Ел бірлігі – ең басты құндылық

574

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың аудандарға алғашқы жұмыс сапары басталды. Аймақтың батысында орналасқан қос аудан – Арал мен Қазалыға барған аймақ басшысы елді мекендердің жағдайын көзбен көріп, тұрғындар тіршілігімен танысты. Ақсақалдарымен сөйлесіп, ел ішіндегі өзекті мәселелерге қатысты ойларын мұқият тыңдады.

Облыс әкімі алдымен Сексеуіл кентінде болды. Бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысып, тұрғындармен дидарласты.

Сексеуіл кентінде мәселе жеткілікті. 11 жарым мыңнан астам халқы бар мұнда елді мекенді газдандыру, кентішілік жол салу, теміржолшыларға арналған 38 екі пәтерлік тұрғын үй мен 40 төсектік аурухана құрылысының кешеуілдеуі, электр желілерін қайта жаңғырту мен «Құмсай» бөгетінің жағдайы талқыланды. Сондай-ақ, былтыр пайдалануға берілген №283 мектепте білім саласы бойынша да мәселелер тыңдалды.

Сексеуілдіктер аймақ басшысынан ұзаққа созылған аурухана құрылысын аяқтауға ықпал етуге, елді мекенді газдандыру мен жастарды жұмысқа тарту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Облыс әкімі көтерілген мәселелердің жеке бақылауына алғанын айтып, аталған проблемаларға қажетті қаржы мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Мұнан соң облыс басшысы аудандық мәдениет үйінде өткен актив отырысына қатысты. Жиында зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен аудандық мәслихат депутаттары, кәсіпорын және құқық қорғау органдарының басшылары болды.

– Мен алғашқы жұмыс сапарымды Арал ауданынан бастап, қасиетті Рамазан айында өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы маған сенім білдіріп, туған еліме қызмет жасауға мүмкіндік берді. Әр азаматтың өз жеріне адал әрі жауапкершілікпен қызмет етуі перзенттік парызы деп санаймын. Алаштың анасына баланған Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуы жолында аянбай қызмет етіп, алған білімімді, жиған тәжірибем мен бар күш-жігерімді ел игілігіне арнайтынымды айтқым келеді.

Қашанда халық бірлігі сарай салып, қамал алғызған. Әрбір қолға алған ісімізді бірлікпен, асқан жауапкершілікпен атқарсақ қана кез келген қиындықтан сыр бермей шығамыз. Бұл жолда Президент ұсынған «Жаңа Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, әрбір мәселені өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен орнықты түрде шешетін боламыз. Мен таңертеңнен бері бірқатар проблемалық нысандарды аралап, тұрғындармен кездестім. Елдің ахуалын, тұрғындардың жағдайы мен халық тұрмыс-тіршілігін көзбен көріп келемін, – деді өз сөзінде облыс әкімі.

Сондай-ақ жиында аймақ басшысы «Көкарал» бөгетіне қатысты өзінің пікірін білдірді. Бөгет бүгінде тікжақтауын су шаюына байланысты біршама залалданған. Осыған байланысты жөндеу жұмыстарына техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, жоба-сметалық құжаттарын жасауға республикалық бюджеттен тиісті қаржысы бөлініпті.

– «САРАТС» жобасының екінші кезеңінің толықтай жүзеге асуын осы өлкенің тұрғындары үлкен үмітпен күтуде. Сол себепті Арал өңірінің жағдайы әрдайым Мемлекет басшысының назарында. Оған басты дәлел, осы аптада ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты делегациялары теңіздің қазіргі жағдайымен және «Көкарал» бөгетімен танысады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның екінші отырысы Арал қаласында өтетін болады, – деді облыс басшысы.

Тағы бір жаңалық, дәстүрлі «Балықшылар слеті» пандемия жағдайына байланысты 2 жыл қатарынан аталып өтпеп еді. Биыл осы шара қайта жаңғыртылмақ.

Айта кету керек, былтыр орын алған қуаңшылық салдарынан Арал ауданы қиын кезеңді өткерді. Күрделі ахуалды тұрақтандыру мақсатында тиісті шаралар қабылданып, Сырдария өзенінің «Бұрмақұлақ» арнасы бөгеліп, «Аспай» су ағытқысы іске қосылды. Соның арқасында «Қамыстыбас» көлдер жүйесімен «Ақшатау» көліне су барып, тіршілік қайта жанданды.

