Әкімдердің халықпен кездесу күнтізбесі бекітілді

338

0

Кеше онлайн режимде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 12-сессиясында  екі мәселе қаралды.  Сессияны ашқан облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов депутаттар мен сессияға қатысушыларды 14 наурыз – Амал мерекесімен құттықтады.

– Ұлы Абай айтқандай, қырдағы елдің ойдағы елмен араласып қауышатын күні айдан аман, жылдан есен шыққан адамдар бұрынғы өкпе-назын кешіріп, араздықты ұмытып, бір-біріне амандық-саулық, жақсылық тілейді. Сондықтан барлығы өткен күнмен қалып, алдағы күндер тек жақсы жаңалықтарымен қуантсын. Барлығыңызға істеріңізге сәттілік тілеймін, – деді Наурызбай Сейітқалиұлы.

Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – Қызылорда облысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуінің 2022 жылға арналған күнтізбесін бекіту туралы облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев хабарлама жасады.

Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халыққа есеп беру мақсатында әкімдердің халықпен кездесулері туралы 2022 жылдың 3 наурызында Жарлығы бекітілгенін атап өтті. Осы Жарлыққа сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуінің икемді жылдық күнтізбесі дайындалғанын хабарлады. Осы күнтізбеге сәйкес облыс әкімі халықпен жарты жылда кемінде бір рет, ал қала, кент және ауыл әкімдері әр тоқсан сайын кемінде бір рет кездесіп тұруы белгіленгенін жеткізді. Депутаттар күнтізбені бірауыздан бекітті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – “Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы” облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 11 қаңтардағы №290 шешіміне толықтырулар енгізуге байланысты болды. Н.Байқадамов осы комиссия құрамында “Туған жер” қоғамдық бірлестігі ұсынысымен мүше болған Еркін Тұрабаевтың басқа өңірге қоныс аударуына байланысты оның орны босағанын мәлім етті. Осыған байланысты облыстық басылымдарда хабарландырулар берілген.  Ұсынылған кандидаттарды саралаған жұмысшы топ “Ақ сөйле” қоғамдық бірлестігі ұсынып отырған Үйтолған Жәрекееваның кандидатурасын қолайлы деп тауып, сессияға шығарып отырғанын жеткізді. Мұнан соң Ү.Жәрекееваның өмірбаяны таныстырылды. Ол бүгінгі күні облыстық ішкі саясат басқармасының “Рухани жаңғыру” орталығы КММ-де ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу бөлімінің басшысы қызметін атқаруда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<