Түйткілді мәселе шешімін тапты

1012

0

Кеше өңірге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен бірге Жаңақорған ауданында болып, бірқатар елді мекенді аралап, шаруалармен жүздесті. Биылғы су тапшылығы мен егін жайы кеңінен сөз болып, қиыншылықты бірлесе көтеру жайлы ақылдасты.

Алдымен ауданға қарасты Түгіскен ауылында болған министр мен аймақ басшысы тұрғындармен кездесті. Мұндағы басты мәселе жерге қатысты болып отыр. Түгіскендіктер бұған дейін республика мен облыс бойынша салаға қатысты жауапты мамандармен де кездескен еді. Ауылдағы мәдениет үйінде болған жиында «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығына тиесілі 2048 гектар жердің түйінді мәселесі шешілгені хабарланды.

– Әкімдік тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне қаншама рет ұсыныс жасап, тиімді жолын қарастыруды сұрадық. Осы мәселені бірнеше рет көтеріп, министрді арнайы шақыртып отырмыз. Қазір жерді мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім қабылданды. Барлығын заң аясында жасауымыз тиіс,  – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ ауылдағы кездесуде министр шаруаларға шығын көлемін өтеу керектігін қаперге салды.

– Елдегі ең басты мәселе – жер дауы екенін білеміз. Серіктестік жері бұдан былай аудандық жер қоры есебіне өтетін болады. Дұрысы, жергілікті атқарушы орган арқылы рәсімделеді. Тағы бір ескеретін нәрсе, серіктестікте 700 гектар ескі және жаңа жоңышқа, 228 гектар күздік бидай егілген. Осы шығынды өтеу керек. Бұл мәселеге орай комиссия құрылып, оның құрамына осы елдің азаматтары да кіретін болады. Біз айтып отырған комиссия жұмысын ашық жүргізіп, атқарылған істермен барлық азаматтарды ақпараттандырып отырамыз, – деді министр.

Жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды еркін қойып, тиісті жауап алды.

Сапар Қыркеңсе ауылдық округіне қарасты «Бекарыс-С» шаруа қожалығының  егіс алқабында жалғасты. Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Оңал Ержанов ауыл шаруашылығы саласындағы су тапшылығын еңсеру мен әртараптандыру бойынша  атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

– Ауданда ауыл шаруашылығымен айналысатын 864 шаруашылық болса, оның ішінде егін егетін 509, мал өсіретін 355 шаруа қожалығы тіркелген. Ал биыл егілетін егін көлеміне келсек, барлығы 37451 гектар құрайды. Негізгі дақыл – күрішті 7 мың гектар жерге егу жоспарланып отыр. Малазықтық дақылдар 19703, бақша, көкөніс, картоп 3398 гектар жерге егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына техникалар дайын. Биыл төрт жаңа «Беларусь» тракторы алынып, аудандағы  ауыл шаруашылығы техникалары 43,3 процентке жаңарып отыр. Су тапшылығына қатысты ақпан айында жұмысшы топ құрылып, тұрғындарға әртараптандыру бойынша дақылдар егуге түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде «Бекарыс-С» шаруа қожалығының  төрағасы Серік Мырзабаев биылғы егін егу барысына дайындық жайлы баяндап берді.

– Басты кәсібіміз – мал және егін шаруашылығы. Он жыл бұрын құрылған қожалықтың 170 гектар жері егістікке арналған. 90 гектар жерге күріштің «Лидер» сортын  орналастыру жоспары бар, қосымша бидай 50, ескі жоңышқа 30 гектар жерге егілмек. Біздегі барлық ауыл шаруашылығы техникалары жаңартылған. Егістікке қажет тыңайтқыш та жеткілікті. Жергілікті жерден 15 адамды тұрақты жұмысқа алдық, – дейді қожалық басшысы.

Серік Мырзабаевтың айтуынша, қожалықтағы төрт түлік малдың барлығы да асылтұқымды. 612 бас жылқы, 720 бас сиыр, 137 бас түйе бар. Бұған қоса 4 мыңға жуық қой өсіріп отыр. Кәсіпкер алдағы уақытта мал бордақылау жайлы, сүт бағытында да өнім шығаруды қолға алмақ ниетте екенін айтты.

Түстен кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен бірге көктемгі егіс науқаны мен мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған жиын өткізді. Отырысқа «Бәйтерек» Ұлттық Басқару Холдингі» АҚ басқарушы директоры Айгүл Джуанышбаева, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асылхан Джувашев және аудандағы шаруашылық иелері қатысып, көкейде жүрген сауалдары бойынша өзара пікірлесті.

