Айтулы азамат

724

0

Азамат. Осы сөзде қаншама мағына бар десеңізші. Оны талдап жатудың қажеті бола қоймас. Алайда, «Айтулы азамат» деген бағаны халық береді. Ендеше халықтың берген бағасынан артық жасампаз баға болмайды десек, қателеспейміз. Осы орайда сәл шегініс жасап, тарихи деректерден мысал келтірсек.

Кешегі кеңес дәуіpінде күріш өндіруден Сыр бойының мақтанышына айналған Жалағаш ауданы өңірдің Қостанайы атанған еді. Бұл 1965-1985 жылдар аралығы болатын. Осы мерзімде аудан жыл сайын 800-840 мың центнер аралығында күріш өндіріп, Отан қоймасына кұйып отырды. Күріш дақылынан рекордтық көрсеткіштерге қолы жеткен совхоз директорлары: Ұзақ Еспанов, Алдаберген Бисенов; күрішшілері: Нeciпбай Әпірезов, Тұршабек Елеycінов, Қазына Жүсіпова Социалистік Еңбек Ері атағын алса, өндіріс бригадирлері: Тұрлыбай Әбдіқалықов, Жақсылық Шайманов, Кенішбай Әлшоразов, Паттал Атамбаев мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары болды.

Айнаш Балғабаева КСРО Жоғары Советіне, Ұлмекен Төлегенова Қазақ ССР Жоғары Советіне депутат болып сайланды. Бұларға қоса осыншама күріш өндіруге қолы жеткендері үшін жыл сайын жүздеген адамдар орден-медальдармен марапатталып жататын.

Ауданның егіншілік саласындағы жоғарыда аталғандай дәрежеге жетуіне аудандық ауылшаруашылық басқармасының да азды-көпті үлесінің барлығына ешкім дау айта алмайды.

Осындай қайнаған еңбектің бел ортасынан әркез ауданның ауылшаруашылық басқармасының бастығы болған Ойшы Ысқақовты да көретінбіз. Ол жәй ғана жүрмейтін, егіншілер мен механизаторларды басты іске бағыттап жүретін, өндіріске жаңа техника мен технологияны ендіру жолдарын айтып жүретін, бір сөзбен айтқанда өндірісте шешілмей жатқан түйткіл мәселелерді шешіп жүретін.

Атам қазақ «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші Ойшының әкесі Ысқақ Жолдыбайұлы өткен ғасырдың 1927 жылдары жаппай коллективтендіру кезінде елді отырықшылдыққа бейімдеу, егіске су пайдаланудың көзін табу, диқаншылықты игеруде Жаңақорған ауданындағы алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болыпты. Кейін суармалы жерді игеру кезеңінен бастап мұраптықпен айналысып, әуелі «бала мұрап» сосын «аға мұрап» атанып халықтың құрметіне бөленіпті. Оның жетекшілік жасауымен Жаңақорған ауданында алты каналдың қазылуына және сол каналдардан он колхоздың егістігіне су алып баруға қол жеткізізілген екен.

Ойшы қарттың айтуынша, әкесі Ысқақ Жолдыбайұлы 1890 жылы дүниеге келген, кедей шаруаның баласы, жағдайы көтермегендіктен оқи алмаған, сауаты жоқ кісі болған. Алайда, көкірегі ояу, зерек, есте сақтау қабілеті ерекше көрінеді.

«Сунақтардың шежіресін Әбу Бәкір ас-Сыддықтан өзіне дейін жатқа білетін. Жаңақорған ауданында тұратын қоңыраттардың, қожалардың жеті атасына дейін таратып беретін. Тұла бойы тұнған шежіре, ел-жұрттың басынан өткен қилы заман белестерін әңгімелеп отыратын. Өкініштісі, сол уақытта жастықпен көп нәрсеге мән бере бермей, айтқандарын жазып алмаппын. Осы күндері ойлансам, әкемнің ой-өрісі, біліктілігі, рухани байлығы, ағайынға деген ыстық ықыласы мен ақкөңіл адалдығы еріксіз таңғалдырады. Қарапайым шаруаға тән тұрмыстық деңгейде жүріп, ақ ниетімен жиған-тергенін адал көңілі мен ашық алақанын ағайын-туыс пен көрші-қолаңның татулығына арнап, артына тек жақсы сөз, үлгі-өнеге қалдыруы ғажап емес пе?» дейді қария.

