Ұстаз ұлағаты

955

0

Аға буын – кейінгінің үлгісі, жас ұрпақ – олардың айнасы. Абай айтқан «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер…» деген тәмсілдің мәнін жаны ардақты жақсылар азайған сайын терең түсіне бастайсың. Олардың бай тәжірибесінен, кез келген мәселені шеше алатын көрегендігінен, мінезге бай болмысынан үйренетін, өмірлік ұстанымға айналдыратын өнеге мол еді. Сыр өңірінің ұстаздар қауымы Сәулеш Дүржанованы осындай қасиеттері үшін үлгі тұтатын. Оны танып-білген, тәлімін көрген азаматтар өзі тер төккен саласына шын жанашыр болғанын үнемі айтып отырады.

Жаңақорған ауданы Кеңес ауылындағы Төлепберген Әбдірашев атындағы №239 орта мектеп – аймақтағы тарихы терең білім ордасының бірі. Мектеп тарихына көз салсақ, 1931-1932 жылы Кеңес ауылында бастауыш мектеп ашылған. Сол кезеңнен ауыл жастарын білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздар Сырғаш Нысанбаева, Сәулеш Дүржанова, Әйбеш Басқожаев, Мауия Ашимова тәрбиелеген шәкірттер – бүгінде түрлі салаларда елдің өркендеуіне еңбек сіңірген қайраткерлер. Арасында ғылым, ұстаздық жолын таңдағандары да жетерлік. Сондықтан  бұл ағай-апайларды ұстаздардың ұстазы деп айтуға әбден болады.

Ұстаздардың ұстазы Сәулеш Дүржанова 1922 жылы Қаратаудың күнгей бетіндегі Бесарық өзенінің бойында дүниеге келген. Жастық шағы қиын кезеңдерде қоныстандыру, кәмпескелеу, жер аудару, ашаршылық және репрессия жылдарына тап келді. Қилы заманды елмен бірге еңсерген жігерлі жан еңбек жолын 1940 жылы Кеңес ауылындағы кітапхана меңгерушілігінен бастады. Келесі жылы Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне түсіп, 1943 жылы бітірді.

Сәулеш Дүржанова ұстаздық жолды Үкеш бастауыш мектебінен бастаған. Кейін Октябрь орта мектебі ашылып, соған ауысты. 1951-1954 жылдары Кеңес ауылынан бастауыш мектеп ашылып, соған меңгеруші болды. 1954 жылы алғаш рет Кеңес бастауыш мектебін 5 ұл 2 қыз бала бітіріп шықты. Ал, 1954-1955 оқу жылдары бастауыш мектеп жабылып, Сәулеш апай №54 Октябрь мектебіндегі бастауыш сыныптарға сабақ берді. 1972 жылы Кеңес бастауыш сыныбы қайта ашылды. Бір жыл өткен соң ауылда жаңа мектеп салынып, №239 Кеңес сегізжылдық мектебі деп аталды. 1979-1980 оқу жылында №239 Кеңес орта мектебі болып ірілендірілді.

Кішкентай бүлдіршіндердің азамат болып қалыптасуында ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз. Сәулеш Дүржанова 1985 жылға дейін осы мектепте жұмыс істеді. Одан білім алған түлектер кейін түрлі салаға түрен салып, өз қызметтерінде үлкен жетістіктерге жетті. Өмірден өз орындарын тауып, халыққа еңбек етуде.

Адам мәңгіге жасамайды мәңгі жасайтын артындағы қалдырған ізі екен. Сәулеш апай өмірінің 42 жылын шәкірттеріне арнады. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндердің ұстазы әрі анасы бола білді. Оның өз ісіне шын берілген, ұрпақ тәрбиесін бәрінен биік қойған жан екені туралы шәкірттерінің естеліктері өте көп. Мысалы, көп жылдар көлік саласында еңбек еткен Сәулеш апайдың шәкірті Өтеп Әлиакбаров қиын кезеңдердегі ұстаздар еңбегін нағыз ерлік деп еске алады.

