылорда қаласына – 5, Сырдарияға – 15, Қармақшыға – 9, Қазалыға 4 дана насос қондырғысы арқылы қашыртқы жүйелерінен ішкі каналдарға қосымша су беру қарастырылуда.

Сондай-ақ, Үкіметтік резерв есебінен облыста 17 каналға механикалық тазарту жұмыстары жоспарлануда.

Аймақ басшысы егістікке су беру кезінде шаруаларға суды үнемдеу жолдарын жеткілікті деңгейде түсіндіріп, ортақ мәселеде тиімді шешім қабылдау қажет екенін алға тартты.

– Вегетация кезінде келетін су көлемін нақтылаған уақытта кезекпен су беру жұмыстарын мобильді түрде ұйымдастыру қажет. Насос қондырғыларын орналастыратын жерлерді белгілеңіздер. Елді мекендердегі шаруа қожалықтарды аралап, су тапшылығы жағдайында суды үнемдеу туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын іске асырыңыздар, – деді облыс әкімі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<