Ән қалықтаған әсерлі кеш

820

0

Жалағаш ауданында ұлағатты ұстаз, ақын, талантты сазгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Айкүміс Орынбаеваның «Көктемді сендермен қарсы алам» атты кітабының тұсаукесері өтіп, оқырманға жол тартты.

Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен рухани әсері мол, тағылымды кеш өтті. Кешке ауданның зиялы қауымы, ардагерлер және қарапайым оқырмандар қатысты. Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Ж.Еспембет ашып, кітап авторына аудан әкімінің құттықтау хатын табыс етті.

– Киелі Жалағаш топырағы көмейінен жыр төгілген ақындарға, жезтаңдай әншілер мен жыршыларға, сиқырлы әуендерімен ұлы даланы тербеткен сазгерлерге әу бастан-ақ кенде болмаған. Осынау ғажайып өлке талай дарындар мен таланттарды тудырғанын біз жақсы білеміз. Тарих беттерін парақтасаңыз, Әзілкеш, Даңмұрын, Шоңбай, Нысанбайлар дүниеге келген киелі топырақтан Т.Үркімбаев, Ә.Оңалбаев, Ә.Жүргенбаев, Қ.Сүйеніш, З.Салықбаев, Т.Сарыбаев, М.Аяпов, Ж.Сарбалаев сынды арқалы да арналы ақындар түледі.

Міне, осы жампоздардың бүгінгі заңды жалғасы – Айкүміс Телғарақызы десек қателеспейміз. Ол саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне жұмсап келеді. Оның алдынан осы уақытқа дейін бірнеше жүздеген шәкірттер қияға қанат қақты. Ұстаз бақыты деген де осы болар!

Айкүміс Телғарақызының оқырманға жол тартқан «Көктемді сендермен қарсы алам» атты жыр жинағы да өз оқырмандарының ыстық ықыласына ие болары сөзсіз, – деді аудан әкімінің орынбасары.

…Атыңды балап өстім ар-иманға,

Далама сыймай кетем далиғанда.

Атыңнан айналайын алтын ұям,

Меккем де, сенсің менің – Мәдинам да! – деген жыр шумағы адам баласының туған жерге деген шексіз махаббатының айғағы екені даусыз. Бұл – қазақтың айтулы ақыны, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, жерлесіміз Темірше Сарыбаевтың «Туған жер» деген өлеңінен үзінді. Ең кереметі осынау жыр жолдары әдемі лирикалық ән болып төгілді. Әннің авторы – Айкүміс Орынбаева. Тебіреніске толы бұл туынды бүгінде Жалағаш ауданының әнұранына айналды.

Қоғамдық кеңес төрағасы, ауданның құрметті азаматы К.Сүлейменов, аудандық мәслихат хатшысы Г.Құрманбаева құттықтау лебізін білдіріп, кеш иесінің шығармашылығы жайында ой-толғаныстарын ортаға салды. Астана төрінен ақ тілегін жолдаған ҚР Мәдениет қайраткері Т.Мусаевтың құттықтауы көпшілікті тәнті етіп, кеш иесінің көңілін толқытты. Сонымен қатар, кітап авторына Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Н.Мыңжастың құттықтау хаты табысталды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Садықов ұлағатты ұстазға алғыс хат табыс етіп, қазақы дәстүрмен қамзол жауып, сый құрмет көрсетті. Кеш иесінің өнердегі досы Т.Ахетов оның адами асыл қасиеттері жайында айтып, өршіл де рухты шығармашылығын жоғары бағалады. Әсіресе, кештің концерттік бағдарламасы ұлттық дүниетанымды байытатын сазды әуен, салиқалы жырларымен көпшілік көңілінде әдемі әсер қалдырды.

Кеште шығармашылық иесі Айкүміс Орынбаеваның өнер жолында жүрген перзенттері Нұрбек, Айбек Қалыбаевтар әуелете ән шырқап, мазмұнды жиынның ажарын аша түсті. Ал, ұстаздың шәкірттері риясыз тілектерін арнап, құшақ-құшақ гүлдерін ұсынды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<