Бітпейтін БЖБ, ТЖБ…

4681

1

Білім және ғылым министрі болған Е.Сағадиев жаңартылған оқу бағдарламасын енгізді. Бағдарлама негізінде оқушыларды критериалдық бағалау өзгерді. Бұл тәсіл, қарапайым тілмен айтқанда оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынастың дамуына, оқушы тарапынан кері байланыстың орнауына, баланың сыни ойлау қабілетінің дамуына пайдалы болады делінді. Нәтижесінде оқушының сауаттылығын арттыру көзделген-тұғын. Алайда одан бері алты жыл өтті. Экс-министр енгізген жаңалықтың оқушы мен ұстаз үшін қандай пайдасы болды?

Бізде министрлер ауысқан сайын әрқайсысы өзінше бір реформа жасап, өз саласына жаңалық енгізуге ұмтылады. Жаңалық енгізуі заңдылық. Бірақ, оның түпкі нәтижесі, біздің ұлтымыздың менталитетіне сай ма? Ол жағы ойландырмайтын секілді. Мәселен, соңғы 5-6 жылдың көлемінде білім беру жүйесіне енген БЖБ, ТЖБ-ны алайық. Оқырманға түсінікті болу үшін «БЖБ» – оқушыларды бөлім бойынша жиынтық бағалау, «ТЖБ» дегеніміз – тоқсандық жиынтық бағалау екенін айта кетейік.

Жасыратыны жоқ, қазіргі күні оқушылар мен ұстаздарға оқу тоқсаны аяқталуға жақындағанда тықыр таянады. Себебі, бұл – оқушының алған білімінің сараланатын кезеңі. БЖБ мен ТЖБ басталды дегенше бала мен мұғалімнен маза қашатын жағдайға жетті. Бұлай айтуымыздың себебі де жоқ емес. Мұғалім білім сапасының көрсеткіші мен сапасы үшін жауап берсе, оқушылар тарау, тоқсан бойынша алған білімін дәлелдеу керек. Ал бұл қалай жүзеге асады? Саралап көрейікші.

Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген қала мектебінде жұмыс жасайтын тәжірибелі ұстаздың айтуынша БЖБ, ТЖБ-ның еліміздің білім беру бағдарламасына керегі шамалы.

– Біздің балалар өз бетінше оқуға дағдыланбайды. Олардың менталитеті басқа, ата-анасына арқа сүйеп кеткен. Ғаламторда БЖБ, ТЖБ-ның жауаптары дайын тұр, соны көшіріп бере салады. Мен сияқты талап қойғыш мұғалімдер ондай көшіріп алған жауаптарды қабылдамайтын шығар. Бірақ сапа бәрібір 35 проценттен аспайды. Ал ол бізге керек емес. Сондықтан өтірік баға жасауымызға тура келеді. Амал жоқ. Өйткені қанша түсіндіреміз, БЖБ, ТЖБ сұрақтарын талдаймыз, жауабын айтамыз, соның өзінде жаза алмайды. Мысалы, 25 бала ішінде 5-6 оқушы ғана жазады. Қалғаны «нөл» деген бағамен шығады. БЖБ, ТЖБ тарау бойынша емес, тоқсан соңында бір алынса тиімді. Қорытынды баға күнделікті бағамен шықса, жақсы болар еді. Бұл жүйе бойынша оқушының білімі балмен есептеледі. Күнделікті қалыптастырушы 25 процент ғана әсер етеді. Бұрынғыдай диктант, бақылау жұмысы, мазмұндама жаздырудың баланың білімін дамытуға, сауаттылығын арттыруға көмегі көп. Күнделікті сабақ айтқан оқушы тоқсандыққа 100% әсер ету керек. Онсыз сапа болмайды. Оқушылар тек ҰБТ кезінде жанталасып оқи бастайды. Ата-аналар репетитор жалдап, екі есе шығынға батады. Ал кезінде ата-анаға баласының біліміне қадағалау жасауды айтып ескертсең құлақ аспайды да, ҰБТ-да төмен балл алса, бізді кінәлайды. Ал 11-сыныпта барлық тақырып қайталанбайды, тек оқу бағдарламасымен жүреді. ҰБТ кезінде оқушының төмен балл алуы да сондықтан.

Бір ескерер нәрсе, барлық мектеп Назарбаев зияткерлік мектебімен тең емес. Олардың бағдарламасын бізге әкеліп кіріктірудің қажеті шамалы. Өйткені, жай мектептерде бір сыныпта 25-30 бала болса, зияткерлік мектептерде 12 баладан аспайды. Бізге берілген сыныпта тақырып көп, бірақ сағат қысқарған. Бір 45 минутта 4 тақырып, кемі 2 тақырып өтеміз. Қазір балалардың 85 процентінің сауаты төмен. Жай мектептердің беткеұстар белсенді оқушылары 6-сыныптан соң дарынды балаларға арналған білім ордаларына, Назарбаев зияткерлік мектептеріне ауысып кетеді. Ол да оқу процентінің көрсеткішіне әсер етеді. Шынын айтсақ, балалар қазір оқулық ашпайды. Оқу жылының басында қалай жап-жаңа күйінде алды, солай қайта тапсыратындар да жетерлік. Егер БЖБ, ТЖБ болсын десек, оны үлгермейтін сыныптан басқасына өткізбеу керек. Проценті жетпесе, оқушыға шара қолдану мүмкіндігін мұғалімге беру керек. Мұғалім «2» деген баға қойса, дұрыс оқытпайсың деп тексереді. Содан мұғалім құлағы тыныш болсын деп бағаны қолдан жасайды.

