Өзекті мәселе өз уақытында: облыс әкімі 120 елді мекенді аралады

1103

0

Елді мекендерде қордаланып қалған мәселелерді шешу, ауылдардың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова 1,5 жыл ішінде 120-ға жуық елді мекенді аралап, әр ауылдың мәселесін жеке қарап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Енді жыл аяғына дейін өңір басшысы шалғай орналасқан өзге де ауылдарға барып, ұсыныстарды ескеріп, мәселелерге талдау жасайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі халық үшін аса маңызды саналатын газдандыру, жол салу, ауызсу желілерін тарту, медицина, тұрғын үй мен мектеп салу ісінде нақты орындалған жұмыстарды тізбелейді.

Барлық аудан орталығы газға қосылды

Бүгінгі күні аймақта тұрғындардың газ тұтыну деңгейі 67%-ке жетті. Өткен 1 жыл ішінде Қармақшы, Жалағаш, Сырдария ауданының орталықтарында газдандыру жұмыстары толық аяқталып, 46 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Ал, Шиелі ауданы Н.Бекежанов, Қодаманов елді мекендеріне табиғи газ беріліп, 6 мыңнан астам тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көруге мүмкіндік алды. Бүгінде Қызылорда қаласындағы Наурыз, Махамбет елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Биыл Қазалы қаласы мен Жалаңтөс, Басықара, Пірімов, Шиелідегі Алғабас, Ақмая ауылдарында алау оты жағылады. 2025 жылға дейін өңірде тағы 38 елді мекенге «көгілдір отын» жетеді.

Жақсы жолдардың үлесі 75%-ке жетті

Аймақ үшін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық автокөлік дәлізінің маңызы зор. Бес облыс аумағынан өтетін 2787 шақырым жолдың 812 шақырымы Қызылорда жерінде. Бұл аудан орталықтары теміржол мен автожол бойында орналасқан облыс үшін ең тиімді. Қазір өңірдегі жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 75%-ке жетіп отыр. Ел Президентінің Ұлытау облысын құру тапсырмасы аясында «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының жаңартылуы да ерекше мәнге ие. Құрылыс жұмыстары биыл басталмақ.

Облыс халқының 98%-і таза су тұтынады

Өткен жылы «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары арқылы 110,7 шақырым ауызсу және 11,4 шақырым кәріз желілері тартылды. Субсидиялауға облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініп, 178 елді мекен сумен қамтылды.

Нәтижесінде облыс халқының 97,8%-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды.

2 жылда 12 медициналық нысан іске қосылды

Кейінгі 2 жылда Сыр елінде 12 медициналық нысан ашылды. Атап айтқанда, 3 дәрігерлік амбулатория, 6 медпункт, Жалағаш аудандық, Қызылорда қаласында модульді жұқпалы аурулар ауруханалары. Сондай-ақ, Қызылорда қаласында 60 төсектік «Қамқорлық» оңалту орталығы мен Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған емхана құрылысы аяқталуға жақын.

Биыл 7 мектеп пайдалануға беріледі

Білім беру саласында былтыр 750 орындық 3 мектеп пайдалануға берілді, оның ішінде 448 орындық 2-уі – жеке меншік мектеп. Биыл 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 7 білім ордасы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.

Жылына 1500 пәтер табысталады

Бір жылда 463 аз қамтылған көпбалалы отбасы, 160 әлеуметтік аз қамтылған отбасы, тұрғын үйі апатты деп танылған 50 азамат үйлі болды. Ал, республикалық бюджеттен 321 көпбалалы ана баспаналы болды. Биыл қызылордалықтарға 122 пәтер кілтін табыстау жоспарда бар.

P.S. Тұрғындардың жеке мәселелерін қарауда облыс әкімі айына екі рет кезек тәртібімен азаматтарды қабылдайды. Ал, жылына 2 рет Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистер алдында баспасөз брифингін өткізеді. Бұдан былай аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасарлары тоқсан сайын және шұғыл мәселелер туындағанда жедел түрде брифинг береді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<