«Еркетай» ойын алаңы ашылды

785

0

«Балалар жылы» аясында Сыр елінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар бастау алды. Наурыз мерекесі қарсаңында оқушылар үшін заманауи обсерватория мен киностудияның лентасы қиылды, аймақ бүлдіршіндеріне арнап «Еркетай» балалар алаңы ашылды.

Әз Наурыз мерекесінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына барып, «Балалар кітап әлемінде» атты танымдық іс-шараға қатысты.

Өңір басшысы бүлдіршін оқырмандардың көркем әдебиетті қызығып оқып, көңілді уақыт өткізу үшін жасалған көрме бұрыштары мен арнайы кабинеттерді көріп, зейіні ерек балалармен тілдесті.

Кітапхана қорындағы балалар әдебиеті жас ерекшелігіне қарай бірнеше залға қойылған. Мәселен, «Балдырғандар» залында мектепке дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған танымдық энциклопедиялар, трансформер кітаптар, әлем елдерінің ертегілер жинақтары бар. Мұнан бөлек, «Кітаппен бірге өсеміз», «Әжемнің ертегілері», «Ертегілер елінде» жобалары аясында алынған туындылар да беріледі. Аймақ басшысы «Балдырғандар» залында бүлдіршіндермен әңгімелесіп, олардың кітап оқуға деген ынтасы туралы ой өрбітіп, зерделі оқушыларға «Наурыз қалта» сыйлықтарын таратты.

«Балалар әдебиеті» залында 8-14 жастағы оқырмандарға мектеп бағдарламасын игеруге көмектесетін анықтамалық және оқу-әдістемелік әдебиеттер қарастырылған. Сондай-ақ, бөлім жанында «Алақай» қуыршақ театры мен «Ісмер» үйірмесі қызмет көрсетуде. Оқу бөлімінің жұмысымен танысқан облыс әкімі балалар кітаптарының топтамасын сыйға тартты.

Сондай-ақ, «Балалар жылы» аясында кітапханада әсем безендірілген «Еркетай» ойын алаңы ашылды. Мұнда балалар еркін демалып, кітап оқып, үстел футболын ойнап, ой сергітіп, түрлі пазлдарды құрастырып, ми тынықтыра алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<