Жақсының өнегесі өшпейді

706

1

Сонау жас кезінен өмір есігін еңбекпен ашқан Қосым Өтешұлы ел жүрегінде көп ардақтаған қадірлі жан ретінде сақталып қалды. Кейіпкеріміз  1928 жылы Қазалы ауданы Қостам деген жерде дүниеге келіпті. Балалық, жастық шағы қиын-қыстау кезеңдерге тап болған ол ерте есейді. Алты жасынан масақ теріп, қозы бақты. Еңбекке осылай араласа жүріп Қожабақы ауылындағы жетіжылдық мектепті бітірді. Он үш жасынан ересектермен бірге қара жұмысқа жегілді, ал 16 жасында Бірлік ауылдық кеңесіне хатшы болып жұмысқа орналасты. Байыптап қарасақ, бұл қазіргі ауыл әкімінің орынбасары лауазымына ие болумен бірдей.

Жақсының өнегесі, көпке деген шарапаты елдің есінен шығушы ма еді? Әкесі Өтеш қожа Смайылұлы 18 жасынан емшілігімен елге танылып, әулиелігімен қалың жұртқа қызмет еткен діндар адам болыпты. Кеңес өкіметінің тұсында дінге теріс көзқарас орнығып, халқымызды мұсылмандықтан аластатуға тырысқан саясат жүргізілгені мәлім. Міне, осындай қиын кезде Өтеш қожа исламның асыл қазынасы мен қасиетті байлығын халқымыздың санасына жеткізу үшін қажымай-талмай қызмет еткен. Халықтың дінге деген ынта-ықыласын қайта жаңғыртуға күш жұмсаған ол кешегі зобалаң жылдары түрмеге де қамалған.

Қайраткер әке үлгісін алып, елжанды болып өскен Қосым Өтешұлы 1946 жылы Қызылорда гидротехникумын, ал 1954 жылы Алматы политехникалық институтын бітіріп, құрылыс инженері мамандығын алды. Содан 1988 жылы зейнетке шыққанға дейін 40 жыл су шаруашылығы, құрылыс салаларында еселі еңбек етіп, өңірді түлетуге атсалысты. Осы уақыт ішінде әр жылдары Арал қаласы су бөлімінің басшысы, «Кызылордаводстрой» тресінде бас инженер, Қазалы ауданында «Казглавводпастбища» мекемесінің ауданаралық шаруашылық есептегі құрылыс бөліміне, №8 жол-құрылыс басқармасына басшылық етті.

Ағамыз 1988 жылы Қазалы аудандық ауруханасы бас дәрігерінің әкімшілік-шаруашылық бөлімі басшысы қызметінен зейнетке шықты. Ал еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылдан соң заман талабына сай құрылыс кооперативін құрып, басшылық еткен. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сержанқожа Берденұлы өзінің «Халық құрметтеген Қосым қожа» атты мақаласында Қосым Өтешұлын еңбегімен ел есінде қалған жан ретінде еске алады.

– Қосекең менен бір мүшел үлкен болатын әрі туысқанбыз. Ағамен сыйластығымыз мол болды. Қосекеңнің ауданда салдырған сапалы тас жолдары, Қызылқұм мен Қарақұмда малшыларға арнап қаздырған құдықтары қазірге дейін халықтың кәдесіне жарап келеді. Қай жерде еңбек етсе де өзінің іскерлігімен, біліктілігімен, көптің ойынан шыға білетіндігімен халықтан алғыс алып, жақсы атаққа ие болды. Еңбегін билік те бағалап, облыстың және ауданның Құрмет грамоталарымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды, – дейді ол.

Сонымен қатар, Қосым Өтешұлы Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Қазақ КССР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, республикалық кәсіподақ комитеті президиумының, облыстық кеңес кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бірнеше мәрте Қазалы аудандық, Қазалы қалалық және Жаңақазалы поселкелік кеңестерінің депутаты болып сайланды.

Еңбегімен туған халқының қадір-құрметіне бөленген жанның қайраткерлік болмысын аша түсетін тағы бір дерек бар. 1972 жылы «Казглавводпастбища» мекемесінің басшысы қызметінде жүріп, ол дін жолын ұстанғаны үшін қудаланған әкесі Өтеш қамауда отырған, бұрынғы патшалық Ресей кезінде соғылған түрме ғимаратын бұзып, орнына ондаған отбасына арнап екі қабатты тұрғын үй салдырған. Сол кезден-ақ Қосым Өтешұлы Қарақұм, Қызылқұм арасында отырған малшылардың жерін суландыру, құрғақшылықтан құтқару бағытында ауқымды бастамалар көтерген.

– Құм арасынан бірнеше мың гектар жерді қоршап, ішін бөліктерге бөліп, жаңбырлатып суаратын боламыз дейтін. Қазылған құдықтардан су алып, әрбір 10-15 күн сайын малды бөліктерге ауыстырып жайып, құм арасындағы құрғақшылықты жеңеміз деп жүретін. Өкінішке қарай, 1990 жылдары сол мекеме жабылып, бүгінде орнына үйлер салынып, көшелер түсті, – деп еске алады ауданның еңбек ардагерлері.

Ал, еңбек ардагері Задаш Қалмұратов ол кісінің суландыру жүйесіндегі көп жылдық қызметіне жоғары баға беріп, еңбекте озық әдісімен, жауапкершілігімен ел құрметіне бөленген жан ретінде еске алады.

– Қосым ағаны 1970 жылдардан бері білемін. Жиырма жасқа жетпей-ақ халық арасында жақсы деген атаққа ие болды. 1975 жылдан бастап жол салу бағытында да қызметке араласты. Салада басшылық етіп, аудан аумағында 135 шақырым жолдың салынуына атсалысты, – дейді З.Қалмұратов.

Көзкөргендер естелігіне тағы да көз жүгіртсек, Қазалы ауданының құрметті ардагері Әли Кәдірқұлов Қосым Өтешұлының зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқанын айтады.

– Қосым ағамыз үш жүзге пір болған Мүсірәлі қожа Сопы әзиздің кесенесін салуға атсалысты. Әулиенің атындағы қордың алғашқы президенті болды. Сонымен қатар, Жанқожа батыр кесенесін тұрғызуға араласып, атсалысты. Жанқожа баба ескерткішін ескі Қазалы қаласы мен Жаңақазалы поселкесін жалғайтын ұлы жолдың бойына, қазіргі таңда бабамыздың ескерткіш-кесенесі тұрған жерге салу туралы құнды пікір айтқан азаматтардың бірі, – дейді Әли Кәдірқұлов.

Қосым Өтешұлы үш ұл, төрт қыз өсіріп, тәрбиелеген. Үлгілі отбасынан өрбіген балалары бүгінде Нұр-Сұлтан, Қызылорда қалалары мен Қазалы ауданында түрлі салаларда еңбек етіп жүр.

Қосым Өтешұлы 2001 жылдың соңында 75 жасында дүниеден озды. Өңір тарихында өзіндік орны бар тұлғалы азаматтың өлкемізді түлетуге қосқан үлесі бар екенін кейінгі ұрпақ біле бермейтіндіктен, осы шағын мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік. Ол кісі жайлы ой толғағанда, оның ұзақ жылдар бойы жүріп өткен өнегелі өмірінен келешек жас ұрпақ үлгі алып, кәдесіне жарататынына нық сенімдеміз.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<