Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған нақты қадам

2256

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауынан ой түю үшін қоғам қайраткері, ҚҒА академигі, техника ғылымдарының докторы Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновпен сөйлескен едік.

– Қылышбай Алдабергенұлы, кешегі өткен қаралы қаңтардан кейін халық расында қаңтарылып қалды. «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген сөзге жұбана қоймады. Президенттің осы Жолдауынан зор үміт күткені де шын. Сол үміт ақталғандай. Халықтың қуанғанын көріп отырмыз. Сіз не айтасыз?

– Қаңтар оқиғасынан соң мен іштей рухани дағдарыста жүрдім. Сол күндерден көп өтпей елордаға ұшып бардым. Ұшақ төмендеген тұста әсем астанамыз көз алдымда жайнап жатты. Көліктері жосылған қала емес, тіршілік тамырынан рух ағындаған қазақтың жүрегі секілді сезілді. Осы әсемдікті, осы бейбіт күнімізді бұзбақшы болған кім деген ойым бойымды дел-сал қылды.

Расында, сол күндері біздің тәуелсіздігімізге қауіп төнді. Бұл қиын-қыстау шақтан ел Президентінің табанды шешімдері алып шықты. Көпшілік күткен қадамдарға барды.

Ал, бұл Жолдауды мен жаңа Қазақстан құру жолындағы жарқын іс, тың бастау, тарихи құжат деп атар едім.

Сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделін енгізу, Конститутциялық сотты құру, Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту, Қазақстан халқы Ассамблеясы өз үлесіндегі Жоғарғы палата кандидаттарын сайламай, тек ұсыныс жасаумен шектелу секілді маңызды мәселелер елдің екі көзін тігіп күткені емес пе еді?

– Бұл мәселелердің бүгінге дейін қолға алынбау себебі не?

– Жолдауда Президент «суперпрезиденттік» деген ұғымды қолданды. Мұның мәнін кез келген адам аңғара алады. Демек, ерекше құзіретке еге болғанда ел тағдырына шен тағдыры үстемдік етеді. Дәл осы тұста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев игілікті, жаңаруды өзінен бастады. Оған басқаны айтпай-ақ, Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынатыны туралы айтқанын алуға болады.

– Сіз ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болдыңыз, облыстық мәслихатты басқардыңыз. Жолдаудағы сайлау жүйесі туралы айтылған сөзге тағы бір оралайықшы. Алдымыздағы сайлаулар әділдікке кепілдік бола ала ма?

– Бұған дейінгі сайлауларда әр партияның өз квотасы болды. Бұл жүйе жалпы бұқараның қалауынан тыс еді. Шынына келгенде, мәжіліс те, мәслихат та қауқарсыз дәрежеге түсті. Мұнан былай депутат болу үшін бір партияға мүше болудың қажеті жоқ.

Мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Мәжіліске кемінде бір депутатын сайлауға құқылы. Алдағы кезеңде аудандағы, қалалардағы сайлаудың бәрі де мажоритарлық жүйеге көшеді. Президенттің өз сөзімен айтсақ: «Бұл жүйе елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады».

Кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде мәслихаттардың рөлін арттыру, мәслихат хатшысы емес, мәслихат төрағасын бекіту туралы пікірде болғанбыз.   Президент   Жолдауда   осы   мәселенің нақты шешімін шығарды. Мәслихаттардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізуді ұсынды.

Сондай-ақ, облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санайтынын айтты. Мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім беретін не керісінше келісім бермейтінін білдіретін. «Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз», – деп нақтылады Президент.

– Үш облыс ашу, әсіресе, Президенттің Қапшағайға Қонаев атын беруге ықылас танытуы туралы қандай ойдасыз?

– Бұл шешім елдің әлеуметтік жағдайын ғана емес, ұлттың рухын да көтерді. Алматы облысының орталығы Талдықорғанда тұрғанда тұрғындар көп кедергіге тап келді. Бір ғана мысал, Қаскелеңнен Талдықорғанға барып-қайтудың қиындығының өзі қандай еді.

Ал, халқымыздың ұлы перзенті Абай рухы асқақтап тұрған Семей қаласы даму сатысынан сырылып қалғандай болған. Кезінде Жезқазған, Семей облыстары экономикалық дағдарыс желеуімен жабылып қалған. Бұл халықтың әлеуметтік әлеуетін тежеді. Президент осы тарихи әділетсіздікті түзетіп берді. Соны шешімнің жаңа Қазақстанның дамуына ықпалды әсер ететіні сөзсіз. Осы күні бүкіл Семей жұртшылығы, қала жастары көк жалауды желбірете ұстап,  Абай  облысының құрылатынына қуанып ұрандатып, жақсылықты жар сала қарсы алып жатыр.

Сонымен бірге, қазақ халқының тағдырын шешуге тікелей қатысы бар Ұлытау атауының жоғарғы мәртебе иеленуі де ел еңсесін көтеріп, көңілін серпіді.

Дінмұхаммед Қонаев елімізді басқарған жылдары қырық шақты қала өмірге келді. Өндірісіміз өрге басты. Ғылым академиясын басқарды. Жан-жақты даму үдерісінде болдық. Қазақстан басқа республикалардың алдында жүрді. Ұлт перзентінің бұл еңбегі елеусіз қалды. Лайықты бағасын ала алмаған тұлға еді. Көптен ауызша айтылып келе жатқан осы жайтқа Жолдау арқылы жол ашылды.

– Жолдауда айтылмай қалған да мәселелер бар деп санамайсыз ба?

– Президенттің барынша байсалды да, байыпты сөздерінің астарын ұғу қажет. Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз, сол бағытты сызып көрсеткендей түсіндіріп берді.

Президент өз шешімдерін халықтың пікіріне сүйеніп отыра айтатынын алға тарту арқылы халық үніне құлақ асатын  Үкімет, ықпалды Парламент жұмысын жандандыруға аса мән берді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Бұл жаңа ұйым ұлттық дамуымыздың кепілі болу керек. Міне, осының бәрін іске асыру міндеті тұрғанда айтылмай қалған мәселе іздеп отыру орынсыз.

Президент әр сөзін байсалды, парасатты қалыппен жеткізді. Халықтың бүгінгі бақытын көру мақсатын биік санады. Осыны дұрыс ұғуымыз керек. Қазақ «көш жүре келе түзеледі» дейді. Көш жолға түсті, қадірлі қауым!

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<