Айша

484

0

Кешегі Кеңестік дәуірдің кезінде бүкіл елімізге танымал болған, трактор тізгінін ұстаған қыздарымыздың ерлермен қатар атқарған жанкешті тіршілігін бүгінгі жастарымыздың бірі білсе, енді бірі білмейді. Солардың қатарында қостанайлық Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева, шиелілік Жадыра Таспанбетова, сунақаталық тұңғыш тракторшы Халипа Түлкібаева мен Әзия Қыстаубаеваның есімі бірінші аталады. Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, түгіскендік Наубаева Айша Дәрменбайқызы – солардың қатарындағы алғашқы механизатор қыздардың бірі.

Айшаның әкесі Дәрменбай «Бірлік» кеңшарында айтулы бақташы, шешесі сауыншы болатын. Еңбек десе ерінбейтін отбасының тіршілігі де осы малмен байланысты еді. Айша болса әу бастан әке-шешесінің қолқанатына айналған. Мал бақты, сауын сауды. Кейде ат мініп, асау үйреткен кездері де болған. Не керек, елгезек қыз жұмыс десе жұтынып, қандай іс болса да тындырымды атқарып ауылдастардың аузына ілінеді. Орта мектепті бітіргеннен кейін күтпеген жерден ұзаққа сабылмай-ақ, 1974 жылы аудан орталығындағы №187 кәсіптік-техникалық училищеге түсіп (қазіргі колледж) механизатор мамандығын игеріп, Түгіскен тыңына түрен салып жатқан. Елде жаппай жастар бригадасы құрылып, өзара жарыстың қызған шағы. Осындай қызу шақта механизатор мамандығын алған Айша да біржола трактор руліне отырып, алғаш «Беларусь», кейіннен «К-700» тракторын жүргізіп, тың төсін дүбірлеткені бар. Ол осылайша Камшат Дөненбаеваның «Селода тұрады екенсің, техника тілін меңгер» деген үндеуін ауданда ең алғашқы болып нақты ісімен қолдағандар қатарында еді.

Алып техниканы меңгеру, шаруашылықтағы мың-сан жұмыстарға араласу, ол үшін әрине, әдепкіде оңай соқпаған. Бірақ өзі қалаған жұмыстың қиындығын жеңуге тура келді. Бірде жер жыртса, бірде шөп орды, енді бірде малшы аулына жем-шөп жеткізетін. Тапсырылған істен шикілік шықпайтын. Ол да болса жастығы, өжеттігі, бейнеткештігінің нәтижесінен шығар деп түйетін. Өзі секілді техника тізгінінде жүрген Жадыра, Әзиямен жиі байланысатын. Ақыл-кеңестерін алып, сырлас-пікірлес болатын. Әсіресе, комсомол комитетінің мүшесі болып жүргенде жастарды патриоттық, еңбексүйгіштік қасиетке баулуда көп жұмыс тындырды. Еңбегін елеген аудандық партия комитеті Айшаны пленум мүшелігіне сайлап, облыстық партия конференциясына талай рет делегат етті. Аудандық кеңеске депутат етіп сайлады. Ауылдағы әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде отбасы тәрбиесі, балаларды еңбекке баулу, әйелдерді қоғамдық істерге араластыру жөнінде ой-пікір қозғап, бұл тұрғыда да жерлестерінің ойынан шыға біледі.

Айшаға өткен жылы аудан жұртшылығының қолдаумен Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Оның кеудесіндегі «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі – механизатор қыздың маңдай терінің арқасында қол жеткізген жетістігі. КСРО Министрлер Кеңесінің Құрмет грамотасы, бүкілодақтық жетістіктер көрмесінің медальдары да – адал еңбектің әділ бағасындай.

Ол – бүгінде зейнеткер, жастардың ақылшысы. Ауыр еңбектің бейнетінен соң зейнетін көріп Түгіскен ауылының ынтымағы мен берекесін ойлайтын тілекшілердің біріне айналып отырған жайы бар.

Файзулла САХИЕВ,

Жаңақорған ауданның Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<