Оңалту орталығындағы мереке

655

0

Ұлыстың ұлы күнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мүгедектерді оңалту орталығындағы қызмет алушыларды әз Наурыз мерекесімен құттықтап, ардагерлермен пікірлесті. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова, Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева және Сыр елінің зиялы қауымы қатысты.

Аймақ басшысы алдымен мерекелік көріністерді тамашалап, орталықта қызмет алушылардың қолынан шыққан өнімдер қойылған көрмені көрді. «Модельдік пәтер» жұмысымен танысып, орталық қызметінің тиімділігі туралы сөз қозғады.

– Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басып жатырмыз. Наурыз мейрамы аясында өздеріңізбен жолығып, жаңару күнін бірге өткізіп отырмыз. Бұл оңалту орталығы мүгедектігі бар азаматтарға түрлі деңгейде реабилитациялық көмек береді. Облыста бір жылдың өзінде әлеуметтік саладағы бағдарламаларға 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға 3,1 млрд теңге қаржы бағытталып отыр.

Жақында ғана облыстық мүгедектер қоғамының орталығы ашылды. Бұл мүгедектігі бар жандар үшін қоғамда кедергісіз орта қалыптастыруға, құқықтарының қорғалуына, бос уақыттарын тиімді пайдалануына мүмкіндік беретініне сенімім мол. 

Келіп жеткен Наурыз әр отбасына құт болып енсін, ырыс-несібеміз мол болсын, шаңырақтарды шаттыққа кенелтіп, қуанышқа толтырсын деп тілеймін! Ұлыстың ұлы күнінде игі тілектеріңіз қабыл болып, халқымыз аман, істеріңіз табысты, жеріміз тыныш, бірлігіміз берекелі болғай! – деді облыс әкімі.

Мерекелік шарада демеушілер есебінен салалық 5 мекемеге 500 мың теңгелік сертификат табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<