Сала ардагеріне құрмет көрсетілді

785

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мұхитжан Кәрімбаевпен кездесті. Басқосуда аймақ басшысы энергетика саласына елеулі үлес қосқан маманды құрметті зейнет жасына келуімен құттықтап, Сыр халқы атынан ілтипатын білдірді.

Өңір басшысы сала ардагерінің энергетика саласына қосқан үлесін ерекше бағалап, оның басқаруымен атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Энергетика – экономиканың өзекті салаларының бірі және әлеуметтік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш. Қай істе де өзін білікті маман, іскер басшы ретінде көрсете білген Мұхитжан Ысмайылұлының бұл салаға қосқан еңбегі орасан зор.

Облыстың электр жүйелерін жаңғырту бағытында ауқымды жұмыс атқарып, Қызылорда қаласындағы дарияның сол жағалауында бой көтерген тұрғын үйлер мен нысандарды электр жарығымен қамту жұмыстарын қарқынды жүргізді. Сонымен қатар, облыс әкімдігі және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы келісім негізіндегі іс-шараларға қосқан қомақты үлесін атап өткім келеді. Нәтижесінде 300 шақырымнан астам желі мен 53  қосалқы станция жаңартылды.

Сонымен қатар, 2009-2014 жылдар аралығында Қызылорда жылу электр орталығы басшысы қызметін абыроймен атқардыңыз, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында өңір басшысы М.Кәрімбаевты облыстың «Құрмет» грамотасымен марапаттады және қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. 

Басқосуда еңбек ардагері Асылбек Қанаев пен облыс бойынша атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау аумақтық департаментінің басшысы Саламат Қалжанов марапат иесін құттықтап, ақжарма тілектерін жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<