Халық күткен жаңғыру

690

0

Бәрімізге белгілі, Мемлекет басшысы Конституциямен бекітілген міндеттеріне сәйкес Қазақстан халқына елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты жыл сайын арнайы Жолдау  жолдайды. Жолдаудан халық жағымды жаңалықтар мен келелі өзгерістерді күтетіні анық.

Президенттің әкімшілік-аумақтық құрылыстарды басқаруға қатысты шешімдері, оның ішінде елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан сұранысқа ие болып отырған Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылуы, Қапшағай қаласының атауын халықтың жүрегінен орын алған қазақтың біртуар ұлы Д.Қонаевтың атымен  атауға  ұсыныс жасауы ұтымды деп есептеймін.

Сонымен қатар, еліміздің саяси жүйесінде де алдағы уақытта басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтылды. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды. Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға тыйым салынатыны ашық айтылды.

Құқық қорғау саласына қатысты тың ақпараттар бар. Елімізде алдағы уақытта Конституциялық сот құрылады. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігі беріледі. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенеміз. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса, азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі деп үміттенеміз. Осы Жолдауда айтылған тапсырмалар уақытылы орындалса, Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет болып қалыптасуында өзіндік үлес болары сөзсіз. 

Еркемай САНИЯЗОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы,

заң ғылымдарының магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<