Туған жердің төбе биі

484

0

Мен өз өмірімде алға бастайтын аға, жолға тастамайтын дос тапқанымды бақыт санадым. Айналамызда жақсы адамдар жетеді, тек көре білу керек. Олар бізге әрқашан демеу, әмәнда тілекші.

1999-2004 жылдары маған Сырдария ауданын басқару міндеті жүктелді. Осы уақытта ерек ойлы, ерен бейнелі, жырғап сөз, құрғақ ақыл айтудан ада, дұрысыңды құптап, бұрысыңды нықтап жүретін Сейітмұрат Ембергенов, Үрістем Садықов, Абызбай Маханбетов, Мырзабек Оразаев, Ыбырай Сейфуллаев, Зинабдин Лекеров, Уәлибек Әбдуов, т.б. тамаша ағалар шоғырын жолықтырдым. Солардың бірі де, бірегейі, күллі өмірін туған жерін түлетуге сарп еткен еңбек ардагері Ширек Ысқақов болды.

Әңгімеміз осы бір асыл адам жайлы болғандықтан оның өмір жолына бір шолу жасап өткеніміз жөн шығар.

Ширек ағамыз 1937 жылы дүниеге келген. Әкесі атын кітап ашып, Шериаздан деп қойыпты. Пайғамбарымыз «Перзенттеріңді көркем есіммен атаңдар» деген екен. Себебі, адамның тағдыры да сол есіміне қатысты өрбісе керек. «Шер» деген сөз – «арыстан», ал, оның екінші буыны «құдірет» мағынасын береді дейді, білімділер. Ағамыз өз өмірінде арыстандай азамат дәрежесіне көтеріліп, еңбеккер құдіретін танытқан адам бола білді. Кішкентай баланың атын қысқартып айтатын дәстүрмен жасынан Ширек болып аталып кеткен.

Әкесі соғыстан оралмайды, анасы жетектеп жүріп, ер жеткізеді. Бала Ширек ерте есейіп, ересектермен қатар еңбек қамытына жегіледі. Мектепте жақсы оқығандықтан «Ақжарма» колхозының кітапханашысы болады.

Кітапханашылық қызметін атқара жүріп, колхоздың қоғамдық жұмысына белсене араласады. Ұйымдастыру қабілеті, ақиқатшылдығы тұрғысында көзге түсіп, ауыл комсомолдарының жетекшісі болып сайланады.

1964 жылы жастар жетекшісі Ширек Ысқақов атақты диқан Ыбырай Жақаевтың баспасөз бетінде жарияланған «Жас ұрпаққа сәлем хат» деп аталатын шақыруына үн қосып, күрішші болуға бел буады.

Өзін қандай іске салса да, бойындағы күш-жігерін сарқа төгетін жас күрішші алғашқы жылы-ақ жауапкершілігіне бекітілген 25 гектар күріштікті күтіп-баптап, әр гектардан 39 центнерден өнім түсіреді. Сөйтіп, облыс бойынша жас күрішшілердің арасында чемпион болады.

Ал, келесі жылы егіс тәсілін алған күрішші табысын еселей түседі. Ол орындаған көтеріңкі көрсеткіштер баршаға еңбек үлгісін танытады. Осылайша, өзара күріш өсіру бәсекесінде алдына орақ оздырмай,  1966 жылы жастар арасында рекордтық көрсеткішке қол жеткізеді. Күріштің әр гектарынан 67 центнерден ақ маржан жинайды. Жақаевтың ең жүйрік ізбасары атанған Ширек Ысқақов осы еңбегі үшін кеңестік дәуірдің жоғары марапаты «Ленин» орденін омырауға тағады. Бұл Қызылорда облысында ғана емес, сол кезде Қазақстан бойынша үлкен жаңалық саналған.Өйткені, кеудесінде көсем бейнесі жарқыраған күрішшінің жасы бұл уақытта отызға да толмаған еді.

Осыдан соң Ширек Ысқақов күрішшілер бригадирі болып, осы қызметін 1994 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін 27 жыл атқарады.

Жоспарлы экономика жолымен жүрген кеңестік кезеңнің жақсы дәстүрінің бірі еңбек адамының мәртебесін бірінші орынға қоятын.  Сондықтан егіс шаруашылығындағы шешуші тұлға саналған бригадир Ширек Ысқақов ағамыз «Ленин» орденінен басқа «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды. «Қазақ ССР-нің ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері» атанды.

