Ғалым-ұстаздың ұлағатты ғұмырнамасы

616

0

Адамзат тарихындағы ата-бабаларымыз бен олардың ұрпақтарының жалғастығы – мыңжылдықтар бойы үздіксіз қозғалыстағы тіршілік әлеміндегі дәстүрлі жол. Әрбір жаңа буын ұрпақ өкілдері өздерінің ата-аналарының ғұмырнама белестерін жалғастырып келе жатқан тарихи белестер туралы өзіндік ойларын сараптап отырады. Осындай ұрпақтар жалғастығына негізделген дерекнамалық-тарихнамалық дәстүр аясында мен де өзімнің әкемнің ғұмырнамасын жүйелеп жазуды жүзеге асырғым келеді. Менің әкем филология ғылымдарының докторы, профессор Тебегенов Темірхан Сақаұлы 1949 жылы 18 қараша қазіргі Қармақшы ауданы Ақжар мекенінде, «Ақбел-Көк иін» – «Тебеген ойы» деген жерде дүниеге келген.

1958-1968 жылдары «Ақжар» кеңшарындағы №28 ҚЛКЖО ХХV жылдығы атындағы «Бестам» орта мектебінде оқып, онжылдық білім алған.

Атамыз Сақаның туған ағасы, яғни, үлкен атамыз Тебеген Қожаназаров (1894-1940) 1929-1934 жылдары Қармақшы аудандық революциялық комитеттің мүшесі, Қуаңдария болысы атқару комитеті басқармасының төрағасы, одан кейін Дауылкөл ауылдық кеңесінің төрағасы болған. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін салдарынан жазықсыз жазаланып, Сібірге жер аударылған, 1940 жылы ақталған. Оның інісі Сақа Қожаназаров мұғалім болып еңбек еткен. Әжеміз, әкеміздің анасы Күләмза Дайырқызы  атамыз Сақа қайтыс болғаннан кейін отбасындағы балаларын тәрбиелеп өсірген. Біздің әкеміз – отбасындағы балалардың кенжесі. Атамыз Сақа 1958 жылы қайтыс болған. Әкеміздің үлкен ағасы Әлсүйеу де, ортаншы ағасы Төлепберген (Төлен) де тұрмыстық жағдайға байланысты мектептегі оқуын тастап, ауылдың шаруашылық жұмыстарына араласқан. Ал, біздің әкеміз орта мектепті толық аяқтап шыққан. Әжеміз Күләмза отбасы берекесін сақтап, балаларының еңбек етулеріне және кенже ұлы, біздің әкеміз Темірханның оқудан қол үзбеуіне бар мүмкіндікті жасап баққан. Сондықтан, әулеттің отын сөндірмей, балаларының лайықты өнегелі өмір сүруіне ықпал еткен әжемізді кейінгі ұрпақтары үнемі құрметпен еске алады. 

Әкем орта мектеп оқыған жылдарда Таян Жүсіпов, Тұрмахан Тұңғышбаев, Бибігүл Жұбанбаева, Сара Бейсенбаева, Шәкизада Шоқбаров, Айдарбек Әбдіраманов, Зинали Ыбыраев, Жұпар Аяпова, Мәдина Сүйінбаева, Сәден Нұртаев, Іскендір Бағатов, Үсен Баймаханов, Әсия Шоқбарова және т.б. ұстаздардан терең білім негіздерін, адамгершілік тәлім-тәрбие ұлағатын бойына сіңіреді.

1968-1972 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып, бітіреді. Сөз өнерін оқыту мен зерттеу мамандығын игеруде қазақтың көрнекті ғалымдары – Әуелбек Қоңыратбаевтың, Нұрлыбек Жүнісовтің, Әнес Жақыповтың, Әли Байжоловтың, Гүлзәй Смағұлованың, Мәди Кереевтің, Үсен Абдуллаевтың және т.б. ұстаздардың білім, білік, адамгершілік ұлағатын үйренеді. 

