Азық-түлік қорын толықтыруға әр ауыл үлес қоса алады

560

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қалаға қарасты  елді мекендер тіршілігімен танысып, тұрғындардың талаптілектерін тыңдау мақсатындағы жұмыс сапары бейсінбі, жұма күндері де жалғасты. Аймақ басшысы алдымен Қосшыңырау ауылдық округінің Абай ауылында ардагерлермен кездесті.

Ауылдық округте 3500-ге жуық тұрғын бар. 64 шаруа қожалығы, екі мектеп, бір дәрігерлік пункт  жұмыс істейді. 178 кәсіпкерлік субъектісі бар. Кездесуде ақсақалдардың ең бірінші айтқан мәселесі  ауылды табиғи  газбен қамту болды.   Баршагүл Әбжанова  – ауылдың байырғы тұрғыны. Бар тілегі – «көгілдір отын» игілігін көру.

– Абай ауылының байырғы тұрғынының бірімін. Осында туып-өстім, осы жерде еңбек еттім, қазір зейнеткермін. Ауылымыз кезінде күріш егуден алда тұрған іргелі елді мекен еді. Қазір де жағдайымыз жаман емес. Су, жарық бар. Көшенің бәрі асфальтталған. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да жақсы. Біздегі күрделі мәселе –  газ. Көмір жағамыз, күл шығарамыз, баяғы тірліктен аса алмай отырмыз. Ауылға табиғи газ тартылса деген – тұрғындардың басты сұранысы. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Қала іргесінде тұрсақ та, әлі шешілмей келеді, – дейді ол.

Сондай-ақ, тұрғындар жастарға жұмыс көзін ашу, жер үлесі туралы да мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі өңір елді мекендерін газға қосу ісі 67 процентке жеткенін, бір жылда бірнеше ауылға «көгілдір отын» кіргізу қарқын алғанын айтып, бұл ауылды да газбен қамту жұмысы қолға алынатынын жеткізді.

– Ауылда мектеп, балабақша, медициналық пункт, мәдениет үйі бар. Ендігі керегі – газ. Бұл мәселені жақсы білемін. Шынында қала іргесінде тұрып «көгілдір отын» игілігін көрмеу қиын. Оның үстіне газ құбыры  ауыл іргесіне жақын жатыр. Тиісті жұмыстар атқарылатын болады, – деді аймақ басшысы.

Ауылдық округ әкімі Сейдуәли Әбдіқадыровтің айтуынша, газдандыру бойынша былтыр облыстық бюджеттен 11 млн теңге бөлініп, жоба-сметалық құжаттары әзірленген, бүгінде сараптамалық қорытындыға ұсынылған.

Сондай-ақ, облыс әкімі азық-түлік қорын көбейту үшін ауыл жастарын бақша дақылдарын егуге тарту қажет екенін айтты.

– Жасыратыны жоқ, көкөніс, азық-түлік өнімдерін сырттан алуға мәжбүрміз. Егер басты қажеттілігіміз –  картоп, сәбіз, жуаны шағын көлемде болсын өз ауылдарымызда ексек, сыртқы нарыққа деген тәуелділігіміз азаяр еді. Азық-түлік қорын қалыптастыруға әр ауыл  үлес қосса,  тапшылықты жоямыз әрі жастардың да еңбекпен қамтылуына жол ашар едік. Сондықтан іс бастаймын деген азаматтарды қолдаймыз, – деп атап өтті Гүлшара Әбдіқалықова.

Жалпы ауылдық округ негізінен  егін шаруашылығымен айналысады. Бүгінде 2078 гектар егістік жер бар. Оның 1248 гектары күріш алқабы. Егінді сумен қамтамасыз ету үшін R2, «Байқадам», «Алтынбай», «Жаппар», «Ешпан» ірі каналдарын тазалау жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Былтыр 15 млн теңге бөлініп, «Жаппар» каналы тазаланған, соның нәтижесінде  бойындағы 378 гектар күріш алқабы сумен толық қамтылып, жақсы өнім алған. Биыл «Алтынбай», «Ешпан» және R2 каналын тазалауға да тиісті қаржы қаралған. Елді мекендерді аяқсумен қамту азық-түлік мәселесін шешуге үлкен септігін тигізеді деп күтілуде. 

