Достарсыз бұл күнде…

611

0

Сексен жылдық мерейтойыма жұбайы Раушанмен келетінін қайта-қайта хабарлаған досым, академик Амангелді Құсайыновтың ажал құрығына ілініп бақилық дүниеге кеткені өзегімді өртеп, «достарсыз бұл күнде, күн кешу мүмкін бе?» деген сауалмен қала бердім. Сол қаралы күнге 40 күн толыпты. Достығымды ғана алға тартпай Сыр бойы ғылымына қосқан мол үлесін есептеп қолыма қалам алдым.

Амангелді досым  шыншыл, кішіпейіл, қарапайым әрі қайсар, Маханбетше айтсам «жауырынан өтін алса да, жамандарға жалынбайтын», білікті әм білімдар тұлға еді. Осы қасиеттердің бәрін тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Амангелді Құсайыновтың табиғатынан табуға болады. Оның өмірбаянын зерделеп, түйсініп оқысаңыз, менің тұжырымыма келісетініңізге бек сенімдімін. Досым Амангелдінің өнеге алуға тұратын жақсы қасиеттерді бойына сіңіруінің негізінде не жатыр деген сауал өзінен-өзі сұранып тұрғандай. Соған әлім келгенше жауап беруге тырысайын.

Академик А.Құсайыновтың көпке үлгі боларлық, бола алмағандарды тамсандырып, таңғалдыратын қасиеттерінің негізін ең алдымен оның кіндік қаны тамған туған топырағынан іздеген абзал. Қасиетті Кереку жерінде, Қара Ертістің бойында Үлгілі дейтін ауылда өмірге келіпті. Бұл ауыл – жырымен елін жұбатқан, қайғысын бөліп уатқан Амангелдінің немере ағасы Иса Байзақовтың да туған жері. Осы бір қарапайым ауыл мектебінде оқығандардан 4 ғылым докторы, 19 ғылым кандидаты, 6 спорт шебері шыққан. Ауыл тұрғындарының жартысы – Еділ бойынан жер аударылған немістер болса, жартысы қазақтар. Мектепте кезінде репрессияға ұшырап, қуғындалып келген білімді неміс мұғалімдер сабақ берген. Бірыңғай қазақы ауылда хат танып білім алған Амангелдінің бізге қарағанда орыс тіліне жетік болуының бір себебі осы болса керек.

Шыңыраудағы шындықты елге жеткіземін деп халқы үшін талмай еңбек еткен әкесі «халық жауы» атанып, ұзақ мерзімге сотталып, түрменің ащы дәмін татады. Абақтыдан ол босанып келгенде Амангелді 15 жаста екен. Сәби кезінен бастап, ешкімнен кем етпей тәрбиелеген, аялаған анасы – Үрзиля. Арғы тегін парсы жұрағатынан алатын, өздерін ислам дінін таратушы, әм уағыздаушы қожалар санайтын Үрзиля апа – арабшаға өте зерек, Алланың ақ жолын берік ұстанған діндар, жүрегі кең, қолы ашық, адалдық пен тазалықтың эталоны болған асыл ана.

– Адамгершілікке, әділдікке, кішіпейілділікке, жетім-жесірге, жалғызға қол ұшын беруге, кім болса да көмек көрсетуге, біреудің ала жібін аттамауға  жарықтық анам үйретті, – деп тебірене еске алатын Амангелді досым. 

Тағдырымыздың тоғысқаны өткен ғасырдың 60-жылдарындағы студенттік кезімізден бастау алды. Қазақстандағы ЖОО-ның көшбасшысы қазіргі әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (бұрынғы С.Киров атындағы ҚМУ) тарих факультетінде  алғаш ашылған қазақ бөлімін бірге тәмамдадық. Жарты ғасырдан аса уақыт өткенде, алдымыз сексенді еңсеріп, кейінгіміз сол жасқа аяқ бассақ та, шіркін қызығы мен шыжығы мол студенттік өміріміз кешегідей көз алдымызда.  Группамыздың старостасы Әскербек Абаевтың жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ауызбіршілікті болдық. Амангелді  сабақты жақсы оқумен бірге университеттің қоғамдық өміріне белсене араласты.  Факультет кәсіподақ ұйымын, студенттердің құрылыс отрядының штабын басқарып, оқу тобымыздың беделін жаңа белестерге көтеріп отыратын. Группамыздың (25 студент) жартысы республиканың түкпір-түкпірінен келген қыздар болды. Сондықтан зоовет, СХИ сынды оқу орындарының студенттеріндей біз ЖенПИ-дің есігін сығаламадық. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап дегендей университеттен, өз оқу тобымыздан болашақ жарларымызды таптық. Амангелді Раушанға, мен Жақсыбикеге, Әскербек Нұршагүлге, Аманжол Тамараға, Амантай Жұмакүлге үйлендік. Бүгінге дейін қуанышымыз бен қайғымызды бірге бөлісіп, арамыз ажырамай келе жатқанының бір себебі осы-ау деп ойлаймын. Алдымыз университет қабырғасында жүріп, ана-әке атанып, болашағымыздың берік қамалын қаладық. Группамызда  еңбек өтілімен, 3 жылдық әскери борышын өтеп келген «шалдардың» көп болуы, қазанымыздың ортақтығы мен ауызбіршілігіміздің, ынтымағымыздың бекемдігіне әсерін тигізді. Біз оқыған қазақ оқу тобынан 3 ғылым докторы, бірнеше ғылым кандидаттары, мектеп директорлары, аудандық, облыстық оқу басқармаларының басшылары, ректор, проректорлар, жоғары санатты мемлекеттік қызметкерлер шықты. Қазір курстастарымыздың бірі министрдің, бірі ректордың, бірі таланттарын әлемге паш еткен қыздарымыздың, әлемдік деңгейдегі спортшылардың, бірі жоғары шенді полковниктің әкелері екенімізді мақтанышпен айтамыз. Құдай тіл-көзден сақтасын деп тілейміз.