Отырыста аудан әкімі Серік Сермағамбетов атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы мақсат-міндеттер және ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы баяндама жасады. Мұнан соң облыс әкімі аудан басшысына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

– Экономика салаларына, оның ішінде әсіресе балық шаруашылығына инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет. Қазіргі дағдарыс жағдайында бюджеттің әрбір тиыны есептеулі. Осы ретте бөлінген қаражатты мерзімінде толық игеріп, жобалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етіңіз. 6 айдың қорытындысымен әкімдік қызметінің тиімділігі бағаланатын болады. Болашақта Арал өңірінің өркендеуі жолында әлі талай жұмыстар іске асырылса, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқаты деңгейінің жақсаруына үлкен мүмкіндіктер туатыны сөзсіз. Бүгін өзекті деп табылған мәселелерді қайта пысықтап, жан-жақты саралайтын боламыз, – деді аймақ басшысы.

Жиын соңында ардагер Шындалы Әбдраманов сөз сөйлеп, қуаңшылық кезде атқарылған жұмыстарға алғысын жеткізді. Сондай-ақ жеке кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Жұмашев облыс көлемінде кәсіпкерлікті қолдауға қабылданған шараларға өз пікірін қосты. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағанбетов бата берді.

Облыс әкімі аудан орталығындағы «Балықшылар» музейіне аялдады. 2012 жылдан бастап қызмет көрсететін мәдени нысанда 2000-нан астам теңіз жәдігерлері топтастырылған. 11 адам жұмыс істейтін мекемеге былтыр облыстық бюджеттен 86 млн теңге бөлініп, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген еді.

– Арал теңізінің ежелгі тарихынан бастап бүгінге дейінгі мұраларды жинақ тауға тырыстық. Соның нәтижесінде ғимарат заманауи қондырғылармен жасақталып, ашық аспан астындағы музей, «Балықшылар» және «Кемелер» залы жасақталды. Біз алғаш ашылған кезде 117 экспонатпен халыққа қызмет көрсеттік. Қазір қорда жан-жақтан жиналған 2000-нан астам экспонат бар. Кейінгі жылы музейге теңіздегі қайықтан кемеге дейінгі дәуірді көрсететін сенсорлық теледидар орнатып, келушілер өзін қызықтырған кемелер жайлы мәліметтерді алып жүр. Мұнда ұрпақ зейінін ашатын фильмдер көрсетіледі, сондай-ақ кемелердің техникалық жабдықтары мен балықшы қауымның тұрмыстық құралдары жинақталған. Балық өнеркәсібін өркендеткен жерлес тұлғалар жайлы да мұра жеткілікті, – дейді музейдің ғылыми қызметкері Айбек Есмағанбет.

Мұнан соң музей ауласында аудан әкімі Серік Сермағамбетов «Балықшылар» аллеясын қайта жаңғырту, аспалы темір жол өткелі, аудандағы клубтар құрылысы, автомобиль жолдары мен тарихи-өлкетану музейі және мәдени орталыққа жүргізілетін күрделі құрылыс жұмыстары туралы облыс әкіміне баяндап, құрылыс жобаларын стенд арқылы таныстырды.

Аралдағы сапар Қамыстыбас ауылдық округінде аяқталды. Аймақ басшысы көл жағасында орналасқан «Аққұмшық» туристік аймағында болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ аудан әкімі қуаңшылық кезінде атқарылған тиісті шараларды да баяндап өтті.

Бүгінде көлемі 2 гектар жерді алатын туристік аймақта 104 демалыс үйі орналасқан. 22 кәсіпкер түрлі қызмет көрсету нысандарын ашса, жазғы шомылу маусымында жүзден астам адам осында жұмыс істейді. Алдағы уақытта көл суының қалпына келуіне байланысты екі жыл бұрын тоқтап қалған жағажай жұмысы қайта жанданбақ.

Облыс әкімінің жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасты.

Аймақ басшысы алдымен «РЗА» АҚ-ға қарасты ірі қара өсіру кешенінде болып, өнім шығару жұмысымен танысты. 85 адам жұмыс істейтін кәсіпорын қуаттылығы күніне 30 тонна сүт дайындауға жетеді. Кешеннің сыйымдылығы 1200 бас ірі қараға есептелген. Жобаның жалпы құны 2,1 млрд теңге болса, мемлекет тарапынан жем-шөп қорын даярлау үшін 1233 гектар жер учаскесі табысталыпты. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жетіспейтін инфрақұрылыммен қамту үшін республикалық бюджеттен 228 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, электрмен жабдықтау жұмыстары да жүргізілген.

