Татулықтың тамыры тереңде

962

0

Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің қарсаңында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстанның этно-конфессияаралық келісім моделі» тақырыбында конференция өтті. Жиында Тәуелсіз еліміздің бірлігі мен берекесіне арқау болатын ұлтаралық және дінаралық келісім мәселесі төңірегінде сөз қозғалды.

Конференцияны облыстық дін істері басқармасының басшысы Қуаныш Жанұзақов ашып, дүниежүзінде орын алып жатқан түрлі оқиғалардың елдің тыныштығы мен қоғамның тұрақтылықтылығына өзіндік әсерін тигізетінін атап өтті.

–Тәуелсіз, құқықтық зайырлы мемлекет – Қазақстанда жүздеген ұлт өкілінің өзара татулық пен ынтымақтастық аясында өмір сүріп жатқаны қазақ халқының кең пейіл, кемел  ұстанымының көрінісі, – деді ол.

Конференцияның модераторы, дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Бақытжан Камалов жиынның күн тәртібін және өзге өңірлерден арнайы келген қонақтарды таныстырды.

Алғашқы баяндамашы елордадағы Н.Назарбаев орталығының қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Зәуре Малғараева  «Зайырлылық – қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың негізі» тақырыбын тарқатып, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.

–Еліміздің Конституциясында айтылғандай, Қазақстан – құқықтық зайырлы демократиялық әлеуметтік мемлекет. Сондықтан елімізде ұлтаралық зайырлы ұстанымға негіз болатын мемлекеттік конфессияаралық саясаттың басты қағидалары қалыптасқан. Бұл – кешелі-бүгін орнаған келісім емес, қазақ елінің түп тарихынан келе жатқан татулық пен ынтымақтың үлгісі. Айталық, кешегі кеңестік кезеңде еріксіз қудалауға ұшыраған қаншама ұлттар мен ұлыстар қазақ жерінен жайлы қоныс тауып, күні бүгінге дейін өсіп-өніп отыр. Сондықтан біздің еліміз үшін ұлтаралық және дінаралық келісімнің маңызы ерекше, – деді ол.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің PhD докторы Б.Ботақараев«Этно-конфессияаралық келісім мен тұрақтылық қоғам дамуының негізі» тақырыбында баяндама жасады.

–«Қазақстанда қазіргі уақытта қырыққа жуық діни сенім өкілдері тұрады, сондықтан этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

Бұл тұрғыда «Ұлтаралық және дінаралық келісімнің қазақстандық моделін жаңғырту жөніндегі 2006-2008 жылдарға арналған бағдарлама» қабылданып, табысты жүзеге асырылды. Күрмеуі түйінделген талай мәселені осы бағдарлама айқындап берді. Ал, 2011 жылы құрылған Дін істері агенттігі сол  мәселелердің өз деңгейінде шешілуіне сеп болды. Сондай-ақ, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданып, діни ұйымдарды қайта тіркеу жүзеге асты. Осылайша елімізде сол жылдары қаптап кеткен түрлі діни бірлестіктер сүзгіден өтіп, олардың жауапкершілігін көтерді. Айталық, заңды қабылдар алдында елімізде 50-ге жуық конфессия мен деноминацияларды білдіретін 4500-ден астам діни қауымдастық бар болатын. Қайта тіркеу нәтижесінде 17 конфессияны білдіретін 3100-ден аса діни бірлестік қалды. Бұл да болса дер кезінде ушыққан мәселені қолға алып, шешілуіне түрткі болған жайт деп білемін. Өйткені, осынау статистикаға қарап-ақ заңның қоғам жауапкершілігін қалай көтергенін байқаймыз. Шын мәнінде бір республиканың астында он жеті конфессияны насихаттайтын үш мыңнан астам діни бірлестік пен жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілін тату-тәтті ұстап тұру үлкен күш-жігерді қажет етері сөзсіз.

