Қарап жатпағанның қармағы қабады

1153

0

Қармақшыға жол түсті. Басты мақсатмемлекет қамқорлығымен өз іскерлігін көрсетіп, өнімін елге ұсынған кәсіп иелерінің қарқынын көзбен көріп, басылым бетіне айшықтап жазу. Мұнда нарыққа бейімделіп, шаруасын өрістеткен тұрғындар көбеймесе, азайған емес. Біз танысқан жеке кәсіпкерлердің көбісі шағын бизнесті дамытуға күш салған. Жалқаулық деген кесірді жанына жуытпағандардың еңбегі шынымен де көпке үлгі боларлықтай.

Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбдікеровтің айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 489,5 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,2 процентке, өңдеу өнеркәсібіндегі өндірілген өнім көлемі 406,4 млн теңге болып, 105,2 процентке орындалған. Ал ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 3756 болса, оның ішіндегі жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің үлесі  90,4% құрайды.

– Былтыр кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 540 жоба 1918,8 млн теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекетттік бағдарламасымен құны 1314,3 млн теңге болатын 223 жобаның несие процентінің үстемесін субсидиялауға қол жеткіздік. Бағдарлама арқасында өз ісін жаңадан бастаған 5 жас кәсіпкерге 11,2 млн теңгенің гранты берілді, – дейді бөлім басшысы.

Бұқаралық спортқа басымдық

Қармақшыдағы сапар басы спорттық ғимарат құрылысынан басталды. Аудан орталығы – Жосалы кентінде салынып жатқан кешен тамыз айында бітеді. Сондай-ақ дәл осы типтес спорт сарайы Ақай ауылында да тұрғызылмақ.

– Аудан орталығындағы денешынықтыру-сауықтыру спорт кешені құрылысының жалпы құны 560 млн теңге. Былтыр басталған нысанды аяқтау биылғы тамыз айына жоспарланып отыр. Мердігері – «Сапақ» өндірістік кооперативі. Бұл жерде 10-ға жуық аудан тұрғыны да уақытша жұмыспен қамтылған. Кешен алдағы уақытта Қармақшы жастарының спортпен айналысып, тұрақты шынығуына септігін тигізеді, – дейді аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаев.

Айта кету керек, Қармақшыда бұдан бөлек екі спорт мектебі мен бір спорттық клуб жұмыс істейді. 2200-ге жуық жасөспірім аталған орындарда спорттың түр-түрімен айналысып жүр. Бұған қоса мемлекеттік тапсырыс аясында ашылған түрлі үйірмелерге 600 бала қатысуда. Қазір аудан тұрғындары спорттың 16 түрімен айналысады екен. Оның ішінде ұлттық, олимпиадалық түрлері бар. Ал бұқаралық спортпен шұғылданушылардың үлесін арттыру үшін салынып жатқан қос нысанның ел игілігіне жарар күні тым алыс емес.

Шағын дүниеден басталған шаруа

Аудан орталығын аралап жүріп, кәсіпкерлік нысанның көптеп ашылғанын байқадық. Көлік, кілем жуу, наубайхана, дөңгелек желімдеу, автобекет, жылыжай, т.б. Мысалы, былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілген «Шынар ана» автобекеті халыққа тұрақты қызмет көрсетіп келеді.

– Бұрын автобекет деуге келіңкіремейтін шағын орын болды. Жалпы аудан орталығына бір бекет керек болатын. Халық сұранысы қанағаттандырылды. Осы қарекетпен заманауи үлгіде автобекет жұмысын бастады. Мұнда күту залы, анықтама бюросы, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі, асхана, билет кассасы, жүргізушілер бөлмесі және автотұрақ алаңы бар. Жалпы құны 60 млн теңге шамасында, 7 адам тұрақты жұмысқа орналасты, – дейді бізбен бірге жүрген аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы. 

Ал қармақшылық Нұрсұлтан Алтынбеков былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері курсын аяқтапты. Соның арқасында «Кілем жуу орталығы» жобасын қорғап, 583 мың теңге мемлекеттік грант ұтып алған. Грант қаражатына бизнес жоспарға сәйкес 2 дана кілем жуу құрылғысын алып, кәсібін жүргізуде.

– Бір жыл бұрын бастаған кәсібімнің аяқалысы жаман емес. Оған дейін Нұр-Сұлтан қаласында дәл осындай орталықта жұмысшы болып істедім. Жұмыс барысын әбден зерттеп, өзімізде де осындай орталық неге ашпасқа деген ой туды. Сол ойдың жетегімен курс тәмамдап, грант ұтып, Жосалы кентінен кілем жуу орталығын аштық. Қосымша несиеге ғимарат пен тағы керекті құрылғылар сатып алдым. Аудан орталығынан бөлек, ауылдық жерлерден тапсырыстар түсіп жатады. Арнайы көлікпен тасымал қызметін де ұйымдастырдық. Күніне 10-15 кілем жуамыз, қосымша екі адамды жұмысқа алдым, – дейді жас кәсіпкер Нұрсұлтан.

Баға тұрақтылығына сеп

Қармақшыда азық-түлік бағасын тұрақтандыруда жұмыс жетерлік. Мұнда әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік өнімі белгіленген. Оған күнделікті мониторинг жасалып, бақылауға алынған. Аудан кәсіпкерлері азық-түлік тауарларын көрші Түркістан, Ақтөбе, т.б. өңірлерден әкеліп, халықты тұрақты түрде қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп тұр.