– 2009 жылы экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы-сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін зауыттың құрылысы жүрді. Соның негізінде 2010 жылы «Рза-Асыл түлік» ЖШС құрылды. Серіктестіктің негізгі қызметі – асылтұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру, оны экспорттау. Сол жылы іске қосылған кешен аналықтар мен бұзауларға арналған қора, 1200 орындық сауын және төлдеуге арналған арнайы зал, көң жинау орны, санитарлық өткізу мен дизенфекциялық ғимарат сияқты бөлікке бөлінген. Мұнда қажетті жабдықтар Голландия, Германия, Ирландия мемлекеттерінен алынды, барлығы автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Алғашқы 660 бас асылтұқымды «голштино-фризская» тұқымды қашарлар Венгриядан әкелінді. Ал 2019 жылы 300 бас дәл осы сиыр түрі Германиядан келді. Қазір 1813 асылтұқымды ірі қара бар. Бір сиыр жылына 9000 литрден астам сүт береді. Оны сүт өңдеу зауытында өңдеп, түрлі өнім түрлерін шығарудамыз, – дейді серіктестік басшысы Жеңіс Қарабалаев.

Айта кетейік, «РЗА» саудалық таңбасымен пастерленген сүт, айран, қаймақ, сүзбе, сары май және ірімшік шығарып келеді. Жергілікті өнім өзімізден бөлек, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына жеткізілуде.

Мұнан соң облыс басшысы Қашақбай Пірімов атындағы елді мекенде болып, жаңадан салынып жатқан спорт кешенінің жұмысымен танысты. Жалпы құны 350 млн теңгеге жуықтайтын ғимарат биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Алдағы уақытта ауыл тұрғындары кешен ішінде жүгіру алаңы, футбол, баскетбол, волейбол, үстел теннисі сияқты спорт түрлерімен айналысатын болады. Қосымша шығыс жекпе-жегі, бокс сияқты үйірмелер де жұмыс істейді.

Елді мекенге сапар барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев спорт кешені құрылысынан бөлек, Құмжиек, Қарашеңгел, Басықара ауылдық округтерін газдандыру жұмысы туралы айтып өтті. Аталған үш ауылды газдандыру құрылысы қатар жүргізілуде. Наурыз айында басталған жоба қыркүйекте аяқталады.

– Жалаңтөс батырда 273, Қ.Пірімовте 235, ал «Басықара» ауылында 325 тұрғын үйге газ тарту жұмыстары жүргізіледі. Бұған қоса әр аталған ауылда әлеуметтік нысандар бар. Оларды да қамтимыз. Жалпы үш ауылдағы жұмыстарды бес айда бітіру жоспарланған. Жобаның жалпы құны 883 млн теңге. Құрылысқа жергілікті тұрғындарды да тарту көзделген, – деді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев.

Газдандыру жұмыстары біртіндеп іске асуда. «Көгілдір отын» қызығын аудан орталықтарынан бөлек, ауылдағы ағайын да көруде. Соның бірі – Әйтеке би кентіне жақын орналасқан Қазалы қаласы газға қосылды. Мердігер мекеме «МБК Құрылыс» ЖШС 1 млрд 26 млн теңгеден астам қаржыға 60 шақырымға жуық құбыр желілерін тартып, газ реттегіш құрылғылар орнатқан. 2020 жылдың аяғында басталған құрылыс толық аяқталып, жергілікті тұрғындар қуануда.

Аталған қуанышқа орай облыс әкімі қала тұрғындарын құттықтап, лебізін жеткізді.

– Бүгін Қазалы қаласы үшін тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қосылып жатқан «көгілдір отын» әрбір отбасыға өзінің жылуымен келе берсін! Еліміздегі ірі стратегиялық маңызы бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры біздің аймаққа сәтті қадам, зор мүмкіндік әкелді. Облыс аумағынан өтетін құбырдың аймағымызды газдандыру саласын қарқынды жүргізуге жол ашты. Облыста барлық аудан орталықтары мен Байқоңыр қаласы «көгілдір отынға» қосылды. Сондай-ақ Сексеуіл, Төретам мен Ақай елді мекенін газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Биыл құны 3,2 млрд теңгеге газдандыру жобасы жүруде. Қызылорда қаласына жақын «Наурыз», Ж.Махамбетов, Шиелі ауданындағы «Алғабас», «Ақмая» ауылына газ тарту жұмыстары өтуде. Міне, бүгін Қазалы қаласындағы газдандыру жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Бұл іске қосылатын жоба аясында 8 мыңнан астам тұрғын газға қол жеткізеді. Мұнан бөлек, биыл осы аудандағы Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов» және «Басықара» елді мекені де «көгілдір отынға» қосылады. Нәтижесінде облыс тұрғындарының 68 проценті табиғи газбен қамтылмақ. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, көптеген экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Қазалы қаласына газ берілуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің сөзінен соң қазалылық еңбек ардагері Жақсыбай Орынбасаров сөз сөйлеп, ел азаматтары мен құрылысшыларға алғысын айтты. Мұнан соң облыс басшысы қала тұрғыны Бақытжан Махамбетжановтың үйіне кіріп, «көгілдір отынның» берілуін арнайы көрді. Сондай-ақ осы отбасыға газ плитасын сыйға тартты.

