Заңы үстем елдің заманы тыныш

605

0

«Бірлігі бекем ел озады» деген халық даналығы бар ғой. Міне, күні кеше халқымыз ортақ істе береке барын тағы бір мәрте дәлелдеп, республикалық референдумда өз таңдауын жасады. Әсіресе, алаштың анасы атанған Сыр елінде дауыс берушілердің белсенділігі жоғары болды. Бұл нені білдіреді? Бұл қасиетті өлке тұрғындарының ауызбіршілігін, ел болашағына бейқамдық танытпай, керісінше кемел келешек, «Жаңа Қазақстан» үшін сенімдерінің зор екенін айқындап берді.

Республикалық референдум – тарихта қалар елеулі күн. Конституцияға енетін толықтырулар мен өзгерістер туралы көпшілікті таныстыру, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде «Amanat» партиясынан сайланған депутаттар болып, біраз жұмыс атқардық. Елді маңызды саяси шарамен ақпараттандыру, конституциялық реформаның басым бағыттарымен жіті таныстыру миссиясымен аймақтағы көптеген ұжымдарда болдық. Халық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұстанымын қолдап, қуаттайтынын білдірді.  Біз депутаттар, халық пен билік арасындағы алтын көпір ретінде референдумның мән-маңызын жұртшылыққа түсіндіруді парызымыз деп санадық. Бұл шаралар өз кезегінде нәтижелі болып, дауыс берушілер тарапынан белсенділік болғанын байқап отырмыз. Енді халықтың таңдауы игі бастамаларға жол ашып, Конституциямызға енетін өзгерістер жаңашылдыққа бастайтынына сенім зор. Өзгеріске қадам басқан Қазақстанның болашағы баянды болары айқын.

Ата Заң – егемен елдің мәртебесін айшықтап, саяси дамуын реттейтін құндылық. Заңы үстем елдің заманы қашан да тыныш болатыны белгілі. Қазақстан Конституциясы қазір жаңару белесінің алдында тұр. Ата Заңға өзгерістер енгізу, жаңа сипат алуына мүмкіндік беру бұл – уақыт талабы. Өйткені  30 жылдық тарихы бар тәуелсіз Қазақстан үшін жаңару кезеңі туды.

Ел азаматы ретінде, халқыма, күллі сырбойылықтарға референдумда дұрыс шешім жасап, өз таңдауын білдіргеніне алғыс айтамын. «Жаңа Қазақстанның» жарқын болашағы – елдің бүтін бірлігінде,  тұтас татулығында, сергек сенімінде деп білемін.

Бақдәулет  МАҚАШОВ,

облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық

фракциясының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<