Тағы бір пікір бар. Мұғалім сабағын қызықтырып өткізбейді дейді. Біз 10-11 сыныптың баласын қызықтыру үшін ойын ойнатпаймыз ғой. Бағдарлама қиын, игеруі түсініксіз болғандықтан оқушы қарамайды. Барлық баланың тақырыпты игеруі бірдей емес. Қабілет-қарымына қарай оқитыны оқиды. Бірақ, барлық бала ғалым болып шықпайды, – дейді ұстаз.

Иә, расында мұғалім біраз нәрсенің басын ашып берді. Өзімнің де үйде үш оқушы балам бар. Арасында түсінбеген сұрақтарын: «Сіз журналиссіз ғой. Мына сұраққа қалай жауап беруге болады?» деп жоғары сыныпта оқитын қызым көмек сұрайды. Қазақ тілінінен берілген сұрақтарына көз салдым. 10-сыныптың әдебиет сабағы бойынша берілген мына сұраққа жауап беруге кәдімгідей қиналдым десем, өтірік емес. «М.Шахановтың «Нарынқұм зауалы»  шығармасында келтірілген әке үкіміне негіздей отырып, әдеби шығарманың эстетикалық құндылығы туралы шағын сыни шолу жасаңыз». Бұл тапсырманы енгізер кезде әйгілі ақынның шығармасына оқушы сын жаза алады деп ойлады ма екен? Мына сауалға назар салайық: «Әлемдік жұмыссыздық мәселесін жою мүмкін емес. Сіз осы тұжырыммен келісесіз бе? Сіздің пікіріңізді растайтын аргументтер мен дәлелдер келтіре отырып, «келісу, келіспеу» эссесін жазыңыз. Жазба жұмысында көркемдегіш құралдар мен есімдіктерді орынды қолданыңыз. 2) «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында!» деген тақырыпта отандастарыңызға арнап үндеу хат жазыңыз. Жазба жұмысында көркемдегіш құралдар мен есімдіктерді орынды қолданыңыз. 3) Театрдың көрермендері кино өнерімен салыстырғанда неге аз? Ойыңызды дискуссивті эссе түрінде беріңіз. Жазба жұмысында көркемдегіш құралдар мен есімдіктерді орынды қолданыңыз.

Мұндай тақырыпта мақала жазу үшін журналистің өзі ғаламтор шарлап, жан-жақты ақпарат көздерінен мәліметтер тауып, нақты дәлелдер келтіру үшін ізденеді. Ал балаға берілген 45 минутта осындай сұрақтың бір емес, бірнешеуіне жауап жазу үшін ол бала расында ғалым, әдеби шолушы я болмаса,  әдеби сыншы болуы керек шығар? Мұнан өзге де тапсырмаларды көріп, жағамызды ұстадық. Бұрынғы біздің дәуіріміздегі оқу бағдарламасына теңесетіні жоқ екен. Әр тоқсан аяқталарда мазмұндама жазып, бақылау жұмысын орындап, сауаттылықты арттыратын диктант жазу әлдеқайда жеңіл болып көрінді маған. Ал қазіргі оқушылар өз ойын қағазға сауатты түсірмек түгілі, бір мәтінді қаншасы қатесіз жаза алар екен деген ой келді. БЖБ, ТЖБ-дан бөлек қаладағы  кейбір білім ордалары мектепішілік бақылау, мектепішілік диктант жаздырады. Бұл – әрине, құптарлық іс. Аталған тәжірибені өзге де мектептер ендірсе, тиімді болар еді.

Әлеуметтік желіде «Қазақстан ұстаздары» деген топ бар. Онда еліміздің 200 мыңға жуық ұстазы тіркелген.  Топта «білім сапасын тексеретін әдістің қай түрін қалар едіңіз?» деген сауалға бұрынғы диктант пен шығарма, бақылау жұмысын қолдағандар саны 3 мыңға жуық болса, жаңартылған БЖБ, ТЖБ әдісін 100-ге жетпейтін адам құп көріпті. Сауалнамаға қатысқандар қазіргі оқушылардың сөздік қорының аз екенін, БЖБ, ТЖБ оқушыны сауатсыздыққа итермелеп жатқанын, балаларды ғаламторға одан сайын тәуелді еткенін айтқан. «Тоқсан соңында қазақ тілі пәні ұстаздары күндіз-түні жұмыс істеуіне тура келеді. Қағазға қосымша жүк. Түрлі бағдарламаны шығарып жатқандар ауылдық жерге келіп, 10 күн сабақ өтсін» деп пікір білдірсе, енді  бірі: «БЖБ, ТЖБ мүлдем керегі жоқ. Өтірік нәрсе, өзімізді де, оқушыны да алдамайық. Баланың болашағына балта шаппайық. Бақылау жұмысы, диктант, шығарма, мазмұндама – міне, оқушының нақты білімін көрсететін жұмыстар. Бұрынғыдай қағаз күнделікке баға қою керек, ата-ананың бақылауында болады. Балмен бағалап, оны есептеп, талдау жасап, мұғалімнің алтын уақытын ұрлап отырсыздар» деген пікірлер де бар.

Жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқып жатқан сыныптар БЖБ, ТЖБ-дан бөлек, тағы да көптеген тапсырмаларды, тест сұрақтарын орындайды. Дәл қазіргі күні барлық мектептердің 9-сынып оқушылары ұзақ мерзімді оқу тоқсанынан кейінгі берілетін каникул уақытында шамадан тыс жүктемемен мектепке барып, күніне 8 сабақтан тест сұрақтарына дайындалуда. Бұл да бала мен ұстаз үшін артық жұмыс. Ең ұзақ оқу тоқсанынан кейін екі жаққа да тіпті, ата-анаға да салмақ болып жатқанын білім  саласының басшылығы білер ме екен?

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<