Былтыр ауданда жыл көлемінде 15 рет ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Оның ішінде Жосалы кентінде 4, Қызылорда қаласында 6, Нұр-Сұлтан қаласында 1, Төретам кенті мен Байқоңырда 2 рет тұрғындар қолжетімді бағада сауда жасаған. Сонымен қатар, аудандағы екі дүкенде 19 түрлі азық-түлік өнімі төмен бағамен сатылуда.

Жосалы кентінде ашылған «Ақ Дильназ» наубайханасы тұтынушыларын әрдайым риза етіп келеді. Бес түрлі нан өнімін шығаруды қолға алған Тұрсынай Нұрмаханова былтыр «Еңбек» бағдарламасы аясында 555 мың теңге көлемінде грант және «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы арқылы  2 млн теңге көлемінде несие алыпты.

– Жаңа жылдан бастап наубайханамыз ашылды. Бәліш, шелпек, батон, бөлке нан, сондай-ақ тапсырыспен самса, кекс, пицца да пісіреміз. Мысалы бір күнде 300-ге жуық бөлке нан шығарып, 15 дүкенге таратамыз. Олар 85 теңгеден алса, үстіне бес теңге ғана қосып, 90 теңгеден өткізуде. Баға да көңілге қонымды. Бөлке нанның салмағы 500 грамм. Тұрғындар тарапынан шағым жоқ. Сондай-ақ аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне алғыс айтамын. Солардың кеңесімен қаржылай қолдау алып, тіпті наубайханама электр желісін тартуға да көп көмегін тигізді, – деп ағынан жарылды кәсіпкер.

Ал Қармақшы ауылдық огругінде жылыжай ісін қолға алған Марат Досниязовтың айтуынша, көкөніс түрлерін сырттан тасудың мүлде қажеті жоқ. Талаптансаң өз жеріңде де қияр егіп, қызанақ өсіруге болады. Солай етсек қана, өнім бағасын арзандатуға сеп болары сөзсіз.

– Екі жыл бұрын «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2,2 млн теңге грант ұттым. Былтыр үй алдынан жылыжай салып, еккен 390 түп қиярым қазір екі құлақтанып шығуда. Қиярдың сорты «Зена» деп аталады, 45 күнде өнім бере бастайды. Күніне 20-30 келі өнім аламыз деп күтіп отырмыз. Алдағы уақытта өзге көкөніс өнімдерін егіп, ауыл тұрғындарына сатылымға шығарсақ дейміз, – дейді ол.

Расы сол, азық-түлік бағасы тұрақты болуы үшін нарықты ішкі өніммен өзіміз толық қамтамасыз етуіміз қажет. Осы мақсатта биыл Қармақшы ауданының ауылдық округтерінде картоп, көкөніс және бақша өнімдерінің егіс көлемін арттырып, өнімділігін жақсарту шаралары нақты жоспарланып отыр.

Қайта өңдеуге болатын дүние көп

Осы Қармақшы ауылында жүріп көргеніміз ғой. Ауыл тұрғыны Азамат Тұрақовтың кәсібі тіпті басқаша. Ол аудан орталығы мен елді мекендерден қағаз, полиэтилен, пластик қалдықтарын жинап, сұрыптап, арнайы орынға өткізіп жүр. Осы кәсібін жандандыру үшін арнайы бизнес жоспар жасап, грант та ұтқан.

– Мысалы, полиэтилен пакеттерінің келісін 60 теңгеден қабылдап, орталыққа 140 теңгеден өткіземін. Ал қағаз картондарды 10 теңгеден алып, 50 теңгеден, пластик бөтелкелерді 50 теңгеден алсам, 90 теңгеден орталық қабылдайды. Аудан бойынша тұрғындардан, сауда дүкендерінен түрлі қайта өңдеуге болатын осы қалдықтарды жиып, өнім түрлерін шығаруға болады. Бұл бойынша былтыр 2,2 млн теңге грант ұтқанмын. Жиналған қалдықтарды сығып, арнайы қалыпқа келтіретін аппарат сатып алдық. Алда тағы дәл осындай құрылғы алу жоспарда тұр, – дейді кәсіпкер.

Қош, бүгінде қарап жатпайтынның қармағы қабатынын көпшілік түсінген. Әрі бұрынғыдай дүкен ашып, сауда-саттыққа тікелей көшкеннен гөрі белгілі бір кәсіптің түрімен айналысуға ден қойғандардың қатары қалың. Қармақшы сапары осыны айғақтап берді. Ал, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қатысты оң ұсыныстар мен қолдауларды мүлт жібермей, халыққа кеңінен түсіндірме жұмысын жүргізетін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі «өз ісін бастаймын деушілерді қолдауға, біз қашанда дайынбыз» дейді.

– Өндіріс саласын дамыту үшін былтыр аудан бойынша 57 шағын цех іске қосылды. Бұлардың басым көпшілігі – мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие, грант түрінде қолдау тапқан жобалар. Мысалы, Жаңажол ауылдық округінде «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасымен несиелендіру арқылы іске қосылған «Айман» шаруа қожалығының сүт өңдейтін шағын цехын ерекше атап өткім келеді. Қазір цех нарыққа қатық, қаймақ, сүзбе жеткізіп отыр. Сонымен қатар, кейінгі екі жылда сауда және қызмет көрсету саласында бірқатар нысан іске қосылды. Жаңа үлгідегі сауда үйлері, техникалық қызмет көрсету орындары, жол бойындағы қызмет көрсету кешендері бой көтерді, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мамандары.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<