Өнер мерекесінің меймандары

672

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қазақтың қаһарман қызы» мерекелік концертіне арнайы келген өнер иелерімен кездесті.

Басқосуға Қазақстанның халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның және Қырғызстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген артистері Сұлушаш Нұрмағанбетова мен Гүлнәр Сиқымбаева және отандық эстрада жұлдыздары Жеңіс Ысқақова мен Айгүл Иманбаева қатысты.

Аймақ басшысы Халық қаһарманы, қазақтың бұлбұлы атанған Роза Бағланованың ізін жалғап, әндерін насихаттауда өнер иелерінің айрықша орны бар екенін жеткізіп, ілтипатын көрсетті.

– Айтулы концертке қазақтың ән өнерін асқақтатып, ұлт мәдениетін көтеруге еңбек сіңіріп жүрген өздеріңіздің қатысып, өнер көрсетулеріңіз Сыр жұртшылығы үшін үлкен мақтаныш деп білемін.

Сыр елінде ән мен өнер мерекесі ғана емес, ұлт руханиятының жаңғырған сәті десе болады. Өнер көшіндегі Сіздер тұрғанда ән падишасы, қазақтың қаһарман қызы Роза Бағланованың есімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретіні сөзсіз – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Басқосуда Нұрғали Нүсіпжанов, Алтынбек Қоразбаев пен Сұлушаш Нұрмағанбетова Роза Бағланованың өнер әлеміндегі қолтаңбасын сөз етіп, Сыр жұртының өнер иелеріне деген құрметі үшін алғысын жеткізді.

Мұнан соң, облыс басшысы ұлт өнерінің майталмандарына Сыр халқы атынан сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<