– Ауылдан үш шақырымдай жерде орналасқан мектепке қатынап оқыдық. Азанда ерте бір жерге жиналамыз. Ол кезде қар қалың болатын. Алда апайлар мен ересек балалар жол салып отырып, мектепке барамыз. Сабақтан соң апайдың басшылығымен ауылға қайтамыз. Апайымыз алда, қаздың балапанындай артында біз жүреміз. Көктемде Бесарық өзені арнасына сыймай Сырға барып құяды. Ол кезеңде бізді атпен, трактормен, түйемен арғы бетке өткізеді. Түсте қайтарда және судан өткізеді. Басы-қасында апай-ағайлар болады, – дейді ол.

Білім беру саласында уақытпен үндесу талабынан шығу үшін жауапкершілік жүгін арқалай алатын адамдар айрықша бағаланады. Жалпы аға ұрпақ өкілдерінің қай-қайсысының да бойына сіңген осы бір қасиетті, яғни жауапкершілікке мығымдық пен уәдеге беріктікті барлығымыз үйренуге тырыстық. Байқап отырсақ, Сәулеш апай бүкіл ғұмырында туған топырағы, өскелең ұрпақ игілігін көретін көп іс тындырыпты. Атын шығарып, атақ алу үшін емес, орайы келмей тұрған жұмысқа бейжай қарай алмайтындықтан.

Сонда да болса, Кеңес үкіметі тарапынан да Сәулеш Дүржанованың еткен еңбегі бағаланып, 1977 жылы «Қазақстан оқу-ағарту үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бірнеше рет ауылдық кеңеске депутат болып сайланды. Көптеген медаль, мақтау грамотасының иегері атанды.

Адам баласы ұрпағымен бақытты. Адал қызмет етіп шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналған Сәулеш апай жұбайы Мұхтарбай Оразалиев екеуі дүниеге 7 бала әкеліп, қанаттандырды. Балаларын ұлттық салт-дәстүрді құрметтеп, адал еңбек етуге тәрбиеледі. Бұл күндері ер жеткен ұл-қыздары жоғары білімді мамандық иелері.

Үлкен қызы – Нағима зейнеткер, ұлы – Бекболат фельдшер, екінші ұлы – Жалғас ішкі істер саласында қызметте, Ерболаты – кәсіпкер, екі қызы үй шаруасымен айналысады. Ал, Ғазиза атты қызы Алматыдағы өнер гимназиясында домбыра сыныбына сабақ береді. Ананың ақ сүтімен дарыған қасиет болар, ұстаз жолын қуған ол бүгінгі күні білікті маман, ұлағатты ұстаз. Ұстаздық жолындағы тынымсыз еңбегі бағаланып, 1999 жылы «Білім озаты» төсбелгісімен, 2021 жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Шәкірттері республикалық, халықаралық фестивальдардың жеңімпаздары.

Ғұмырын ұстаздық ұлы мұрат жолына арнаған Сәулеш Дүржанова артына өшпес із қалдырды. Үлгілі отбасы бола білді. Ұлағат иесі 1985 жылы 63 жасында дүниеден өтті. Ал, биыл Сәулеш апайдың дүниеге келгеніне бір ғасыр болады. Бүгінде өзі қызмет еткен мектепте Сәулеш апайдың атында бастауыш сынып кабинеті бар. Төлепберген Әбдірашев атындағы №239 орта мектеп ұжымы ұстаздың жүріп өткен жолын насихаттау мақсатында 100 жылдық мерейтойын өз дәрежесінде атап өтудің іс-шара жоспарын жасап, дайындық жұмыстарына кірісіп кетті.

«Ұлтымыздың рухани тамырынан нәр алған, елі мен туған топырағын, ұлт құндылықтары мен ата-баба дәстүрін қадір тұтып, құрметтей алатын ұрпақ тәрбиелеу – біздің ең басты мақсатымыз» деген өсиет Сәулеш Дүржанованың шәкірттері мен ұрпақтарына бағдаршам секілді.

Әке мен ана жаққан шырақ, берген тәрбие балаға өмір бақи жарығын түсіріп тұрады. Сол тәлім ұрпақ бойына сіңсе, сабақтастықтың үзілмегені. Оған ұстаз берген өнегенің өрнегі қосылса, өмірдің сан тарау соқпақтарында адам адаспай жол табады. Сәулеш Дүржанова балаларына да, шәкірттеріне де бағыт сілтеген темірқазық тұлға болатын. Сондықтан оның есімі ұмытылмайды, ұлағаты өшпейді.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<