1972-1974 жылдары Қармақшы ауданының «Қуандария» кеңшарындағы №186 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытудағы озық әдістемелік шеберлігі, педагогикалық тәлім-тәрбие істеріндегі біліктілігі, іскерлігі аудандық оқу бөлімі тарапынан жоғары бағаланды. Ауылдағы мәдени-ағарту жұмыстарын ұйымдастыруға белсене қатысты, ауыл клубы сахнасында көркемөнерпаздардың күшімен шағын пьеса қойылымдары мен концерттер ұйымдастыруға үлесін қосты.

1974-1981 жылдары Қызылорда қаласындағы №10 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, тәрбие жұмыстарының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Бұл жылдары қалалық, аудандық, облыстық педагогикалық оқуларда жасаған қазақ әдебиетін мектепте оқытуға және тәрбие мәселелеріне арналған ғылыми-әдістемелік баяндамалары  жоғары бағаланды.

1981-1991 жылдары Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтында (қазіргі Қорқыт ата атындағы университет) еңбек етті.

1986-1987 жылдары әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық (бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) университетінің аспирантурасында оқыды. «Ақындық дәстүр және Н.Бекежанов поэзиясының өзіндік ерекшеліктері» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады (1987). Аталған пединституттың бастауыш оқудың педагогикасы мен методикасы, қазақ тілі және әдебиеті кафедраларында оқытушы, аға оқытушы, доцент, қазақ тілі және әдебиеті, қазақ әдебиеті және араб тілі кафедраларының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Педагогикалық институттағы барлық факультеттерде қазақ тілі пәнінің оқытылу бағдарламасын жүзеге асыруды ұйымдастырды. Зейнолла Шүкіров атындағы әдеби бірлестігі мүшелерінің шығармашылық ізденістеріне жетекшілік етті.

1989-1992 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы республикалық басқармасының мүшесі, Қызылорда облыстық ұйымы басқармасының төрағасы болып сайланды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеде қолданылуын нығайтуға арналған көсемсөздік мақалалары республикалық, облыстық баспасөзде жиі жарияланып тұрды.

1990 жылы қараша, желтоқсан айларында Түркияда тұратын қазақтардың арнайы шақыртуымен Ыстанбұл қаласына барды. Түрік халықтары мәдениеті мәселелері бойынша әртүрлі кездесулерге қатысты. Баязид университеті ғалым-ұстаздарымен пікірлесті.

1991 жылдың қазан айынан бастап Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Қазақ әдебиеті», «Қазақ әдебиеті және журналистика» кафедраларының меңгерушісі қызметтерін атқарды.  Өмірінің ақырғы күндеріне дейін академик С.Қирабаев атындағы «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының профессоры болып еңбек етті. «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Шетел әдебиеттері тарихы» пәндерінен лекциялар оқыды.

Профессор Т.Тебегеновтің ғылыми жетекшілігімен 1 докторлық, 13 кандидаттық, 10 магистрлік диссертация қорғалған. Жарияланған еңбектерінің жалпы саны 600-ден асқан, олардың ішінде 20 мақала    шетелдерде жарық көрген.

2013 жылдың қазан, қараша, 2016 жылдың мамыр, маусым айларында Қытай астанасы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетіндегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетінде «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Әдебиет теориясы зерттеулерінің методологиясы», «Қазақ әдебиетінің эстетикалық табиғаты», «Шетел әдебиетінің тарихы» пәндері бойынша арнайы шақыртылым бойынша дәрістер оқыды, магистрлік, PhD диссертациялар қорғау кеңестерінің мүшелігі жұмыстарына қатысты.

Жарияланған кітаптары 30, оның ішінде: 11 монография, 2 оқулық, 17 оқу құралы бар.

Профессор Т.Тебегенов ҚР БҒМ бекіткен 5 оқу пәні типтік бағдарламаларының авторы: 1. Қазақ әдебиетінің тарихы (ХІХ ғ.); 2. Қазіргі қазақ әдебиеті (ХХ ғ. 70-90 жж. және ХХІ ғ. басы); 3. Шетел әдебиеттерінің тарихы (барлық кезеңдері бойынша); 4. Шығыс әдебиетінің тарихы; 5. Әдебиет тарихын дәуірлеудің теориялық негіздері (магистратура).

