Облыс әкімі: Жұмсалған қаржының тиімділігі мен нәтижесі маңызды

518

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, депутаттар, басқарма басшылары және аудан әкімдері қатысты.

Сессияда облыс әкімі сөз алып, алда тұрған бірқатар негізгі міндеттерге тоқталды. 

–  Алға қойған мақсат, жоспар, жоба көп. Аталған мәселелер өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешіледі. Бұл ретте әрбір жұмсалған теңгенің тиімділігін, нәтижесін ұмытпауымыз керек. Өңір экономикасы мұнай-газ секторындағы шикізат өндірісінің төмендеуіне қарамастан, оған тәуелділігінен арылған жоқ. Біз алдағы уақытта жаңа кен орындарын игеруге жұмыс істейміз.

Ол үшін қазірдің өзінде «Шу-Сарысу», «Арал» бассейндерінде геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс экономикасының дамуында толық пайдаланылмаған резервтер жеткілікті. Индустрияландыру бағытында, шағын және орта бизнесті дамытуда әлі де артта қалу байқалады. Қазіргі дағдарыс жағдайында экономика саласына инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу – біздің негізгі бағытымыз. Алайда, қазір сыртқы геосаяси тұрақсыздық салдарынан ірі бизнесті жүргізу үлкен тәуекелді қажет етеді. Сондықтан ірі жобалармен бірге шағын және орта бизнесті дамыту өте маңызды. Біріншіден, олар ауқымды инвестициялар талап етпейді. Екіншіден, жылдам ресурстар айналымын қамтамасыз етіп, шағын кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Ресейге қойылған шектеулер ұзақ мерзімге созылуы ықтимал екенін жеткізді. Ресей, Беларусь елдерінен шығатын арзан тауарлардың біздің нарыққа келуі өңір кәсіпкерлерін қиындыққа соқтыруы мүмкін.

– Өндіріс пен қызмет көрсету аясындағы жұмысты үйлесімді ұйымдастыруға тиіспіз, – деді облыс әкімі сөзін одан әрі жалғап. – Бұл бағытта мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, өңірдің тауар өндірушілерін барынша демеуіміз қажет. Осы ретте мен орынбасарларыма экономика саласындағы кездесуі мүмкін тәуекелдерді анықтап, оның алдын алу шараларын ұсынуды тапсырдым. Ауыл шаруашылығы саласында негізгі дақыл – күріш егуде де кейінгі жылдары су тапшылығына байланысты қиындықтар бар. Бірақ, біз мүмкіндігінше күріш алқабын қысқартпауға тырысамыз. Осы орайда егін саласын әртараптандыруды күшейтуіміз керек. Ол халықтың алғашқы кезектегі азық-түлігін қамтамасыз етіп қоймай, жем-шөп қорын қалыптастыруға септігін тигізеді. Азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінде тұр.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл 683 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазір облыста тұрғын үй кезегінде 32676 адам тұр.

–  Аталған мәселені ескерсек, бұл әлі де жеткіліксіз. Алдағы уақытта көпқабатты тұрғын үйлер салуға республикалық бюджеттен қаржы тартуға күш саламыз. Тұрғын үйлердің сәулеттік келбетіне қатысты тиісті шешімдер қабылданады. Соған байланысты сәулетшілер және жобалаушылар жұмыс істейді. Сондай-ақ, автомобиль жолдары, көпір, көшелер құрылысы сапасына да талап күшейтіледі. Оған қоса жылу, су, кәріз жүйелерін жөндеуге байланысты кешенді шаралар жүзеге асады. Облыс халқын ауызсумен, газбен жабдықтау жұмыстары жалғасын табады. Білім саласында негізгі мақсат – сапалы білім беру, оқушылардың қауіпсіздігі. Біз үш ауысымдық оқу, апаттық жағдайдағы мектеп, оқушы орнының тапшылығын болдырмауға жұмыс істеуіміз керек. Осы бағытта биыл 4350 орындық 9 мектеп құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріледі. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін 2025 жылға дейін 52 мектеп бой көтереді. Кейінгі жылдардағы пандемия денсаулық сақтау саласының жай-күйін айқын көрсетті. Облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының заманауи ғимараттар және жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін басты назарға аламыз. Әзірге пандемия ошақтарының өршу қаупі туындаған жоқ. Сол себепті өткен жылы салынған модульді аурухананы әрі қарай тиімді пайдалану мәселесі қарастырылады. Сала мамандарымен келісе отырып, бұл ғимаратта пандемиядан кейінгі сауықтыру немесе облыстық онкология орталықтарын ашу мәселесі қаралуда, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мемлекет басшысының мемлекеттік аппаратты оңтайландыруға қатысты тапсырмасына орай облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, «Қызылорда облысының мемлекеттік органдарын басқару схемасының» жаңа жобасы әзірленгенін атап өтті.

– Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтердің сапасы мен ұтқырлығына әсер етеді. Оған қоса әкімшілік шығындарды азайтып, басшылық құрамды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Аудан және қала әкімдіктері осы схема негізінде оңтайландыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттары. Менің алға қойған міндеттерімнің барлығы алда әзірленіп жатқан «Қызылорда облысы әкімінің іс-қимыл жоспарында» қамтылады, – деді облыс әкімі.

Келесі кезекте облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова өңірде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қорғаудың жайы және оны жақсарту туралы хабарлама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында  экономикалық өсімді қалпына келтіру және қазақстандықтардың нақты табысын арттыру негiзгi әлеуметтiк басымдықтардың бірі екені айтылған. Биылға дейін жүзеге асырылған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мерзімі аяқталды. Ендігі кезекте бұл бағытта «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба қолға алынады.  

