Судьялар мен сот қызметкерлері арасында спартакиада өтті

928

0

      

Облыс соттарының судьялары мен қызметкерлері бірлесе отырып ұлық мерекені жоғары дәрежеде атап өтті.

Іс-шараға сот ардагерлері мен судьялар, соттар әкімшісінің басшылығы мен персоналды басқару, қаржы, талдау және жоспарлау, ақпараттық қамтамасыз ету бөлімдерінің қызметкерлері, Жаңақорған және Сырдария аудандық соттарының қызметкерлері қатысты. Айта кету керек, бірінен-бірі өткен ұлттық киімдер арасында өткен сайыста персоналды басқару бөлімінің бас маманы Б.Аубакирова «Ең үздік киім үлгісі» номинациясын жеңіп алды.

          Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі мен Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырған шара облыс соттарының судьялары мен қызметкерлері арасындағы дәстүрлі спартакиадаға ұласты. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған спорт бәсекесінің бағдарламасына шағын футбол, арқан тарту, гір көтеру, қол күресінен бөлек тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, асық ату, қазақша күрес сынды ұлттық ойындар да енді.

         Шараны Соттар әкімшісінің басшы С.Сүлеймен мен Судьялар Одағының облыстық филалының төрағасы М.Еркінбеков ашып, барлық жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Мұнан соң ардагер судьялар А.Әнуарбеков пен З.Нұрсейітов жиналаған жұртты наурыз мерекесімен құттықтап, ақ тілектерін жаудырды.

        Сонымен талай дауды әділдігімен шешкен би-шешендеріміздің аманат етіп қалдырған ізгі жолын жалғаушы судьялардан құралған «Аманат», Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қалалық сотынан құралған білекті әрі жүректі «Барыс», Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық соттарының сайыпқырандарын топтастырған «Сұңқар», Қызылорда қалалық және Қызылорда қаласының №2 сотының қайсар жігіттері мен батыл қыздарынан құралған «Қанағат», мамандандырылған соттардың қарсыластан қаймықпайтын «Найзағай» және Қызылорда облыстық сотынан құралған, алдыңғы спартакиаданың жеңімпаздары «Айбын» командалары спорттың сегіз түрінен өзара мықтыны анықтады.

        Алғаш болып ләңгі тебу ойынының жеңмпаздары анықталды. Қой терісіне бақыр тиын байланған ләңгіні жерге түсірмей тебу арқылы жеңімпаздар анықталатын Орта Азия халықтарына тән ойында ептілік пен жылдамдық ұштасқан. Балалық шақтың керемет ойынды естеріне түсіріп, сол кездегі бабына қайта түскендей әсер қалдырған қыз-жігіттерге пах шіркін дестік. Көз ілестірмес жылдамдықпен қарсыластарынан басым ұпай жинаған «Қанағаттықтар» Қ.Амангелді, Ж.Жаналиева, Е.Жетпісбайұлы, Қ.Жорабаевалар бірінші, екінші орындарды бөлісті. Жеңімпаздардан сәл артта қалған Т.Алданов (Айбын) пен А.Абдраимова (Сұңқар) үшінші орыннан көрінді.

          Сайыстың келесі түрі – мергендікті қажет ететінн асық ату ойыны. Жалпы бала күннен асық атып шыныққан болар, қазақ тарихында құралайды көзге атқан мергендер жетерлік. Ірі сақалалармен ұсақ манайларды шеңберден тысқары шығарытын ойында Ә.Жылгелді (Қанағат) үшінші, Д.Тоғымов (Барыс) екінші, С.Сейіталиев (Барыс) бірінші орын иеленді.

Келесі болып ұлттық ойынымыздың бірі тоғызқұмалақтан жеңімпаздар анықталды. Аңызға сенсек қос шопан отау мен қазандық қазып,  оған қой құмалағын есеппен толтыру арқылы ойлап тапқан ойын түрі. Логика мен тактика, құйтұрқы әрекет пен қарсы барлау сынды жүйеден тұратын дала математиктерінің ойынында Айбындық арулар А.Ысқақова мен Л.Әбдуәли алғашқы орындарды бөліссе, А.Жақыпбек (Барыс) үшінші орынға тұрақтады. Жеңіс тұғырынан көрінбесе де Ә.Төлеген мен А.Оразбаевалар ерекше шеберлікпен ойнады.

          Одан әрі спорттық бағдарламалар алыптардың бәсекесіне ұласты. Алдымен «күш атасын танымас» деген алып білекті қол күрес шеберлерінің айқасымен басталды. Арпалысқан жауын ат үстінде қағып түсіретін батырлардың ұрпағы екеніміз сөзсіз. Сондықтан спорттың бұл түрі біздің қанымызда бар. Сонымен білектілер сайынсында ерлер арасында Барыстық С.Жүзбай нағыз барыстың мінезін көрсетіп, бас бәйгені иеленсе, Д.Смайылов (Сұңқар) екінші орын алды. Ал, Барыстың тағы бір өрені Т.Әмірге үшінші орын бұйырды. Сайыстың осы түрінен Д.Төлеубайдың жеңіске деген ұмтылысын ерекше атап өтуге болады.