Әке жолын мұрат тұтқан Ойшы орта мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтына түсіп, оны 1954 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шығады. Еңбек жолын 1954 жылы Қармақшы ауданының Ақжар МТС-ында қатардағы инженерден бастап 1957-1960 жылдары Қармақшы МТС-ның бас инженері, 1960-1963 жылдар аралығында Жаңақорған аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметінде болады.

Өндірісте ысылған, ұйымдастыру қабілеті жан-жақты, iскерлігімен көзге түскен жас маман облыстық партия комитетінің ұсынысымен 1963 жылы Жалағаш аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігінің бастығы болып бекітіледі. Қай жерде жүрсе де, қай қызметті атқарса да уақыт талабына сай басқара білудің, өндірісті үнемі дамытудың, шеңберін ұлғайтудың, совхоздарға қызмет көрсетудің, сапасын жақсартудың арқасында бұл еңбек коллективі ол басшылық жасаған сегіз жыл iшінде жыл сайын социалистік жарыстың жүлдегері атанды.

Табысқа қолы жетсе де тасымады, сәтсіздік болған сәттерде оған жасымады. «Адамға бастысы – ақыл, қорғаны сабыр» деген көнекөз қариялардың айтқан ұлағатты сөзін осындай мезеттерде есіне алып отырады.

1971 жыл Ойшы өмірінде еңбегі жанған, естен кетпес жыл болды. Олай дейтініміз, аудандық партия комитеті облыстық партия комитетімен келіce отырып, оны аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы және аудандық Советі атқару комитеті председателінің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Бұл қызметті ол үзбестен он бес жыл атқарды.

Ауданда ауыл шаруашылығын өркендету жолында күш-қуатын беріле жұмсаған басшылардың алдыңғы сапында болды.

Өз уақытында жас мамандарды ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке орналастырып, олардың жан-жақты тәжірибе жинақтауына, білімін ұдайы көтерулеріне, өндіріске барғанда білікті маман ретінде еңбек етулеріне қамқорлық жасауды үнемі есінен шығарған емес. Қайта оны басшының басты міндетінің бірі деп санады. Оның бір мысалы, Ойекеңнің шәкірттерінің бірі Жаңақорған ауданының әкімі болған, кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қызылорда облысы бойынша департамент директоры қызметін атқарған Салхадин Мырзабеков: «Ұстаз – бұл адам жүрегіне жылы тиетін сөз. Көпшілік жағдайда мектеп мұғаліміне айтылады. Сол сияқты бұл сөзді өндіріс орындарында да қолдануға болады. Мәселен, мені Жаңадария совхозында бас экономист болып жүргенімде аудандық ауылшаруашылық басқармасына экономика жөніндегі орынбасары етіп қызметке алды. Ойекең менің өндірістегі ұстазым болды», – дейді.

Мұндай жылы лебізді, оның қамқорлығында болып, акыл-кеңесін тыңдап өскен ауылшаруашылық басқармасының бұрынғы бас экономисі Бердан Әмитов, бас инженер-механигі Асылбек Тәуіпбаев, бас инженер-гидротехнигі  Қалияр Көшкінбаев және де басқа азаматтардың айтуларынан естіп жүрміз. Бұлардың алды қазір зейнеткерлікте. Кейін Б.Әмитов ауданның салық комитетін, А.Тәyiпбаев автобаза директорлығын, Қ.Көшкінбаев аудандық жер қатынастары бөлімін басқарды.

