Ақынның мәңгі өмірі

675

0

(Әкім Мейірбекұлы жайлы сыр-толғам)

Біз білетін Әкім Мейірбекұлы бүкіл саналы ғұмырын Сыр топырағында өткерді, алысқа ұзап кетуді мұрат етпеді. Кейбіреулер секілді лауазым қумады, қызмет ауыстыруды қаламады.

Біз білетін Әкім аға бар қабілет-қарымын негізінен журналистикаға арнады: ол қырық жылдан астам уақыт табан аудармастан газетте қызмет істеді; қаншама ойлы, тартымды мақала-толғаулар жазды; сөйтіп, шын мәніндегі ел өмірінің жылнамашысына айналды; ол жазған мақалалардан осы топырақтың қырық-елу жылдық тіршілік-тынысы мен өмір келбетін айқын көруге болатын-ды! Міне, сондай өлшеусіз еңбегі арқасында қазақ журналистикасының қара нарына айналды, «Баспасөз саласының үздігі» атағымен марапатталды. 

Ол, әлбетте, тек газет жұмысымен шектеліп қалмады, әдебиет әлемінде де еркін самғады, өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап өнерсүйер қауымға жақсы жырларымен есімі кеңінен таныс болды. Алайда, жеке басын жарнамалауға, өзін-өзі көрсетуге аса құмар емес ақын елде жатып-ақ поэзия мәртебесін биіктетуге бар күш-жігерін жұмсады, тынымсыз еңбек етті,  өлеңдер мен толғаулар жазды.

Қазақтың абыз ақыны Әбділда Тәжібаев алпысыншы жылдардың ортасында Әкім інісінің талантын танып, бір топ өлеңдерін «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне өзінің алғысөзімен жариялады. Ал, қаламдас інісі Сейсен Мұқтарұлы Әкімнің жас кездегі балауса жырларымен-ақ өлеңсүйер қауымды елең еткізгенін,  алпысыншы жылдардан бастап  республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті»  газеттерінде сан алуан тақырыптағы топтама өлеңдерін жариялап отырғанын, сол өлеңдері арқылы есімі де елге танылғанын өз мақаласында  тебірене-толғай жазды. Ақынның 1977 жылы шыққан  тұңғыш өлеңдер жинағына осы жолдар авторы да «Ленин жолына» («Сыр бойы») шағын рецензия жазып, жетпіс бес жасқа толған кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді ойтолғам жариялатқаны тағы  бар-ды.

Өлең өлкесіне соқпақ салған қабілетті  ақынның ел жүрегіне жол тапқан отты жырлары ұжымдық жинақтарға енгенімен, жеке кітап болып көпке дейін шыға қоймады. Жасы қырыққа тақағанда ғана «Кешіккен көктем» атты тұңғыш жинағы оқырман қолына тиді. Міне, сол кітабына жазған алғысөзінде  белгілі  ақын, әдебиет сыншысы Әбіраш Жәмішев былай деп ой білдірді: «Қысқасы, табиғаттың тамылжыған тамаша суреттерін жұрт алдына жайып салуға құштар. Мұны ол өзінің балаң махаббатымен, Отан мен туған жерге деген перзенттік парызымен ұластырады!». 

Әкім Мейірбекұлының әр жылдарда  «Жалын» баспасынан «Кешіккен көктем» (1977), «Көңілді жаз» (1979), «Жазушы» баспасынан «Дария» (1997), «Жүрекке жол» (2006) жыр жинақтары жарық көріп, сыншы-әдебиетшілер назарына ілікті. Бір қарағанда аса көп те емес, отыз жыл көлемінде небәрі төрт кітап шығарыпты. Бірақ, поэзия үшін аз деуге де бола қоймас.

Ол өзінің негізгі кітабын шығаруға тым асықпаған сыңайлы. Өлеңдері мен толғауларын қайта-қайта жүректе шайқап, көп маңдай терін төккендей.  Сондай тиянақты еңбегінің  дәлелі – «Сырдария – Сыр-анам» атты жыр жинағы болғандай.