Көп жыл партком, партбюро мүшесі, жергілікті кеңес депутаты, аудандық, облыстық партия комитетінің пленум мүшесі болды.

Кейінірек Сырдария ауданының Құрметті азаматы атағы берілді.

Ағамыз зейнеткерлікке шыққан соң ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланады. Ол осы қоғамдық жұмыста он үш жыл бойы белсене еңбек етеді.

Менің ағаны, ағаның мені жақсы танып, жақын тартқан кезеңдер – осы уақыт.

Ширек ағаға ауылдық ақсақалдардың жетекшісі деген атты қомсынатыным да шын еді. Ол кісіні «төбе би» десе жарасатындай. Жұрт ағаның сөзін ұйып тыңдайды. Дауысын көтермейді, сөзінің мән-мазмұнын көтереді. Елдің ауызбірлігіне ұйытқы, жоғына жанашыр, барына баташыл.

Қыдыр атаның табаны тиген тақыр жерге де көк шөп шығады екен. «Жүрген жеріне шөп шықпайды» деген назалы сөздің төркіні сол жақтан. Ширек аға бір топ ақсақалды бастап келе жатса, онда ол жердегі шиеленісіп қалған жіп шешілетін, жұрт арқасын кеңге салатын.

Біздің де әкімшіліктегі бастамаларымызды қолдап, жол тілеп отырды. Біз содан қуат алдық, бағытымызды айқындадық. Сондай саналы, келелі кеңестерімен ауыл жастарына тәрбие көрсетті, өнеге үйретті.

Менің әкем Битілеу ақсақал – соңына өмірден көрген-түйгенін, көп ғибратты сөздерін жазып қалдырған кісі.

Әкем сол жазуының бірінде: «Өзгелерге өкпе арта бергенше, өткен-кеткен тарихымыздың өнегелі жақтарын жастарға жеткізіп, асыл қасиеттерін саналарына сіңіру жолдарын қарастырсақ – бізге лайығы сол болмақ» депті. Дәл осы сөздің көрінісі Ширек ағаның бойында атойлап тұратын. Ол біреуді даттамайды, сыртынан сөз жүгіртпейді, тірлікті түзеп, бірлікті бекемдеп жүреді. Бұл ағамыздың кейінгі жастарға бұрынғылардың қасиеттерін бұзбай жеткізіп, болмысымен ұстаз болғаны анық.

2004 жылы Сырдария ауданы әкімі қызметінен Қызылордаға ауыстым. Қалалық жер қатынастары басқармасында басшы болдым. Сол уақытта, бір күні Ширек аға жанына Оразбай деген ауыл ақсақалын ертіп, менің жұмыс орныма келді. Тосын келіске қуандым, таңғалысым да бар еді. Бәлкім, бір бұйымтайы бар шығар дегенмін. Сонда аға тек сәлем беруге, бір жүздесіп кетуге келгенін айтты.

Мұнан кейін одан жоғарырақ қызметке бардым. Аға тағы да келді. Тағы да сол, сәлем беруден басқа жұмысы жоқ екенін айтты.

Ширек ағаның мені іздеп келуі жаңа бастаған қызметтегі көңіл-күйіме серпін берді. Ел ағасы болсаң осындай бол деп, көп уақыт алғаусыз сезімнен арыла алмай жүрдім. Ауданға жасаған азғантай еңбегімді ұмытпай, азаматтығыма берген бағасы деп білдім. Бүкіл ел сыйлаған ардақты адамның ойында одан басқа есеп жоқ екені де анық болатын.

Жақында Ширек ағаға сәлем берейік деп Сейітқали Алшынбаев ініміз екеуміз Ақжармаға арнайы бардық. Жолымызды екі жыл күллі елге келген кеселдің кесірі кес-кестеді. Енді ағаларымызды іздеп, сәлем берудің сәті түсті. Басқа жұмысымыз жоқ деп, ақсақалдың ризашылығын алдық.

Үйден ұзап шыға алмай қалыпты. Өң-жүзіндегі өнеге өрнегі қалыңдай түсіпті. Алайда көзіндегі мейірім мен қолының ыстық табы сол баяғы күйі.

Әріп ҚОЖБАНОВ,

Сырдария ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<