 Қорыта айтқанда, этносаралық келісімнің қазақстандық моделі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеді. Мемлекет бастапқыдан Қазақстанда тұратын халықтардың мүдделерін біріктіру, этностық емес, азаматтық қоғамды қалыптастыру пайдасына таңдау жасады. Кофи Аннан Қазақстан Республикасына сапары кезінде «Басқа мемлекеттер үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақтылықтың, орнықты дамудың үлгісі» деп атаған болатын, – дейді Бауыржан Қуанышбайұлы.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Оразбақовтың «Сыр өңірінің полиэтникалы халқының қалыптасу тарихы» тақырыбындағы баяндамасы көптің көкейіндегі сан түрлі сауалдың жауабын дөп басқандай. Баяндамада айтылған деректерге назар аударсақ:

«Ұлы Отан соғысы қарсаңында Қазақстанның этно-демографиялық жағдайы үлкен өзгерістерге ұшырады. Қазіргі таңда Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда халқы аз болғанымен 140 этнос өкілдері тұрады. Бұның шырқау шегі ХХ ғасырдың 20-40 жылдары қалыптасты. Тарихымыздан белгілі, 30-жылдардың басындағы аштық қырғыны Қазақстан халқын біраз күйзеліске ұшыратып, санын азайтып тастаса, соғыс алдындағы репрессия ұлттық интеллигенцияны біржола жоқ қылды деуге болады. Ал басқа халықтардың күштеп Қазақстанға көшіріле бастауы онсыз да қиын жағдайда өмір сүріп жатқан халықты одан сайын күйзеліске түсірді.

Кеңес үкіметі басшыларының КСРО-ның шекара аймақтарын негізгі отаны КСРО-дан тыс жерлерде орналасқан халықтардан «тазарту жұмыстары» нәтижесінде Қазақстанға Карелиядан 8423 фин, Қиыр Шығыстан 98 454 кәріс, КСРО-ның батыс шекараларынан 28 580 неміс, 35 739 поляк көшірілді. Бұларға қоса Кавказдың шекаралас аймақтарынан 1121 армян және курт, 2010 ирандықтар отбасы көшірілді. Бір отбасында 5 адам деп есептесек, Кавказдан орта есеппен 15 655 адам көшірілген екен. 1939 жылы Польша Германиямен КСРО бөлінісіне салынғансын тағы 60 667 поляк Қазақстанға көшірілді» деген нақты мәліметтер айтылған.

Осы кезеңде Қазақстан жеріне 68969 отбасы көшіріліп, 60 мыңнан астамы колхоз жұмысына араласты. Оның ішінде Қызылорда облысы бойынша ауылдық елді мекендерге орналастырылған 2857 отбасы колхоздарда еңбек етті.

–Міне, осындай алмағайып кезеңде қазақ жеріне тағдыр айдап келген қаншама ұлт өкілдері халқымыздың мейірбандығы мен қамқорлығының арқасында еш алаңсыз өмір кешті. Бүгінгі күні олардың ұлттық құндылығы мен дәстүр-салтын ұстануына барлық жағдай жасалған. Еліміздегі барлық халықтың бір ту астында бейбіт өмір сүруі – мемлекеттік саясаттың басты ұснатымы, – деді А.Оразбақов.

Конференцияның қорытындылау сәтінде сұрақ-жауапқа кезек беріліп, қатысушылар ой-пікір алысты. Осы орайда «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің бірінші найб имамы Жақсыбек Әбиұлы келелі жиыннан алған әсерін бөлісті:

–Қазақ халқы ежелден ислам дінінің құндылықтарын ұстанып келеді. Ислам дінінде «Отанды сүю – иманнан» деген сөз бар. Осындай адами кемел ұстанымы мен ізгі қасиетінің арқасында қазақ халқы елімізді мекендеген барлық ұлтпен тең қарым-қатынас орнатып, мемлекетіміздің келешегі, Отанымыздың тыныштығы жолында бірге ғұмыр кешіп келеді. Бүгінгі келелі жиында көп ойды көңілге түйдік, – дейді ол.

                                                                                             Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<