Ақынның осы кітабына аз-кем тоқталып өтелік.

«Сырдария кітапханасы» сериясымен шыққан «Сырдария – сырлы анам» кітабы  ақынның жан-жақты толысқанын, жырларының тақырыптық ауқымы да кеңейе түскенін айғақтай алады.

Кітапта оның өлеңдері мен толғаулары төрт бөлімді құраса, соңғы бөлімде шағын поэмалары ойып орын алған. Міне, осындай кесек дүниелері  арқылы ол өзінің кеңтынысты эпик ақын деңгейіне көтеріле алғанын да аңғартты.  Поэзияның қай саласына да еркін қалам тербей алатынын  көрсете  алды.

Осы жинақты парақтау барысында байқалатыны – ақын кеудесінде буырқанып жатқан жанартау бар сынды. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де, өзіне тән жорға жүрісінен айнымайды. Тебіренісі де бөлек. Отан, туған жер, бейбітшілік, табиғат, махаббат, т.б. тақырыптарды кеңінен қамти отырып, өз оқырмандарының рухани және эстетикалық нәр алуын ойлап, әрқилы  ізденістерге  барғанын  байқатады.

Мәселен, ақынның  «Теңіз әуендері» аталатын  бір шоғыр жырларында мынадай шумақтар кездеседі: 

…Жер кеудесін жұдырықтай ұрғылап,

Жарықты аңсап жарып шықты бір бұлақ!

Шағын арна  сағынар ма кеңдікті,

Зыр жүгіріп, жартасты ұрып ентікті!

О, албырт шақ, өткінші бір кезең бе?

Жұлқып ағып жатыр таулы өзен де.

Кеудем менің – бұлақ арман тынбаған,

Теңіз үнін тым алыстан тыңдағам…

– деп төгіліп береді. Жас өмір, жастық құлшыныс пен  алқынған  ой-арманды  көркемдеп әрі  астарлап  жеткізуі барынша әсерлі! Өзгеге ұқсамайтын қайырымдар!

Табиғат құбылыстары туралы да өзінше төгіліп, өзінше жыр кестелейді.

…Жазира далама жетіпті-ау тағы күз қоңыр,

Қоңыр күзде қоңыраулы қызды өмір!…

– деп, әдемі ырғақпен бөкен желіске салады. Көз алдыңа сары күздің әбігері мен тынымсыз еңбек дүбірі келіп тұра қалатындай.

Ол да өзі құрмет тұтатын, поэзияда ұстаз санайтын жыр жүйріктері жайынан жыр кестелей отырып, тосын ой түюге шебер. Астарлы ойға құрық салып та қоятыны бар. 

Қазақ поэзиясының ақсақалы болған Әбділда ақынға  арналған «Оралу» деген өлеңі де сәтті шыққаны көзге ұрып тұр.

…Аңқылдаған қуанышын баса алмай,

Шаққа тұр-ау, кемерінен тасардай.

Тебіренген теңіз-жанын ұққанға,

Қарау қиын көзіне ыстық жас алмай!  – деп, теңіз мінездес тарлан ақынның образын өлең жолдарымен кестелемек болған, сөйтіп туған жерге деген сағынышы мен перзенттік шексіз махаббатын ішкі көркем суретпен кестелеп жеткізбекке ұмтылады. Ал, Тұманбай ақынға арнаған жырында:

…Шуақ толы жаныңа көркемдейін.

Келе-келе беріліп кеткендеймін!

Алғашында барып ем көп толқумен

Тереңіне көңіліңнің жеткендеймін!.. – деп, ағаның ыстық ықыласын бере отырып, адам бойындағы мейірім мен ізгілікті жырлап береді.