Мұнан соң облыс әкімі Қарауылтөбе ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті.

2500-ге жуық тұрғыны бар ауылға  клуб қажет. Ауыл тұрғындарының талап-тілектері ескеріліп, биыл 150 орындық клуб салу ісі қолға алынып, жыл аяғына дейін тұрғындар игілігіне беріледі деп жоспарлануда.

– Ауылда клуб жоқ екенін білемін. Жақын арада құрылысы басталады деп отырмыз. Жоба-сметалық құжаты дайын. Бұйырса жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Ол жерде түрлі үйірмелер ашылып, балалар мен жастардың бос уақытын өткізуіне жағдай жасалуы керек деп ойлаймын, – деді аймақ басшысы. 

Онан соң Гүлшара Әбдіқалықова Қызылжарма және Талсуат ауылдық округтерінде болды.

Қызылжарма елді мекенінде 8500-ге жуық тұрғын бар. Оның ішінде белсенді халық саны  6 мыңға жуық. Облыс әкімі барғанда  ауыл азаматтары аяқсумен қамту үшін қолға алынған ұңғыма қазу жұмысының  басталғанына куә болып, игілікті іске ақ батасын берді.

Жалпы былтырғы қуаңшылық жайы белгілі. Биыл да жағдай тұрақты емес. Осы орайда елді мекендерді  аяқсумен қамту үшін ұңғыма қазу мәселесі де өзекті. Осыған байланысты  Қызылжарма мен Талсуат ауылдық округінде ұңғыма қазу ісі басталды. Ұңғыманың тереңдігі – 90 метр. Құрылыстың құны 33 млн теңгені құрайды.

Талсуат елді мекенінде де 150 орындық клуб құрылысы қолға алынған. Жыл аяғында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Тұрғындармен тілдескен аймақ басшысы аяқсу, газ тарту, жолдың сапасын жақсарту сынды мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Биылғы егін егу науқаны су тапшылығы жағдайында өтетіндіктен, су арнасын тазарту жұмыстарын іске асыру маңызды. Қала іргесіндегі елді мекендер тұрғындармен кездесуде облыс әкімі вегетация кезеңіндегі қолға алынуы тиіс жұмыстарды жеткізді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын су лимитінің шектеулі болуына байланысты тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануға шақырды.

Аймақ басшысымен пікірлескен Қызылөзек ауылының тұрғындары аяқсу мәселесіне алаңдаулы екенін жеткізді. Себебі бірнеше жылдан бері каналдардың тазаланбауынан 4 ауылдық округтегі, атап айтқанда, Қарауылтөбе, Қызылжарма, Талсуат, Қызылөзектегі  шабындық жерлерге, жайылымдарға, көлдер жүйесіне су берілмей келген.

Мәселені саралаған облыс әкімі тиісті каналдарда тазалау жұмыстары жүргізіліп, насос қондырғыларын орнату арқылы мәселені оңтайлы шешуге ықпал ететінін атап өтті. Бұл үшін облыстық бюджеттен қажетті қаражат бөлінді. Мұнан бөлек, көлдер жүйесіне де су берілуде. Нәтижесінде Қызылөзекке қарасты Қараөзек елді мекеніндегі «Жаманкөл», «Талдыкөл», «Лепірім» көлдер жүйесіне су құйылуда.

Айта кетейік, биыл өңірде 137 насос алуға сұраныс жасалып, 22 ұңғыма тазаланады. Оның ішінде 67  насос қондырғысы «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы арқылы іске қосылады. Сондай-ақ, Үкімет резерві есебінен 17 каналға механикалық тазарту жұмыстары жүргізіледі.

***

Аймақтағы мүгедектігі бар жандар қиындыққа қарамай іс бастап, қоғам дамуына қызмет етіп келеді. Әрбірі туған жерді өркендетуде өзіндік қолтаңбасын қалдыруға тырысып бағуда. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова осындай ерекше жандарға жолығып, олардың мәселесіне назар аударды.

Облыс орталығындағы «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі жанынан ашылған оқу-өндірістік кәсіпорынында тігін және картон өңдеу цехы жұмыс жасауда. 2014 жылы грант ұтып, арнайы құрал-жабдықтар сатып алған. Өз бастамаларымен 16 адамды қосымша жұмысқа тартып отыр. Сондай-ақ 30-ға жуық азаматты тігін тігу курсынан өткізіпті.