          Сайыстың осы түрінен бұрымдылар арасында да ұйымдастырылып, тартысты кездесулерде Айбындық А.Жұмаханға ешкім тең келмей, жеңісті қанжығасына байлады, Кейінгі жүлделі орындар Қанағаттың қос аруы К.Мұхамбетқали мен Ж.Жаналиеваға бұйырды.

Ерік-жігерін қайраған сайыпқырандар бәсекені арқан тарту сайысымен қыздыра түсті. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын көрермендер қиқулата отырып, командаларға қолдау көрсетті. Көптің демеуімен білек пен белдің мықтылығымен қоса, нағызы командалық ұйымшылдықты талап ететтін сайыста әр ұжым бір бірінен асып түсіп жатты. Не бел, не белбеу кететін сайыста жеңімпазды анықтау оңайға түспеді. Десекте қарсыластарынан сәл ғана басым түскен «Барыс» мықтылары бірінші орынды жұлып алса, «Айбын» мен «Сұңқар» мықтылары екінші және үшінші орындарда бөлісті. Сайыстың бұл түрінде Д.Төлеубадың, Г.Сұлтанованың жеңіске деген ұмтылыстары көпшіліктің көңілінен шықты.

           Алыптардың айқасы мұнымен тоқтамай, гір көтеру сайысына ұласты. Бел мен білектің күші сыналатын толағайларды тоғыстыратын, спорт сүйер қауымның делебесін қоздыратын айтулы додада сайдың тасындай іріктелген алып күш иелері кезекпен өнер көрсетіп, алғашқысынан кейінгісі басым түсіп жатты. Қос қолымен он алтылықтың екеуін қатар көтерген батырлар бәсекесінде Барыстық С.Жүзбай шын мәніндегі алып күштің иесі екендігін көрсетіп, бірінші орын алды. Көпшілік алдында намысты қолдан бергісі келмеген А.Қыданова (Айбын) жеңімпаздан сәл ғана артта қалып, екінші орынға тұрақтаса, тағы бір Барыстық алып А.Тыныштықбаев үшінші орын алды.

           Жүлдегерлер қатарынан көрінбесе де ерік-жігерін қамшылап, соңына дейін айқасқан А.Сералиев арнайы дипломмен марапатталды.

           Сайыстың келесі түрі нағыз алыптың, нағыз қазақтың өнері қазақша күрес болды. Кешегі өткен Балуан Шолақ пен Қажымұқанның апайтөс ұрпақтары бозкілемде барын салып бақты. Қазақта күрес шеберлерінің басты арманы«Түйе палуан» атану. Осы атаққа жетуде палуандарымыздың көзінен жеңіске деген ұмтылыс байқалып тұрды. Бағы мен бабы қатар шапқан Қанағаттық Н.Қалыбек қарсыластарын алып та, шалып та жығып, «Түйе палуан атанды». Айбын командасының бас палуаны Е.Әбдімұратов финалда сүрінді. Ал Сұңқардың үкілі үміті О.Дүйсенов үшінші орынды иеленді.

Батырлар айқасында Н.Ембергеновтың, Ә.Жылкелдінің ерекше өнері көпшілікті тәнті етті.

         Спартакиада жасыл алаңда еркін ойқастайтын аяқдоп шеберлерінің тартысты ойындарымен аяқталды. Әлем жұртшылығының сүйікті ойынына айналған футбол бәсекесінің көркін қыздырған командалар сайыстың басты бәйгесін қолдан оңай бергісі келмеді. Алайда спортта бір ғана жеңімпаз болатыны анық. Биыл да финалда текетірескен қос фаворит «Айбын» мен «Қанағат» көрерменге естен кетпес ойын сыйлады.Ақтық сында «Айбын» жеңіске жетсе, «Қанағат» жігіттері былтырғы қателігін қайталап, финалда сүрінді. Жүлделі үшінші орын «Найзағайдың» қоржынында кетті.

Сонымен қатар спорттың бұл түрінен жекелей номинациялар да үлестіріліп, нәтижесінде «Үздік қақпашы» болып –  М.Тобалықов, «Үздік қорғаушы» – Б.Абдуали, «Үздік шабуылшы» – Е.Раушанбекұлы және «Үздік ойыншы» – Н.Бекетаев танылды.

          Осылайша, тарих қойнауына кеткен екінші сайыста жалпы есепте «Қанағат» командасы спартакиаданың басты бәйгесін жеңіп алып, ауыспалы кубокқа ие болды. Екінші орын «Айбын», үшінші орынды «Барыс» командасына бұйырды.

        Жарыс жеңімпаздары дипломмен және сыйлықпен марапатталды.

         Осындай шараның өтуіне бастамашы әрі ұйымдастырушы болған Соттар әкімшісінің басшылығы мен Судьялар Одағының облыстық филиалын ерекше атап өту керек. Ұлттық дәстүрге өте қанық, қай салада жүрсе де спорт десе бір бүйрегі бұрып тұратын осындай жанашырларымыз барда ұлттық құндылықтар қашан да ұлықтала беретін болады, онысы ұлттық құндылықты сүюінде әрі өскелең ұрпақтың бойына сіңдіруінде. Содықтан болар қатысушылар түрінен жеңілгеніне мұңаймай, ұлттық рухымыздың асқақтағына қуанғаны көрінеді. 

Азат Әбдіразақов,

Қызылорда облысы бойынша соттар әкімшісінің

ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<