Мемлекеттік хатшы өңір жұртшылығымен кездесті

453

0

Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірге Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесу өткізді.

Алдымен Мемлекеттік хатшы мен Ұлттық кеңес мүшелері Қызылорда облысының активімен жүздесті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына тоқталды.

–    Өткен аптада Президент Конституцияға өзгеріс енгізу жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне қатысты бейнеүндеуінде: «Біз бәріміз ел болып жаңа Қазақстанды, әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша екінші республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет» дегенін білесіздер. Бұл – мемлекетті өркендетудің адындағы түбегейлі өзгерістерге бағыттайтын айрықша маңызды саяси шешім, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде, Мемлекеттік хатшы конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы айтты.

– Бұл  реформалар, өздеріңіз білесіздер, өте ауқымды. Ата заңымызда 98 бап бар болатын болса, соның 33-не өзгерістер енгізілейін деп отыр. Әрине, үштен бірі. Сондықтан бұл ауқымды өзгерістер. Бірақ, мәселе сан жағынан  емес, мазмұн жағынан да өте үлкен терең өзгерістер. Себебі, ең бастысы бір сөзбен айтар болсақ, билік тармақтары арасындағы тең қарым-қатынасты  орнату, – деді Ерлан Тынымбайұлы.

Кездесуде ҰҚСК мүшесі Мұрат Әбенов конституциялық реформаға қатысты түсіндірме берді. Ол саяси реформалар мен конституциялық өзгертулерді әзірлеу барысындағы талқылауларға сарапшылар мен қоғам қайраткерлерінің, оның ішінде Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысқанын жеткізді. Сонымен қатар, конституциялық реформаны әзірлеудің әр кезеңінде қоғамдық талқылаулар жүргізілді. Нәтижесінде жұртшылық ұсыныс-пікірлерінің басым бөлігі ескерілді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов:

– Осы уақытқа дейін Конституцияда билік тек қана Парламент арқылы өткізді, өз билігін күшейту үшін. Ендігі Конституция керісінше болып жатыр: халықтың билігін күшейтеді, билік басындағылар өзара бөліністі басқаша жасайды. Сол себептен мына алдағы референдумда барлығымыз бірауыздан осы жаңа Конституцияға өзгерістерді қолдауға шақырамын, – деді.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы мен ҰҚСК мүшелері шығармашылық зиялы қауым өкілдері және облыстың қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Жиында білім, мәдениет және өскелең ұрпаққа рухани-патриоттық тәрбие беру мәселелері көтерілді. Қоғам өкілдері елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен жалпыхалықтық референдум өткізудің маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекеттің басты байлығы – адам. Адамның басты байлығы сенім деп ойлаймын. Осы жерде референдум билікке деген халықтың сенімін қайтарса, бұдан артық пайданы көріп тұрғаным жоқ. Әр нәрсеге әділеттің көзімен қарасақ, Мемлекет басшысы жиі айтып жүрген жаңа Қазақстанның негізгі өзегі ол – әділеттілік. Әділет болған жерде қалған шаруа өзінің орнына түседі деп ойлаймын. Жеке деңгейде де, мемлекеттік деңгейде де. Осы сенім мен әділет бір жерге орнықса, қалған шаруаның істелуі де оңайырақ болмақ, –  деді айтыскер ақын Мұхтар Ниязов кездесуде.

Одан кейін Қызылорда облысының қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өтті. Кездесуде қоғам белсенділері, сарапшылар және мемлекеттік қызметкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жайында әңгіме қозғалды.

Бұдан соң Ерлан Қарин өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Кездесуге қатысушылар жұмыспен қамту және жастарға арналған әлеуметтік қолдау бағдарламаларының орындалу жайын талқылады. Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметіне тоқталып, жас буынның елдегі қоғамдық-саяси өмірге араласуының маңыздылығын атап өтті.

Жалпы, кездесулер аясында аймақтың қоғам белсенділері Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен жалпыхалықтық референдум өткізу идеясын қолдады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<