Сенім – ерге сын

706

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев актив отырысында Қызылорда қаласының жаңа әкімін таныстырды.

Жиында аймақ басшысы қала әкімі қызметін атқарған Ғанибек Қазантаевтың өз өтінішіне сәйкес Қызылорда қаласының әкімі лауазымынан босатылғанын хабарлап, қаланың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді және Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

Өз кезегінде Ғанибек Қазантаев әріптестеріне бірге жұмыс істеу барысында көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.

Облыс әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Қызылорда қалалық мәслихатының келісімі бойынша Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Асылбек Шәменов тағайындалды.

Аймақ басшысы жаңа әкімді таныстырып, қызметінде сәттілік тіледі.

– Асылбек Өмірбекұлы бұған дейін де бірқатар жауапты қызметтерді атқарған. Қаланың тыныс-тіршілігімен етене таныс. Әсіресе Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде қаланың қайнаған қазанында шыңдалған тәжірибелі және іскер басшы. Бүгінгі күнге дейін Жалағаш ауданының әкімі қызметінде жүріп, ауданның экономикалық жағдайын жақсарту мен әлеуметтік әлеуетін арттыру жолында ауқымды жобаларды жүзеге асырып, жергілікті халықтың қолдауына ие болған. Ендігі кезекте, осы жинаған тәжірибесі мен білімін, іскерлік қабілетін облыс орталығы – Қызылорда қаласын дамытуға арнап, сүбелі үлес қосады деп сенеміз, – деді облыс әкімі.

Асылбек Шәменовке Қызылорда қаласының қоғамдық-саяси ахуалының тұрақтылығына жауапты болып, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында экономиканың барлық салалары бойынша дамудың оң параметрлеріне қол жеткізуді тапсырды.

Сондай-ақ, қаланың санитарлық тазалығы, көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбеті, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына және тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс жасауына баса назар аударуды, облыс орталығының сол жағалауын игеру мен дамыту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруды міндеттеді.

Жиында қоғам қайраткерлері Қожахмет Баймаханов, Айтбай Көшербаев шаһардың жаңа басшысының қызметіне сәттілік тілеп, жерлестерін өңірді өркендету жолында бірлесіп әрекет етуге шақырды.

***

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев актив отырысында Жалағаш ауданының жаңа әкімін таныстырды.

Жиында аймақ басшысы Шәменов Асылбек Өмірбекұлының Қызылорда қаласының әкімі лауазымына тағайындалуына байланысты Жалағаш ауданының әкімі қызметінен босатылғанын хабарлап, екі жылдан астам уақыт ішінде ауданның дамуына лайықты үлес қосқанын атап өтті.

Облыс әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Жалағаш аудандық мәслихатының келісімі бойынша Жалағаш ауданының әкімі лауазымына Есжанов Асқарбек Темірбекұлы тағайындалды.

Аймақ басшысы жаңа әкімнің қызметіне сәттілік тіледі.

– Асқарбек Темірбекұлы – басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесі мол, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде атқаратын білікті азамат.

Әр жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратында бөлім басшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы, Қызылорда қалалық мәслихат аппаратының басшысы, Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болған.

2021 жылдан бастап осы кезге дейін Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы лауазымында абыроймен қызмет атқарып келді.

Сондықтан Мемлекет басшысының саясаты аясында берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, өздеріңізбен бірге туған жері Жалағаш ауданын одан әрі дамытуға аянбай жұмыс жасайтынына сенемін, – деді облыс әкімі.

Жиында сөз алған ардагерлер қауымы ауданның жаңа әкімінің қызметіне тілеулестік білдірді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<