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында білімі бар жастар үшін «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім-шарты» жобалары сияқты уақытша еңбекпен қамту шаралары қарастырылған. Сондай-ақ іскерлік бастамаларды қолдауға берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алу кезінде жастар басым құқыққа ие болып отыр. Жыл басынан аталған шараларды субсидиялау көлемі ұлғайтылды. Айта кетерлігі, мемлекеттік грант тек әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға ғана беріледі.

Тағы бір жаңалық, биылғы жылдан бастап зейнетке шығу жасы жақындаған адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске қосылуда. Бұл жоба зейнетке шығуына екі жылы қалған жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруды көздейді. Ол бойынша жалақының жартысы мемлекеттен субсидияланады және субсидия мөлшері 20 айлық есептік көрсеткіштен (61260 теңгеден) кем болмайды. Осы шараларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан облысқа 7,6 млрд теңге қаржы бөлінуде.

Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру туралы тапсырмасы бойынша өңірде кемінде 8,3 мың жұмыс орнын құру міндеті тұр. Осы орайда облыстағы барлық ұлттық, инвестициялық жобалар және жеке бастамалар аясында ашылатын жұмыс орындары есепке алынады. Ол «Жұмыс орындары ашылуының интеграциялық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

Сессияда облыс әкіміне депутат Аида Әбибуллаева мүгедек балаларға инклюзивті орталық ашу жөнінде ұсынысын айтты. Сондай-ақ, азық-түлік бағасының өсуіне байланысты мектепте балаларға ыстық тамақ беру мәселесінде қиындық туындаған. Ал кәсіпкерлердің қызмет бағасы сол күйінше қалып, шығынға ұшыраған.

Аймақ басшысы бұған байланысты алдағы уақытта мамандар тиісті іс-шаралар қабылдайтынын атап өтті. Мүмкіндікке байланысты шешім қабылданып, бюджет жағдайы ескеріледі. Ал ыстық тамақ сапасы қатаң бақылануы қажет.  

Облыс әкімі депутат Сәрсенкүл Биқожа көтерген  азық-түлік бағасы мен әлеуметтік дүкендер мәселесіне байланысты ой-пікірін білдірді.

– Бұл мәселе ұдайы назарымызда болады. Оны тиісті басқармалар, жергілікті әкімдіктер және «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы талқылайды. Шынында, сенбі күні Үкіметте өткен жиында Маңғыстау, Қызылорда облыстарында азық-түлік бағасының жоғары көрсеткіші байқалды. Бұған байланысты Премьер-Министр тиісті тапсырма берді. Ендігі кезекте сол тапсырма негізінде нәтижелі іс-шаралар жүзеге асады. Қазірге дейін бөлінген қаржы тиімді жұмсалды ма, қайда кетті? Бұл тұрғыда да тиісті жұмыстар қолға алынады, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Ерлан Бәкіров депутаттар назарына «Қызылорда облысын басқару схемасын бекіту туралы» жобасын ұсынды. Жоба бойынша облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарманы оңтайландыру үшін 16-ға азайту көзделген. Енді жұмылдыру дайындығы, цифрлық технологиялар басқармалары облыс әкімі аппараты құрамына енгізіледі. Ал кәсіпкерлік және туризм, индустриялық-инновациялық даму басқармалары бірігіп, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы болып құрылады. Сондай-ақ, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, еңбек саласындағы бақылау басқармалары бірігіп, бақылау жөніндегі басқармасы деп аталады. Ауыл шаруашылығы басқармасы құрамына жер қатынастары басқармасы кіреді. Ішкі саясат және дін істері басқармалары бірігіп, қоғамдық даму басқармасы атауына ие болады. Мәдениет, архивтер және құжаттама, дене шынықтыру және спорт басқармаларының бірігуі нәтижесінде мәдениет және спорт басқармасы жұмысын бастайды. Экономика және қаржы басқармасының құрамына бұрынғы экономика және бюджетті жоспарлау, қаржы басқармалары кіреді. Қалған басқармалар өздерінің бұрынғы құрылымын сақтап қалды. 

– Әлеуметтік желіде мәдениет және спорт басқармаларын қосу жөнінде түрлі пікірлер айтылуда. Сіздер жақсы білесіздер, елімізде мәдениет және спорт министрлігі – бір құрылым. Жалпы, басқармаларды оңтайландыруға байланысты мәселелер Президент әкімшілігінде, Ұлттық экономика министрлігінде қаралуда. Бұл алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде жүргізіледі Айта кетерлігі, оңтайландыруға байланысты біріккен барлық басқармалар секілді мәдениетке де, спортқа да бұрынғыдай көңіл бөлінеді. Бұрын облыста 24 басқарма болса, ендігі кезекте олардың саны 16-ға қысқарды. Жұмыс қарқыны бұрынғы қалпын сақтайды. Басқармаларды оңтайландырудағы негізгі мақсат – бюджет қаржысын тиімді пайдалану, басшылар құрамын азайту. Нәтижесінде автокөлік және өзге де шығындар азаяды. Ал жұмыс сапасын бұрынғыдан төмендетпей, жоғарылатуға бар күш-жігерімізді саламыз. Алдағы уақытта жоғарыдан келетін тапсырманы күтіп отырмай, жаңашылдыққа, оңтайландыруға, үнемшілдікке бет бұруымыз керек, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, сессияның күн тәртібінде облыстық қоғамдық кеңестің қалыптастырылған құрамын бекіту және өзге де мәселелер талқыланды. Бұған байланысты депутаттар қолдау білдіріп, дауыс берді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<