Ақынның бұл жыр жинағында қаншама тың ізденістері мен сәтті жырлары молынан көрініс тапқан. Әсіресе, «Жайдары жаз», «Өмір жыры – мәңгілік» атты топтамалардағы  табиғат, көңіл-күй, сырлы сезім, ар тазалығы, рух тәуелсіздігі, т.б. тақырыптарды қаузай отырып, бүгінгі  заман келбетін, қазіргі  адамдардың  арман-мақсаттарын мейлінше терең суреттей білгені байқалады. Атам заманнан бері аға ұрпақ арман еткен тәуелсіздік шырайын поэзия тіліне кіріктірген ақын «Гүлден Елім – Тәуелсіз Қазақстаным» деп тебіренген. Тәуелсіздік пен ақиқатшылдық ұғымдарын қатар алып жырлаған ол қай заман, қай кезде болмасын ақиқаттың қиянат пен қысым көргенін, халыққа алапат, нәубет болғанын жаны шырылдап жыр жолына қосады.  

Әкім ақын  «Аралдан ауған ақ шағала»  деген топтама жырларында азаматтық қайсарлық пен күрескерлік жайынан шабыттана жырлаған. Әсіресе, осы топтамадағы «Құрыш қазақ» Зейноллаға арнаған өлеңінде:

Құлазып көңілім қарадым,

Құм басқан ақ сор жағаңа.

Қиқу сап қимай Аралын,

Барады ауып шағала!  – деп, теңіз еркесі болған Шағала мен қайсар мінез ақын  ағасының  образын қатар алып  сомдауға ұмтылыс жасаған.

Қысқасы, ақын Әкім Мейірбекұлы жырларында өмірдің сан түрлі түйткілдері мен талас-тартыстары, көңіл толқулары мен жан әлемдегі бұлқыныстар мейлінше молынан орын алған. Оны қысқа ғана мақалада түгел қамту, әрине, мүмкін де емес. Ақынның өзі жазып қалдырғандай:

…Шөліркеп  келем шөлім қанбай,

Мен дегенде, өмір-ай, жөнің қандай?..

– деп, мына жарық әлемнің қызығына еш тоя алмастан, фәниден бақиға ауысқанша қолынан қаламын түсірмей, жыр күмбезін тұрғызуға жанталасты.

…Ол Сыр топырағының исін, Қаратаудың ерке самалын жақсы көрді. Барша шабытының қайнар көзі – осы кіндік қаны тамған елі еді. Осында туып, осында мәңгіге қалар ма еді. Соңғы жылдары денсаулық жағдайына байланысты амалсыз Сыр елінен көшіп, Алматы маңында тұрып жатқан-ды. Бірақ бүкіл жан-жүрегімен елді ойлап, Қаратауын сағынып, Сыр-анасын аңсаумен болды. Ол жайынан ара-тұра телефон арқылы сөйлескенімізде, төгіле сөйлеп, сыр етіп  айтатын-ды. Сол сартап сағынышын өзімен бірге ана тыныш әлемге бірге ала кетті, не керек!

Ақын ағамыз өмірден озған соң, оның жары Мейірбек келіні Ботбайқызы Бақтылы жеңгеміз бен  ұл-қыздары Гүлнұр, Ерлан және немерелері Диас, Нұрмұхамед, Нұрдәулеттердің бастамасымен соңында қалған жазба мұралары жинақталды, сөйтіп «Ақын-жүрек бұлқынса…» деген атпен баспа арқылы бір томдық  кітабы  басылып шықты.   Жинақ  шартты түрде  екі кітапқа бөлінген: біріншісі – өзі көзі тірісінде жүйелеп, ретке келтіріп  кеткен жыр жинағы; екіншісі – өзі қайта қарап үлгере алмаған тарихи жазбалары, толғаныстары және еш жерге беріп үлгермеген бірқатар   жырлары.

Осылайша ақын ағамыздың артында қалған мол рухани мұрасы туған халқымен, өнерсүйер қауыммен қайта қауышты.

…Әні-міні дегенше ақын-жүрек тоқтағалы да жыл өтіп барады екен. Әкім аға бұл күнде арамызда жоқ, бірақ оның жүрекке жылы тиер жырлары мен толғаулары әр кеудеде жатталып, мәңгі өмірінің белгісіндей болып, уақыт биігінен саңқылдап үн қатып тұр.

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<