«Ауданда полистиролбетон өнімін шығаратын цех ашылыпты. Өнімдері сапалы әрі сұранысқа ие екен. Қазалыдан өзге жерлерге де жеткізілетін көрінеді» дегенді жиі еститінбіз. Алдымен қолымыздағы құжатты көпшілік назарына ұсынсақ.
«Nur-Madi-Ar» ЖК басшысы Серік Талқанбайұлы Ералы өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, полистиролбетон шығару кәсібімен айналысуда. Бүгінде ол өз кәсібін ұлғайтып, 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Серік бұл кәсібін өз қаражатымен ашқан. Қазіргі таңда өзге аудандарға да жеткізу қызметін жүргізіп келеді. Көзіқарақтыларға полистиролбетон жеңіл бетондар қатарына жататыны, құрамында түйіршіктелген полистирол бары, салмағы жеңіл және жылусақтағыш болып келетіні жақсы мәлім.
Жақсыны көрмек үшін. Игі істі назарынан қалыс қалдырмайтын Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев цехтың жай-күйімен танысып, Серік Талқанбайұлымен кездесті. Цехты аралау барысында алдағы уақытта мемлекет тарапынан өз кәсібін ұлғайтамын деген кәсіп иелеріне оңтайлы бағдарламалар бар екенін айтып, қолдау білдіретінін жеткізді.
Жаңалықты паш етуге асыққан біз де жеке кәсіпкермен тілдескен едік. Бойында жастық жігері жалындаған, тура орда бұзар жастағы Серік іркілген жоқ.
– Менің негізгі мамандығым мұғалім. Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетті тарих пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша бітіргенмін. Алғашқыда қазіргі Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжіне көркемдік жетекші болып жұмыс істеп, кейін тарих пәнінің оқытушысы, директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым. Тарих пәнінің оқытушысы бола жүріп, өткен жылдың сәуір айынан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім, «Nur-Madi-Ar» полистиролбетон цехын аштым.
Халықтың сұранысына сай құрылыс материалын шығарумен айналысып келемін. Осы кезге дейін Қызылорда, Қармақшы, Байқоңыр, Арал, Сексеуіл және Қазалы аудандарынан тапсырыс түсіп, былтырдың өзінде оншақты үйдің қабырғасы осы материалмен өрілді. Бұл – XXI ғасырдың жаңа технологиясы. Жылуды жақсы ұстайды, ыстық өткізбейді. Салмағы жеңіл. Бағасы қалтаға қонымды. Үй салушы кірпіш сатып алуға қарағанда қаражатын екі есе үнемдей алады.
Қазір цехта төрт адам жұмыс істейді, алдағы көктем айында тағы төрт жұмысшы алып, жұмысты екі есеге ұлғайту жоспарда тұр. Осы уақытта күніне 150 блок шықса, көктемнен бастап күніне 300 блок шығару ойда бар. Бұл кәсіпке қоса «Фасад панел» деген үй қаптайтын құрылыс материалы да шығады.
Жұбайым Маханова Эльвира аталған колледжде оқытушы болып қызмет атқарады. Осы кезде декреттік демалыста. Төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Болашақта кәсібімді әрі қарай дамытпақпын. Алдағы уақытта осы ауданнан көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасыға бір үй тұрғызып беріп, қолына кілтін ұстатуды межелеп отырмын. Ол жоспар келер жылдың еншісінде», – дейді Серік бізбен әңгіме барысында.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<