Шұғыла шашқан Шахнама

1208

0

Тұрмағамбет ақынның өмірінің соңғы жылдарында шалқар шабытпен жырлап артына қалдырған асыл мұрасы – «Шаһнама» атты эпопеялық туындысы.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын аз сөзбен түйіндесек ол өткеннің аманаты, бүгінге – мұра, болашаққа бағдар. Ендеше, Шаһнаманың өткеніне, оның бастау алар қайнарын іздесек қазақтың ұлы ақыны Абай сыйынған шығыстың жеті жұлдызының атасы атанған Әбілқасым Фирдоусиді еске алмау мүмкін емес.

Адамзатқа рухани асыл қазынасын мұра еткен Әбілқасым Фирдоуси:

Ойлашы өзің өлтірсең,

Менің сөзім өлер ме?

Ол бір туған көкте күн

Екпін тисе сөнер ме?!

Мен сондықтан отыз жыл,

Соған бердім өмірді.

Аш жалаңаш тарықтым,

Жасытпадым көңілді.

Соқтым парсы еліне,

Сөз қорғанын құламас – деп алтын жырды 60 мың бәйіт етіп есіп Х ғасырда өз талантын паш етеді.

Бұл туралы Тұрмағамбеттің өзі бізге былай деп толқи сыр ашады:

 Әуелде оқыған соң парсы, араб,

 Хикая жыр жазушы ем бұған қарап.

 Осындай өнерімді естіген соң,

 Жүргенов шақырып –ап  шашын тарап.

 Ұйғарды «Шаһнаманы» сөз қылуға,

 Ойласып Мирзоянмен ойға сарап,

 Бедеудей басым шұлғып «болады» деп,

 Күйіме күннен-күнге түстім жарап.

Қармақшы ауданы әкімдігінің  қолдауымен К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен  Шығыстың шайыры атанған, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына  140  жыл толуына орай  «Шұғыла  шашқан  Шаһнама» атты  облыстық  жыр фестивалі  өтті.  Фестивальде аудандық мәдениет және тілдерді  дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов сөз сөйледі. Қатысушылар Шаһнама  эпопеялық  дастанының  сан  тарауынан  жыр  толғап,  халық ықыласына  бөленді.  Жыр кешінің соңында  Тұрмағамбет ауылы әкімінің міндетін атқарушы Алмағамбетов Бақтияр Амангелдіұлы және ақынның шөбересі Әбдірауықов Нартай Абатұлы барша  қауымға  ыстық ықыласы мен лебізін  жеткізді.  

Жыр фестиваліне  қатысушы  барлық  өнерпаздар  аудан әкімінің дипломымен  және арнайы  сыйлықтармен  марапатталды.

Даңқты Сыр сүлейі, ғұлама ғалым, от ауыз, орақ тілді, өткір ақын Т.Ізтілеуұлына арналған жыршы-жыраулар кездесуі рухани асыл қазынамызды дамытары сөзсіз.

Салтанат ӘЛИАКБАР,

Көшеней Рүстембеков атындағы

Жыраулар үйінің әдіскері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<