Сыр еліндегі Наурыз салтанаты

654

0

Табиғат-Ананың бусанып, тіршілік тірілетін жаңару айын сырбойылықтар бар сән-салтанатымен қарсы алды. Орталық алаңда ақшаңқан 18 киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін іс-шаралар, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, мереке нышаны саналатын наурызкөже әзірленіп, әсерлі ән мен жыр төгілді.

Күн мен түннің теңеліп, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, көктемнің шуақты күндерінен үміт күттіретін Ұлыстың ұлы күнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сырбойылықтарды әз Наурыз мейрамымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

– Күн менен түн теңеліп, тіршілік атаулы оянып, айнала мәре-сәре болатын Ұлыстың ұлы күні – жыл басы әз Наурыз баршаңызға құтты болсын!

Ақ боз үйлер тігіліп, дастарханымыз кеңінен жайылып, жиналған жұрт ән мен күйге бөленіп, абыр-сабыр болатын осы мерекені біраздан бері сағына күткеніміз де рас. Екі жылдан бері әлемді жаулаған пандемия салдарынан Наурыз мейрамын кең ауқымда атай алмадық. Міне, биыл індеттің беті қайтып, бәріміз емен-жарқын атап өтуге мүмкіндік алдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың наурыз айында Қазақстан халқына Жолдауын арнауы еліміздің жаңа тарихи кезеңі төл жаңа жылымыздан басталатынын көрсетті.

Наурыз әр отбасына құт болып енсін, ырыс-несібеміз мол болсын, шаңырақтарды шаттыққа кенелтіп, қуанышқа толтырсын деп тілеймін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деді аймақ басшысы.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова және Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева елмен бірге Наурыз тойын тойлап, Сыр халқына бақ-береке тіледі.

Өңір басшысы алаңда тігілген киіз үйлерге кіріп, қазақы дәстүрмен бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, жыр-термешілердің өнерін көріп, жұртшылықпен бірге әз наурызды қарсы алды.

Мерекеге жиналған тұрғындар тағамдар мен наурызкөжеден дәм татты. Өнерпаздар мерекені думанға бөлеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<