Профессордың «Шетел әдебиеттері тарихы» (1996, 2006 жж.) кітабында ХІХ-ХХ ғғ. жаңа реалистік әдебиет дамуы арнасындағы Түркия, Иран, Үндістан мемлекеттеріндегі сөз өнері шығармашылығы үрдісінің даму жағдайы сөз болған. Аталған Шығыс елдеріндегі әдеби және қоғамдық-әлеуметтік даму сабақтастығы жүйеленген. Әлем әдебиеті пәнінің Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жолындағы жаңа тарихында мемлекеттік қазақ тілінде оқытылуы мақсатын жүзеге асыруға арналған кітаптағы материалдар ұлттық әдебиеттанудың көркем аударма үрдісінің жетістіктеріне негізделген. Кітапта Назым Хикмет Ранның (Түрік әдебиеті), Әбілқасым (Ғасем), Лахутидің (Иран-Тәжікстан), Рабиндранат Тагордың (Үндістан) өмірі мен шығармашылығы қарастырылған.

«Әлем әдебиеті» (XIX-XX ғасырлар) аталатын екі кітаптан тұратын оқулық-хрестоматиясы (2016) Азия, Африка (бірінші кітап), Еуропа, Америка (екінші кітап) құрлықтары халықтары әдебиеттеріндегі көрнекті ақын-жазушылар шығармаларын топтастырған, қазір оқу орындарында қолданылып жүр.  «Әдебиет тарихының мәселелері» (1998) кітабындағы шығармалар қазақ және әлем халықтары сөз өнері мұраларының көркемдік жалғастық жолы заңдылығы бойынша қарастырылған. Ислам өркениеті дүниетанымы негізіндегі классикалық әдебиет тұлғалары шығармаларының дидактикалық-философиялық, лирикалық, эпикалық сарынды ерекшеліктері байыпталған. ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихы көрнекті тұлғаларының әдеби мұралары арнайы қарастырылған. Хакім Абай шығармаларындағы діни-исламдық дүниетаным болмысы жалпыадамзатқа ортақ гуманистік-эстетикалық көзқарастар тұрғысында дәлелденген. Ыбырай Алтынсарин мұрасындағы діни-исламдық көзқарастар, Омар Шораяқұлының, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының, Сәкен Сейфуллиннің, Ғабит Мүсіреповтің, Асқар Тоқмағамбетовтің, Қалижан Бекхожиннің шығармалары жеке-жеке ғылыми очерктер түрінде жазылған. Кітап әдебиет тарихының әртүрлі кезеңдеріндегі ақын-жазушылар мұраларының үздіксіз жалғасқан көркемдік дәстүр сабақтастығын танытуға арналған.

Профессор Т.Тебегенов құрастырған «Әлем әдебиеті» (ХІХ-ХХ ғғ.) хрестоматиялық оқу құралында түрік, парсы, қытай, жапон, үнді, моңғол, (І кітап), неміс, ағылшын, француз, поляк, венгер (мадияр), американ (ІІ кітап) халықтары ақын-жазушыларының туындылары үлгілері қамтылған.

«Қазақ әдебиетін оқыту мен зерттеудің іргелі орталығы» (2008) атты әдеби-танымдық оқу құралында Қазақстандағы ең тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасының 1928-2008 жылдар арасындағы жұмысы қамтылған. Қазақ әдебиеті кафедрасының әуелгі құрылуынан бері осы ұжымда еңбек еткен көрнекті әдебиетші ғалым-ұстаздар туралы танымдық-дерекнамалық материалдар 80 жылдық тарихи бар іргелі орталық ұлағатын танытады. Кітапта тұңғыш жоғары оқу орнының қалыптасуына зор ықпал еткен қазақ ұлтының қайраткерлері – Ахмет Байтұрсыновтың, Сәкен Сейфуллиннің, Мұхтар Әуезовтің, Қажым Жұмалиевтің, Мәлік Ғабдуллиннің, Серік Қирабаевтың, Нығмет Ғабдуллиннің, Қайнекей Жармағанбетовтің, Немат Келімбетовтің және т.б. ғалым-ұстаздардың шығармашылығы туралы мақалалардың тарихи-әдеби танымдық тағылымы айқын.

