Қызылордада ҚМДБ ауызашары берілді

569

0

Қызылорда қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ауызашар дастарқаны жайылды.

Облыс орталығында орналасқан «Жан Арай» мейрамханасында өткен берекелі жиында мемлекет пен қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, ардагер ақсақалдар, өнер адамдары, спортшылар, БАҚ өкілдері сынды түрлі сала мамандары, кәсіпкерлер мен мешіт жанашырлары және белсенді жастар қатысты.

Қасиетті Құран аяттарымен басталған ауызашар кешінде облыстың бас имамы Болатбек Әбуов қонақтарға ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының жылы лебізін жеткізіп, мүбарак Рамазан айымен құттықтады. Және де ҚМДБ-ның Сыр өңіріндегі өкілдігінің ұйытқы болуымен атқарылған жұмыс нәтижелері мен қолға алынған бастамалар туралы баяндады.

– Рамазан айының үшінші онкүндігінде де Сыр мешіттері қайырымды істерімен жарысуда. Атқарылған жұмыстар есебіне сандық көрсеткіштермен көз жүгіртер болсақ, облыс бойынша 620 отбасыға «Рамазан қоржынын» үлестірсе, 1500 адамға ауызашар тағамдарын, 114 отбасыға ет таратты. Сонымен қатар, 6 адамның еміне 680 000 тг, 1 студенттің оқуына 50 000 тг және тұрмысы төмен отбасыларға 210 000 тг көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп, 1 қариға кіші қажылыққа жолдама, 1 отбасыға қой, 1отбасыға теледидар табысталды, – деді Б.Әбуов.

Бұдан кейін күмбірлеген күй төгіліп, тағлымды насихат айтылды. Қонақтарға рамазан кәдесыйы ретінде зәм-зәм суы таратылды.

«СБ ақпарат»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<