Александр Герлиц – қола жүлдегер

934

0

Қытай астанасы Бейжің қаласында 2022 жылғы XIII қысқы Паралимпиада ойындарында пара биатлоннан түрегеп сырғанауда Александр Герлиц қола жүлдегер атанды.

Қазақстандық спортшыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт тоқаев Твиттер әлеуметтік желісінде құттықтады. Александр еліміздің атынан аталған сайыста бақ сынаған жалғыз спортшы болатын.

Айта кетсек, бұл медаль – биылғы қысқы Паралимпиадада қазақстандық спортшылардың алғашқы жүлдесі.

Александр Герлиц 1989 жылдың 31 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында дүниеге келді. 2011 жылы жол апатына түсіп, оған үшінші топтағы мүгедектік тағайындалды.

2014 жылдан бастап ол Иван және Мария Дробязко сынды бапкерлердің жетекшілігімен шаңғы спортының қыр-сырына қанықты. Әкесі Александр Александрович Герлиц баласының әрдайым спортпен айналысуына көңіл бөлді. Алғаш рет ол 2018 жылғы Паралимпиада ойындарына қатысты.

Александрдың жетістігінен кейін Қазақстан медальдар кестесінде 18-орынды еншіледі.

Еске салсақ, Паралимпиада ойындарына еліміздің атынан Сергей Усольцев пен Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Денис Петренко мен Юрий Березин қатысуда. Енді қазақстандық спортшылар 11, 12, 13 наурыз күндері айтулы аламанда бақ сынайды.

Айта кетсек, бұған дейінгі қысқы Паралимпиада ойындарында ел қоржынына 1 алтын, 1 күміс медаль түсті. 1994 жылы 10 шақырымға классикалық мәнерде шаңғы жарысында қазақстандық Любовь Воробьева күміс алса, 2018 жылы шаңғымен жарыста Александр Колядин 1,5 шақырымға классикалық мәнерде спринт жарысында чемпион атанды.

Қысқы Паралимпиада 4 және 13 наурыз аралығында өткізіледі. Онда әлемнің 50 мемлекетінен келген 700-ге тарта спортшы бақ сынауда. Қазақстан атынан барған 5 параспортшы спорттың екі түрінен жарысқа қатысуда.

Андрей Карпович – ұлттық құраманың бас бапкері

Қазақстандық маман Андрей Карпович футболдан еліміздің ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.

А.Карповичтің есімі қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол ұлттық құрамада ең көп ойын (55) өткізген футболшылар бестігіне кіреді. Оған қоса бірнеше рет капитан ретінде алаңға бастап шыққан еді.

Карпович өзінің футболшылық мансабында «Елім-ай», «Ертіс», «Қайрат», «Локомотив», «Ордабасы», «Шахтер», «Атырау», «Алтай», ресейлік «Ростсельмаш» және мәскеулік «Динамо» командаларында доп тепті.

Ол бапкерлік мансабын «Қайрат» футбол командасының жүйесінде бастап, одан кейін 2 жыл «Оқжетпесті» жаттықтырды. 2021 жылдың басынан «Қызыл-Жардың» бас бапкері болды.

Жаңа бас бапкердің командасы үшін алғашқы сынақ 24 наурызда Молдова құрамасына қарсы болады. Бұл күні қазақстандық футболшылар Ұлттар лигасы өтпелі матчында алғашқы ойынын өткізеді.

«Сарыарқа» екінші орын алды

Қазақстандық «Сарыарқа» шайбалы хоккейден құрлықтық кубогты екінші орынмен аяқтады.

Аталған турнирдің екінші ойынында қазақстандық клуб Данияның «Ольборг Пайретс» командасын 4:1 есебімен сүріндірді. Ойын барысында «Сарыарқа» сапынан Сергей Барбашев (4-минут), Степан Грымзин (31-минут), Андрей Яковлев (35-минут) және Никита Аноховский (60-минут) мергендік танытты. Оған даниялық клубтан Йен Эдмондсон (45-минут) бір голмен жауап қайырды.

«Сарыарқа» бірінші ойынында Польшаның «Краковия» командасына 1:2 есебімен жол берді.

Құрлықтық кубок ойындары 1998 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.  2018/2019 жылғы кезеңде қазақстандық «Арлан» (Көкшетау) аталған турнирде жеңімпаз атанды.

Ал 2016/2017 жылғы кезеңде «Бейбарыс» (Атырау), 2017/2018 жылғы кезеңде «Номад» (Нұр-Сұлтан) күміс жүлдеге қол созды. Сондай-ақ, 2007/2008 жылғы кезеңде «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) үздік үштікті түйіндеді.

Дайындаған

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<