Оқу-өндірістік кәсіпорын басшысы Әбубәкір Дүйсенбек облыс әкіміне орталықты таныстырып, ғимаратты абаттандыру және қосымша құрылыс салу жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрады.

– Былтыр ғимаратты кәсіпкерлердің демеушілігімен күрделі жөндеуден өткіздік. Енді мұндағылардың жағдайы өздеріңізге белгілі, барлығы – көз кемістігі бар азаматтар. Кәсіпорынға қарасты цехтарды қайта жөндеуден өткізсе деген тілегіміз бар. Бұл біраз жұмыс көзін ашуға мүмкіндік берер еді, – дейді ол.

Кездесуде аймақ басшысы қаладағы бірқатар кәсіпкерлерге орталықтың шағын көлемдегі жөндеу жұмыстарына көмек көрсетуге ықпал жасау қажет екенін қаперге салды.  Айта кету керек, өңір бойынша 1200-ге жуық көз кемістігі бар азамат болса, оның 545-і Қызылорда қаласында тұрады.

 Мұнан соң облыс әкімі «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрған орталыққа барды. Мұнда мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Психологиялық тренингтер өткізіп, құқықтық кеңес береді. Сондай-ақ инва-СТО, яғни, арба жөндеуді үйрету және өзге де қызметтері бар.

Бірлестік төрағасы Сағатбек Сиюов орталықта жұмыс істейтін ерекше жандардың әрбір ісін таныстырып берді.

– Біз былтырдан бастап ескі ғимаратты жастар және еріктілердің көмегімен өзіміз жөндеп алдық. Заманауи дамыту орталығы етіп жасақтап жатырмыз. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар қолөнермен айналысып, төмен бағамен шаштараз қызметін ұсынатын бет және басқа да күтімдерге арналған сұлулық салоны жұмыс істейді. Компьютерлік қызмет ету жағы да қарастырылды. Әлі де жетіспеушіліктер бар. Мысалы, осы ғимараттың едені мен электр желілерін қайта жаңарту керек. Ал біздің негізгі мақсатымыз – аудан, ауылдағы ерекше жандарды қамти отырып, олардың мәселесін құзырлы орындарға дер кезінде жеткізу, – дейді бірлестік төрағасы.

Өмірге талпынысы бөлек жандардың жұмысын көрген аймақ басшысы олардың табанды ісі мен өзін дамытуға деген ұмтылысы көптеген азаматтарға үлгі екенін жеткізді. Сондай-ақ ұсыныстарын ескеріп, әрбір бастамаларына қолдау болатынын айтты.

Қала аумағын тазалау және тұрғын үйлерді ауызсумен қамту ісінде коммуналдық қызметтердің бір арнадан басқарылып, қызмет ету аясын оңтайландыру маңызды. Былтыр «Қызылорда тазалығы» ЖШС мен «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорны қызметі біріктірілген еді. Дегенмен қос мекеменің жұмысын жолға қоюда бірқатар мәселелер бар. Осы себепті облыс әкімі «Қызылорда тазалығы» ЖШС-на барды. Мамандармен пікірлесіп, ортақ мәселелерді ашық талқылады. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қала әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев және кәсіпорын басшылығы қатысты. 

Қала әкімінің орынбасары Ғабит Жаңабаев кәсіпорын жұмысын ілгерілету ісіне қажетті жоспарлар жасалғанын тілге тиек етті. Мәселен, екі кәсіпорын атқаратын қызмет түрлері қосылғалы барлығы 1157 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бірақ коммуналдық қызметті атқаратын техникалардың 77 проценті ескірген. Жаңа көліктерді алудың қажеттілігі туындап отыр. Себебі, қала ішіндегі көше тазалау жұмыстарының ауқымы кеңеюіне байланысты арнайы техникаларды дайындау маңызды.

Облыс әкімі бюджет мүмкіндігіне қарай мәселені жан-жақты сараптап, жаңа техника алуға қажетті қаржыны табу мүмкіндігі қаралатынын жеткізді. 

Айнұр БАТТАЛОВА,

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Б.ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<