Университеттегі өміріміз де сан-салалы, мәнді әрі мағыналы өтті. Амангелді еліне елеулі, халқына беделді, мемлекет және қоғам қайраткері еді. Өзі тәмамдаған ҚазГУ-дің қарапайым ассистентінен профессор дәрежесіне дейін көтеріліп, 4 жыл университет проректоры қызметін атқарды. Қолдан ұйымдастырылған, Мәскеуден төндірілген нақақ, қаралау, қудалау  құрығына университет ректоры, әлемге әйгілі ғалым Өмірбек Жолдасбеков пен оның командасындағы проректор А.Құсайынов та ілінді. Қайсар досым тағдыр сынына мойымады, қайта табандылық танытып, жігерін жанып докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

1992-2000  жылдардағы Амангелдінің өмір жолы бұрынғы Ақмола, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласымен тығыз байланысты. Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын Л.Гумилев атындағы Еуразия университетіне айналдыруда  ректор креслосына отырған профессор А.Құсайынов аз тер төккен жоқ. Университеттің оқу-материалдық базасын, ғылыми әлеуетін әлемдік деңгейге көтерді. Әлемге танылған ғалым ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі С.Қасқабасов, ҚР еңбегі сіңген артисі Қ.Мыржықбайдың, т.б. университетке шақырылуы, ескі жатақханаларды жөндеп, оқытушыларға пәтерге беруі, республикада алғашқы болып тіл дамыту бөлімін ашуы, жаңа оқу ғимаратының іргетасын қалап, оның болашақ бағытын ғылыми түрде дәлелдеуі, спорт, өнерді дамытуға өзінің бас болуы, т.б. жағымды жайттар ректор Амангелдінің ғұлама ғалым, ұйымдастыру қабілетінің жоғары деңгейін айшықтай түсті.

Сол кездегі Қырғызстан президенті А.Ақаевтың, Беларусь Республикасы президенті Александр Лукашенконың, Польша президенті Александр Квасьневскидің, Румыния президенті Эмиль Константинескудің, Литва президенті Валдас Адамкустің, Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Геннадий Селезневтің, Индонезияның, Ресейдің Қазақстандағы елшілерінің, Нобель сыйлығының лауреаттары, физиктер Жерардус Т. Хуфт және Клаус фон Клитцингтің, МГУ-дің ректоры В.А.Садовничидің, жазушы Мурад Аджидің, актер және режиссер Никита Михалковтың, т.б. университетте қонақта болуы – оқу орны тарихының айшықты беттері.

А.Құсайынов 2000 жылы ҚР Үкіметінің шешімімен Жоғары аттестациялық комитетті (ЖАК) басқарды. Бұл қызметте де адалдықты, туралықты, шыншылдықты қару еткен Әбекең ғылымның шынайлығына, тазалығына көп мән беріп, лауазымына, атақ дәрежесіне қарамай талай ғалымсымақтарды сын садағына алды. Ана тіліміздің мүшкіл халін ерте сезінген ол барлық ғылым салалары үшін қазақ тілін кандидаттық минимум емтиханы ретінде енгізді.  

ЖАК төрағасы кезінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқардым. Алла елшісі Мұхаммед (салла аллаһу әалайһи уа сәллам) хадисінде «жасаған жақсылығыңды өзің айтпа, өзгелер айтсын» деген қағидасына сүйене отырып, досымның шапағатын, көп жақсылықтарының бірін айта кетудің реті келіп тұрғандай. Университетіміздің талай жас ғалымдары кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, дипломдарын А.Құсайыновтың қолынан алды. Бұл ретте қанша дос болсақ та, ЖАК төрағасы өз принципінен тайған емес. Сыр елі ғалымдары үшін үлкен мүмкіндік университетімізде 8 мамандық бойынша аспирантура ашылып, лицензиясын өзі тапсырды.

Амангелді білікті басшы, елшіл азамат, адал дос болумен бірге, үлгілі отағасы, зайыбы Раушан Үсіпбайқызының адал жары еді.  Егіз қыздары Ғалия мен Бота (ГаБо) Ленинград сурет училищесін, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірген, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, аттары әлемге танымал. Олардың суреттерінен  шетелдерде 20-дан  аса көрме ұйымдастырылды. Қазір ГаБо-ның екі суреті Римнің Ватикан галереясында сақтаулы. Егіздер жыл сайын рак ауруына шалдыққан жас балаларды емдеуге арнап, сурет аукционын өткізуді дағдыға айналдырған. Амангелді мен Раушанның сүйікті қызы Мәдина Халықаралық мәселелер жөніндегі жоғары білімді маман.

Екеуі немерелерінің қызығына тоймай отырған ата мен әже болатын.  Мейірімді жүзіңмен бақидан қарап тұрған Амангелді досыма иманың жолдас болғай, толассыз келе беретін қуаныштарыңның қызығын Раушан жарың көруге бұйырсын деп тілейміз. Группалас достары жақсылыққа жайылған дастарханның куәгері бола берейік. Өзің жайлы әпсанамды мына бір өксікке толы өлеңмен тәмамдаймын:

– Жеті ондықтан аттап досым,

Сексенге де беттеп ең.

Достарынның  көңіл-қошын,

Еш ұмытып кетпеп ең.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<