Күнделікті өмірде, біздер басшы адамның мәдениеттілігіне, жүріс-тұрысына, киім киісіне көп жағдайда мән бере бермейміз. Ал, Ойекең туралы әңгіме қозғағанда бұл тақырыпқа тоқтамай кетудің өзі обал болар еді. Онымен жұмыстас болғандар оның сабырлылығына, әдептілігіне, лауазымын пайдаланып, орынсыз дауыс көтермейтіндігіне қандай да жағдайда мәселені байыппен шешетіндігіне тәнті болатын.

Ойшы ағаның достары да көп еді. Солардың бірі Нәлқожа Ергешбаев.

– Нағыз достық балалық кезден бастау алады. Мен, Нәлқожа Ергешбаевпен мектепте бір сыныпта, институтта бір топта (группада) оқыдым. Қиындығы да, қызығы да мол балалық шағымыз, естен кетпес жастық студенттік кезіміз бірге өтті, кейін «Казсельхозтехника» бірлестігінде де қызметтес болдық. Екеуміздің мектеп оқушысы кезінде басталған достығымыз, жолдастығымыз Нәлқожа өмірден өткенге дейін жалғасын тапты, – деп еске алады ол.

Азаматтың ардақтылардың қатарына қосылуына, ел басқару жұмысына араласуына, абырой-атаққа ие болуына, оның жан-жарының тікелей қатысы барлығы жайлы өмірден өткен ата-бабаларымыздың айтып кеткен өсиет сөздері аз емес.

«Жақсы әйел отбасының алтын керегесі» дегендей ұлағатты ұстаз Мария Сүлейменқызы Ойшы Ысқақовтың өмір жолын сәулелендірді десек артық айтқандық бола қоймас.

Қоғам және мемлекет қайраткері Сейілбек Шаухаманов «Өмір деген – күрес, өмір деген – жарыс, өмір деген – намыс, өмір деген – бәйге» деген еді.

Ойекең болса сол өмірдің белестерінен сүрінбей өтіп, бүгінде 90-ның  төрінде отырған қазыналы қария.

Кезінде ауданда қызмет жасаған Исатай Әбдікәрімов, Сұлтан Аманов, Қонысбек Қазантаевтай аудандық партия комитетінің бірінші хатшыларымен қоян-қолтық қызмет жасасып, олардың мектебінен ысылып шыққан ол облыс бойынша аудандық aуылшаруашылық басқармасының ішіндегі өз қатарларының арасындағы беделді де, білікті басқарма бастығы болып есептелетін. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ойекең еңбектен қол үзген жоқ. Жазу еңбегімен айналысты. «Менің Өмір мектебім» атты алты бөлімнен тұратын Жалағаш ауданының елу жылдық тарихын баяндайтын және «Көргендерім мен көңілдегілерім» деген ой-толғаулардан тұратын кітаптарды өмірге келтірді.

Әр дәуірдің әртүрлі адамы бар, әр мезгілдің әртүрлі сарыны бар дегендей өз дәуірінің Ойшысы атанған, оның еліне еткен еңбегі кезінде мемлекет тарапынан өз бағасын алды. Мысалы, кеудесіне «Құрмет белгісі», екі рет «Еңбек Қызыл Ту» ордені және он медаль тағылды, Қазақ ССР Жоғары кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталып, Қазақ ССР-і ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген азаматы атағын иеленді. Республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шыққан ол, бүгінде Жалағаш ауданының Құрметті азаматы. Азаматтың азаматтылығын қалың көпшілікке паш ету, жасаған жұмыстарын таразылау, жақсылығын жадыратып айту, өскен ортасынан сөз қозғаy, есте қалған деректерден мысал келтіру – мұның бәрі-бәрі кейіпкерге деген құрмет. Өйткені, адамның ғибратты жолы келесі ұрпақ үшін өмірдің жалғаса берер өнегелі сабағы жүріп жатқан мектеп сияқты көрінері хақ. Ендеше Сырда туып, Сырда өскен, еңбегімен елінің сый-құрметіне бөленген ардагер ағамыздың 90 жылдық белесі өнегенің өзі деп білеміз.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жалағаш ауданының  Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<