Келісім оң нәтижеге жеткізеді

606

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Петро Қазақстан Инк» АҚ басқарма төрағасы, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ президенті Ян Миньюймен кездесіп, ұжымдық мәселелер бойынша қабылданған шараларды талқылады.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары Мархабат Жайымбетов пен Балжан Шәменова, облыс әкімінің аппарат басшысы Ерлан Райғаниев, «Қазақстан мұнай-газ кешені Қазақстан өнеркәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтан Қалиев және тиісті басқарма басшылары қатысты.

Отырыста Ян Миньюй мен компанияның экономикалық жоспарлау және еңбек ресурстары жөніндегі директорлары ұйымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды таныстырып, сәуірден бастап қызметкерлердің, оның ішінде 4-5-санатты операторлардың жалақысы артатынын және бірқатар ынталандыру үстемеақылары мен материалдық көмек төлемдері төленетінін жеткізді.

Сондай-ақ, компания басшылығы кен орнына барып, еңбекақы мәселесіне қатысты оңтайлы шешімдерін жеткізіп, жұмысшыларымен кездесу өткізетінін атап өтті.

Кездесу барысында аймақ басшысы компания тарапынан қабылданған шешімдерге сәйкес, наразылық білдірушілердің басым бөлігі кен орындарының жұмысшылары екенін ескеріп, негізінен өндірістік персонал жалақысын көтеруді ұсынды.

– Дәл сіздің компания қызметкерлердің әлеуметтік мәселесіне қатысты тиімді шешім қабылдауы тиіс. Өйткені, аз мөлшерде табыс алатын жұмысшылардың айлығы көтерілгенде ғана ұжымдағы жағдай қалыпты болмақ. Сонымен бірге Үкімет деңгейінде мұнайды 5 мың метрге дейін бұрғылау жүргізуге рұқсат берілді, бұл Қызылорда облысы үшін де қолайлы болмақ. Сол себепті де бұрғылау жұмыстарына сіздің  компания да белсенді түрде қатысу керек деп санаймыз, – деді облыс әкімі.

Мұнайшылардың еңбек жағдайын саралаған аймақ басшысы тараптар арасында өзара келісімге келіп, оң нәтижеге бағытталған шешім қабылдауға шақырды.

Аружан Ералы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<