Облыс басшысы ауданда актив отырысына қатысты. Жиналғандар алдында ел бірлігінің артуы мен өңірдің өркендеуі жолында халықпен бірлесе жұмыс істейтінін айтты.

– Сыр өңіріне басшы болып келгеніме қуанып жатқан жерлестерімнің көптігі маған үлкен жігер беруде. Ендігі алдыма қойған мақсатым – ел Президентінің артқан сенімінен шығып, жерлестерімнің алғысын алу. Осы жолда өздеріңіздей еңбекқор азаматтармен бірлесе Сыр өңірін өркендетіп, республикадағы алдыңғы қатарлы облысқа  айналдырсам деймін.

Халықтың әл-ауқатын көтеру – біздің бірінші кезектегі басты міндетіміз. Туған жерді дамытуға күш біріктіріп, тізе қосып, кесімді пікір мен келелі шешім қабылдау үшін өздеріңізбен кеңесіп отырудың орны бөлек. Кейінгі уақытта өздеріңіз жақсы білесіздер, бір жылдай Үкіметте жұмыс жасадық. Көптеген азаматтармен, елге тілеулес басшылармен араластық, жанында жүріп біраз тәжірибе жинадық. Өндірісі дамыған басқа өңірлерді көрдім. Солардың барлығынан жинаған тәжірибені елді көтеруге жұмсаймыз. Қиындықтар бар, білеміз. Бірақ, әр істі ұтымды ұйыстыра білсек ғана оны жеңеміз, – деді жиында облыс басшысы.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен қатар алдағы мақсат-міндеттерге шолу жасап өтті. Ал отырыс соңында «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов өз лебізін жеткізсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, батасын берді.

Қазалыдағы тағы бір қуаныш – көпір құрылысы. Әсіресе күз бен көктем уақытында дарияның арғы бетінде отырған халыққа тым қиын. Су үстіне салынған қалқыма қайық көпір сеңнің соққысынан шыдамайтын.

Енді тұрғындар бұл қиындықтан құтылады. Өткен айда ғана Қазалыдағы «Қарлаң» учаскесіне көпір құрылысы басталды. Бұған дейін Сырдария өзені арқылы темірбетонды көпір салу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Бүгінде мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған құрылыстың жалпы құны 4 жарым млрд теңгеге жуықтап отыр. Қазалыдағы сапарын «Қарлаң» учакесінде түйіндеген Нұрлыбек Нәлібаев жаңа көпірдің құрылыс жұмыстарын көрді.

Дарияның арғы бетінде орналасқан «Бірлік», «Өркендеу», «Тасарық», «Лақалы», «Қожабақы», «Бозкөл», «Кәукей» сияқты ауыл халқы мұны көп жылдан бері күтіп жүргені шындық. Енді елді мекендегілердің көктем мен күзгі сең жүру кезінде қиындық көрмейтіні қуантып тұр. Ал экономикалық тиімділігі жағынан, өзеннің арғы бетіндегі егістік және балық шаруашылығын дамытуға оң септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ, қауіпсіз және тұрақты көлік қатынасымен қатар медициналық жедел жәрдем көрсетуге де оң әсерін бермек.

Сырдария өзені үстіне түсетін көпір ұзындығы 250 метрге жуықтайды. Ені 13 метр, жолы екіжолақты болмақ. Бұған дейін құрылысын бастау үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, салалық басқарма тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған еді. Қазір жеңімпаз болған «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС жұмыс жүргізуде.

«Қарлаң» учаскесіндегі көпір құрылысының басталуы – дарияның арғы бетіндегі ағайынның бұрыннан келе жатқан тілегі екенін айтқан аймақ басшысы көпірді сапалы әрі дер уақытында аяқтауды жауаптыларға міндеттеді.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<