Жаңақорғандағы жаңашыл жобалар

817

0

Жаңақорған ауданында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Онда журналистер білім және ауыл шаруашылығы салаларында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтты.

Аудан орталығы тұрғындары жылдан-жылға көбейіп келеді. Кентте жаңадан үй салушылар қатарын молайтты. Қазір «Ипподром» және «Саяжай» бөлігінде 10 мыңға тарта адам тұрады. Дегенмен, бүгінге дейін балалар алыста орналасқан мектептерге қатынап оқуға мәжбүр болды. Аталған мәселе тұрғындар тарапынан жиі қозғалатын. Көпшіліктің өтінішіне сәйкес енді бұл аумақта білім ордасы бой көтереді.

Аудан әкімі Руслан Рүстемов және жергілікті тұрғындар жаңа мектептің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Келешекте мектепте бір ауысымда 300-ге тарта жеткіншек білім алуына мүмкіндігі бар.

– Өткен жылы бұл мақсатта облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Былтыр жер тегістеу және жобалау жұмыстары жүргізілді. Мектеп құрылысына 1 млрд теңгеге жуық қаражат қаралған. Енді, міне келешекте жас өрендердің бал күлкісіне бөленетін білім ұясының іргетасын қалау рәсіміне келіп отырмыз. Жалпы, биыл облыс бойынша салынып жатқан мектептердің 3-і Жаңақорған ауданында жүргізілсе, 2 балабақша алдағы уақытта елдің игілігіне айналады. Оған қоса 5 мектептің жоба-сметалық құжаттары дайындалуда, – деді аудан әкімі көпшілік алдында.

Аталған іс-шара барысында білім саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған еңбек ардагері Серік Мұсабай игілікті іске жұртшылық атынан ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, енді осындай мектепті «Саяжай» аумағынан салу жөнінде тұрғындар өтінішін жеткізді.

Мектеп құрылысына «Авангард ПГС» ЖШС бас мердігер болып танылған. Серіктестік басшысы Расул Ысқақовтың айтуынша, қазір мұнда 100-ге тарта адам еңбек етуде. Жобаны іске асырудың нақты мерзімі – 2023 жылдың наурыз айы. Десе де, оны биылғы жылдың соңына дейін толықтай аяқтау көзделіп отыр.

Құрылыс жұмыстарына отандық өнімдер пайдаланылуда. Мәселен, кірпіш Қызылорда, Хромтау, Көкшетау қалаларынан жеткізіледі. Ал цемент Шиеліден алдырылса, қиыршық тас пен құм қоспасына жергілікті өнім пайдаланылады. 

– Рас, тұрғындар саны өсіп, аудан орталығында жаңадан шағын аудандар ашылды. Қазір «Ипподром» аумағының өзінде 5-6 мыңға жуық адам тұрады. Балалар алыста орналасқан мектептерде оқуға мәжбүр болып жүрген еді. Енді сол қиындықтан құтылатын болдық. Осы аумақта мектеп салынады деген хабарды естігенде қуанып қалдық. Жергілікті тұрғындар атынан игілікті істі қолға алған барлық азаматтарға ағалық алғысымды білдіремін, – деді еңбек ардагері Сәулебек Қалыбаев.

Облыстағы іргелі жобалардың қатарында саналатын құс фабрикасы құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жобаны «Абдулла» шаруа қожалығы жүзеге асырады. Онда келешекте 3,5 мың тонна құс еті өндіріледі.

Шаруа қожалығының жергілікті өкілі Ерлан Пірманбетов аталған жобаға байланысты жан-жақты баяндап берді.

– Құс фабрикасы іске қосылғаннан кейін облыс халқы тұтынатын құс етінің үштен бір бөлігін өндіруге қол жеткізіледі. Қазір 6 құс қорасы мен 1 құс сою пунктінің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса жұмыс жасайтын тиісті техникалар алынды. Жоба жүзеге асқанда мұнда 110 адам еңбекпен қамтылады. Былтыр аталған жоба өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген. Бүгінгі таңда инфрақұрылымдарды жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл бойынша жақында сараптама қорытындысы шығарылады, – дейді ол.

Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгеден асады. Оның 2,8 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілсе, қалған бөлігі қожалық есебінен тартылады. Өндіріс орны ашылғаннан кейін жылына 3500 тонна өнім шығару жоспарланып отыр.

Биыл аудан еңбеккерлері үшін жауапты кезең саналады. Диқандар дария деңгейіне көз тігіп отыр. Алдын ала жорамал бойынша су мәселесі қиын тиетін түрі бар. Сондықтан бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиевтің айтуынша, былтыр жергілікті диқандар су тапшылығы жағдайында жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарды. Әрбір тамшы судың тиімді пайдаланылуына көңіл бөлінді. Магистральді және шаруашылықаралық каналдарды тазалауға назар аударылып, су жеткізуге арналған насостар қойылды. Әртараптандыру мәселесі ескерілді. Осылайша сын сәтте сыр бермей, мол өнімге негіз қаланды. Осындай нақты жұмыстар биыл да жалғасын табады.

Қожакент ауылындағы «Арай» шаруа қожалығы көктемгі дала жұмыстарын бастап кеткен екен. Шаруа қожалығы 2017 жылы құрылған. Инженерлік жүйеге келтірілген егістік алқабы бар. Онда күріш, жоңышқа, бидай өсірумен айналысады. Қазір мұнда 130 гектарға егілген күздік бидайдың үстінен бүркемелеп жоңышқа дақылын егуге мән берілді.

– Рас, кейінгі жылдардағы қиындық жергілікті диқандарға оңайға соғып жатқан жоқ. Дегенмен өзіміздің етене кәсібіміз болғандықтан барлық ауыртпалықты жеңіп келеміз. Биыл да үлкен үмітпен үлкен істі қолға алдық. Әрине, қазір тек күріш еге беру тиімсіз. Сондықтан дақылдарды әртараптандыруға назар аударып отырмыз. Күрішпен бірге бидай, мақсары, жоңышқа егуге көңіл бөлмекпіз, – дейді шаруа қожалығының бригадирі Жүсіп Бейбітов.

Жергілікті диқандар «Келінтөбе» магистральді каналына тікелей тәуелді. Ол аудандағы бірнеше ауылдың жанынан бойлай ағып жатыр. Айта кетерлігі, көп жылдан бері оны тазалау жұмыстары ұмыт қалған еді. Қазіргі таңда онда «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының тарапынан тазалау жұмыстары қолға алынып отыр. Ол каналдың 8,6 шақырым бөлігінде жүргізіледі. 

Баспасөз туры «Тұрғанбай» өнер орталығындағы жұмыстармен  танысумен түйінделді. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қолға алынып отыр. Жасөспірімдерді өнерге баулу және олардың шығармашылығын арттыру мақсатында қолға алынған игі істің жас ұрпақ тәрбиесіне тигізетін пайдасы зор.

Аталған жобаны жергілікті кәсіпкер Индира Убайдаева қолға алған. Орталықта өрендер өнердің 7 түрі бойынша қабілетін арттырады. Атап айтқанда, олардың қатарында ұлттық (халықтық) билер, домбыра үйрену және ән салу, көркемсөз оқу, актерлік өнер, сурет салу, қолөнер (кескіндеме) секілді үйірмелер бар.

– Әрбір үйірмеге білікті мамандарды тартуға көңіл бөліп отырмыз. Ұстаздар жеткіншектердің өнерді жете меңгеруіне зер салады.  Қазірдің өзінде балалардың қызығушылығы ерекше. Жалпы, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында бұл жоба еліміз бойынша кеңінен өріс алды. Облыс аумағында мұндай орталықтар ашылып жатқанынан хабардармыз. Ал аудан бойынша алғашқылар қатарында осы істі қолға алып отырмыз, – деді И.Убайдаева.

Жалпы, әрбір жоба халықтың игілігіне арналған. Бұл елдің дамуына оң әсерін тигізеді. Мәселен, білім саласына жасалған бастамалар келешекте өз жемісін беретіні анық. Ал азық-түлік қауіпсіздігін сақтау бағытындағы ауыл шаруашылығының өрістеуіне пайдасы орасан.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<