Қазақ әдебиеті кафедрасының әуелгі қалыптасу бастауындағы көрнекті қайраткерлердің дәстүрін жалғастырған кейінгі толқын ғалым-ұстаздардың да оқыту мен зерттеу бағдарындағы шығармашылық еңбек жолдары туралы бағалаулар жазылған. Оқу құралының үшінші бөлімінде қазіргі жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті пәнін оқытудағы өзекті оқу-әдістемелік мәселелер қарастырылған.

1992-2002 жылдар студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын бағалайтын республикалық сараптау комиссиясының төрағасы болды. 2002 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі  М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында «Ақындық поэзиядағы фольклор мен әдебиет дәстүрі» тақырыбында филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады.

Т.Тебегеновтің өлеңдері, мақалалары «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» томдарында, республикалық газет-журналдарда, ғылыми жинақтарда жарияланған. Ғылыми-әдеби ғұмырнамасы «Қазақ әдебиеті» (2005), «Сыр елі» (2006) энциклопедияларында жарияланып, бірқатар еңбектері Қытайда, Ресей, Түркия, Өзбекстан елдерінің журналдарында жарық көрген. Халықаралық республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми-әдістемелік конференцияларда үнемі баяндамалар жасады.  2002 жылы Алматы қаласы әкімінің демеуімен Бауыржан Момышұлының туғанына 90 жыл толуына байланысты таңдаулы материалдарға жарияланған бәйгесінен «Оттың ұшқынымын, судың тамшысымын» атты ғылыми-зерттеу мақаласы үшін екінші жүлде берілді. Сонымен бірге филология ғылымдары бойынша ғылыми дәреже беретін диссертациялық кеңестің, ҚР Жоғары Аттестациялық Комитетінің филология және өнертану мамандықтары бойынша сараптау кеңесінің, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Дарын» ғылыми орталығы сараптау комиссиясының, «Қазақ және әлем әдебиеті» журналының, «Жамбыл әлемі» газетінің бас редакторы, «Қазақ тілі мен әдебиеті қазақ, орыс сыныптарында», «Білім технологиялары» ғылыми-әдістемелік, «Рухнама», «Әлімсақ» әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналдары редакция алқаларының мүшесі болды.

1992 жылдан университеттегі С.Сейфуллин атындағы әдеби шығармашылық өнер бірлестігінің жетекшісі болып келді, жас ақындардың, прозашылардың, журналистердің ізденістеріне бағдар берді, көптеген танымал қаламгерлердің қалыптасуына ықпал етті.

2009 жылы Қармақшы ауданының Ақжар ауылындағы №28 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті педагогикалық кеңестің шешімімен «Профессор Темірхан Тебегенов атындағы кабинет» болып аталды.

Қармақшы ауданының құрметті азаматы, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің,  Халықаралық Махмуд Қашқари орденінің иегері. «Қорқыт Ата атындағы Алтын медалімен», Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Абай», «Үздік ұстаз» медальдарымен, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықпен, Түркі Әлемі Халықаралық «Қызыл алма» сыйлығымен  марапатталған.

Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрі академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» сыйлығының лауреаты.

Әкемнің жары, біздің анамыз Сапура Махамбетқызы (1952-2006) жоғары білімді ұстаздық-тәрбиешілік қызметімен көптеген шәкірттерін баулыған білікті маман болған. Ол балалары біздерді  өсіріп, немерелерінің бақытты, берекелі тұрмысын дамытуға өмірін арнап өтті. Ағайынға, халыққа сүйкімді тұлғасымен ару ана тұғырындағы ұлағатымен сұлу өмір сүрді. Әкеміз бен анамыздың ұлағатты тәрбиесінің көрсеткішіндей 2007 жылы Халықаралық «Заман – Қазақстан» газеті ұйымдастырған республикалық байқауда «Үлгілі отбасы» жүлделі орнын иелендік. Текті әулеттің мұрагерлер ұстанымындағы бұл дәстүрді біз мәңгілік болашаққа жалғастырамыз.

Алтынарай ТЕБЕГЕНОВА,

филология ғылымдарының кандидаты (PhD), Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті  «Қазақ және орыс тілдері» кафедрасының меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<