Қазақ тілім – тірегім

641

0

Ұлттық тіл қай халықтың болмасын, кешегі, бүгінгі ғана емес, ертеңгі де тағдыры. Адамдардың қарым-қатынасында өте маңызды қызмет атқаратын қуатты құрал. Тіл – түсіністік пен өзара қарым-қатынастың басты кілті. Тілдің көмегімен адамдар ынтымақтастыққа, достыққа, татулыққа, берекеге, бірлікке қол жеткізеді.        Ана тіліміз – ата-бабаларымыздың бізге, ұрпақтарына қалдырған асыл мұрасы, қасиетті ардақты аманаты.

Ата-бабаларымыздың осы қасиетті ардақты аманаты қазіргі таңда өте өзекті мәселе болып тұр. Ана тіліміздің бүгіні мен болашағы жайлы әркім әр түрлі пікір айтады. «Жоғалып, өшіп кеткен тілдердің қайта тіріліп келмейтіні белгілі. Жаңадан тіл пайда болмайды. Тілдердің пайда болу дәуірі біткен. Сондықтан, қазіргі барымызды мәпелей білуіміз керек»,-дейді жазушы         Ш.Айтматов. Ендігі уақытта өз тілімізді өгейсітіп алмай, кейінгі ұрпаққа қалдыру жолын қамдағанымыз жөн. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйреніп жатқанда, біздің тіл мәселесіне немқұрайлы қарауымызға мүлдем болмайды. Еліміз тәуелсіздік жолының 30 жылдық белесін артқа қалдырған тарихи шақта, басқа елдермен иығын тең тіресер кезеңде мені тіліміздің қазіргі жағдайы толғандырады. Әсіресе, жастар, өкінішке орай ана тіліне менсінбей қарауға әуес. Көшеде жүрген екі қазақтың бірі орыс тілінде сөйлейді, дүкенде де, қоғамдық орындарда жүрсек көретініміз – сол. Жасы да, кәрісі де тілін бұрап орыс тілінде сөйлеп жатқаны. Өз тілімізде сөйлеуге неге арланамыз? Білмесек, үйренуге неге тырыспаймыз? Жолдауды орындаймыз деп тырысқан тіл мамандарына мұндай шұбарланған сөздер кері әсерін тигізбесе, ешқандай пайда әкеліп жатқан жоқ. Мектеп мұғалімдерінің мақсаты әлеуметтік жағынан дамыған, ұшқыр, ұтымды ойлап, белсенді қимылдайтын, өзгенің пікірін сыйлап, төзімділікпен тыңдай білетін жеткіншектерді тәрбиелей отырып, мемлекеттік тілді өгейсітпей, оның болашағына жанашырлықпен қарайтын саналы ұрпақ қалыптастыру. Бұған оқушыларымыздың мектептен тыс уақытта болатын ортасы, араласатын адамдары және тағы да басқа себептер кедергі жасап отыр.

Жалпы қай тәрбиенің де отбасынан басталатыны рас, патриоттық сезім де отбасынан қалыптасады. Тіл туралы айтылғандардың бәрі желге ұшып, қоқысқа айналмасын десек, әр қазақ өз шаңырағында ағарту ісімен айналысса деймін. Сонда ғана әр адамның санасында ұлттық намыс, патриоттық жігер оянар еді. Сөйтіп ол да ана тілін қадірлеуге, сыйлауға, ұмытпауға,патриоттық сезімнің оянуына ат салысар еді.

Ақниет ЖАНҰЗАҚОВ,

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<