Қорқыт мұрасы – таусылмас қазына

1008

0

Бейсенбіде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәдениет саласының көрнекті өкілі, қобызшы, артист-инструменталист, оқытушы Әлқуат Қазақбаевпен кездесті.

Басқосуда Қорқыт шығармаларын насихаттау және өңірде өнер саласын дамыту мәселелері талқыланды.

Аймақ басшысы Сыр елінде рухани жәдігерлердің әрқашан орны бөлек екенін,  құндылықтарды қастерлеу бағытындағы озық туындыларды насихаттау ортақ парыз екенін айтты. Ал, қобызшы  өзінің зерттеу жұмыстарын таныстырып, шығармашылық жоспарларын бөлісті.

– Қорқыт бабаның мұрасын мектеп жасымнан бері зерттеп келемін, өйткені мұрасы шексіз, оны әлі талай зерделеу қажет. Жалпы, қазақ музыкасының түп негізі – осы Қорқыттың күйлерінен бастау алады,– деді Әлқуат Дотаұлы.

Жүздесуде қобызшы облыс әкіміне өзінің «Қорқыт ата аңыздары мен күйлері» кітабының қазақ және түрік тілдерінде жазылған нұсқалары мен жақында жарық көретін «Қорқыт ата мұрасы» кітабының қолжазбасын сыйға тартты.

Кездесу соңында аймақ басшысы өңірде музыкалық өнерді дамыту бойынша бірлесіп жұмыс жасауға ниет білдірді.

Айта кетейік,  Әлқуат Қазақбаев 1972 жылы Жамбыл облысында туған. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің артисі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қобызшылар квартетінің және Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік филармониясы «Тілеп» қобызшылар квартетінің көркемдік жетекшісі. ҚР Президенті сыйлығының лауреаты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<