Жиында аймақ басшысы биылғы су деңгейінің тапшылығына байланысты суды аз қажет ететін өнім түріне ден қою, Үкімет бекіткен су лимитіне қарай әрекет ету, каналдарды тазалау, насос қондырғыларын орнату мәселесінде қолға алынған жұмыстарға тоқталды.

– Биыл да су мәселесі өткен жылғыдай өзекті болғалы тұр. Бұл вегетациялық кезеңде су тапшылығының орын алуына және жайылымдықтар мен шабындықтарды суландыруға әсер етеді. Осыған байланысты Үкімет резервінен бөлінген қаржыға барлығы 21 канал тазалау, 52 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, 133 дана насос қондырғысын алу жоспарымызда бар. Біз осыған дейін барлық аудандағы шаруалармен кездесіп, лимит аясында егілетін өнім көлемін нақтылау ісінде ортақ шешімге келу үшін бас қосып, талқылап келеміз. Сіздерде көкөніс егудің шығымы әлдеқайда жоғары болғандықтан, шаруашылықтардың әрқайсысы өнім көлемін сақтау ісінде тиімділік жағына мән беруі қажет. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ бірлесіп, қажетті картоп, сәбіз, пияз және басқа да өнімдерді егіп, тұрақтандыру қорына ұсынып, сырттан өнім алуға деген тәуелділікті азайтуға жұмыс істейік, – деді аймақ басшысы.

Отырыста бірқатар басқарма басшылары вегетация кезеңінде іске асырылуға тиіс жұмыстардың жоспарын баяндаса, аудан әкімі Руслан Рүстемов егіске дайындық барысы мен «Келінтөбе» магистральды каналының бас сағасына су тоспасын салу бойынша ұсыныс айтты.

Жиында шаруа қожалығының иелері субсидия алу, жем-шөп тасымалдау, су қорына қатысты өзекті сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Басқосуда көтерілген әрбір ұсынысты тыңдаған Ербол Қарашөкеев шаруаларды алаңдатқан мәселелерге қатысты нақты жауап берді.

– Биыл Президент тапсырмасы негізінде көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайды. Біріншіден, «Кең дала» бағдарламасы арқылы жыл сайын 70 млрд теңге қаражат бөлінсе, биыл соны екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік алғалы тұрмыз. Қазір республикалық бюджетті нақтылау процесінде тұр. Екіншіден, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы форвардтық сатып алу үшін жыл сайын 40 млрд теңге бөлініп келді. Оның көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайтып жатырмыз. Осы жылғы күрделі кезеңді ескере келе, субсидия алудың жаңа ережесін келесі жылдың 1 қаңтарына қалдырып, ескі жүйе бойынша іске асырамыз. Биылға республика көлемінде субсидиялауға 309 млрд теңге қаржы қарастырылған еді. Президент тапсырмасы аясында қаржы көлемін 388 млрд теңгеге ұлғайту туралы ұсыныс бердік. Бұл былтырдан қалған қарызды өтеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақты ұстауға септігін тигізеді. Сонымен бірге, субсидиялаудың бірыңғай ақпаратын енгізетін жаңа жүйені дайындадық. Бұл бұрынғы қолданыстағы жүйеге қарағанда фермерлерден артық құжаттарды әрі қаржыны талап етпейді. Барлығы автоматты түрде іске асырылады, – деді министр.

Делегация сапары Шиелі ауданында аяқталды. Министр бастаған топ азық-түлік бағытындағы кәсіпорынның бірі «Мөлдір және К» серіктестігіне қарасты «Шиелі-Құс» тауық фермасында болды. Ферма 2016 жылы құрылған. Жалпы құны 165 млн теңге. Мұнда 20 мың тауық бағылады. Жылдық қуаты 7 жарым млн жұмыртқа өндіруге жетеді. Тәулігіне дайын болған өнім арнайы қорапқа салынып, тұтынушыларға дер кезінде өткізілуде. Кәсіпкер Насырбек Мырзабековтің айтуынша, алдағы уақытта құс санын 30 мыңға жеткізіп, халықты етпен қамту жоспарлануда. Қосымша 110 гектар жерге құс азығын (60 гектар жүгері, 50 гектар күнбағыс) егу де қарастырылған. Фермада 8 адам тұрақты жұмыс істейді.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<