Мұздың ығысуынан зиян келді

521

0

Арал ауданындағы «Қамыстыбас» көлінде екпінді желдің салдарынан су деңгейі көтеріліп, жағасындағы демалыс аймағында орналасқан ғимараттарға зиян келтірді.

Өткен сейсенбі сағат 17.35-те облыстық төтенше жағдайлар департаменті дағдарыс жағдайында басқару басқармасына «Қамыстыбас» көліндегі су деңгейінің көтерілгені жөнінде ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінен 2, жергілікті атқарушы органнан 15 қызметкер барды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров екпінді желдің салдарынан көл жағасына жиналған мұз ығысып, көшкенін айтты.

– Нәтижесінде сол аумақтағы «Аққұмшық» жазғы демалыс аймағының жағалауындағы жазғы алаңдар мен уақытша құрылыстар ішінара бұзылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, елді мекендерді су басу қаупі туындамаған, – деді Б.Ізбасаров.

Аталған демалыс аймағында 23 кәсіпкердің уақытша құрылыстары бар. Әзірге 6 демалыс үйі зардап шеккені анықталған, зақымдалған құрылыстар саны нақтылануда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<