«Amanat медиа» сыйлығы аудандық газет тілшісінде

558

0

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында «Amanat» партиясы журналистер арасында «Amanat-2022 медиа сыйлығы» республикалық байқауын ұйымдастырды. Байқауда аймақтың ақпарат саласына үлес қосып жүрген медиа өкілдері бақ сынады.

Он жылдан астам тарихы бар байқау жаңа форматта өтті. Талапқа сай биыл жанрлық емес, тақырыптық бағытқа аса мән берілді.

Республикалық байқауға 260-тан астам өтінім жолданып, оның 70%-і аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарынан түскен. Бұл дегеніміз БАҚ саласының өркендеуіне сеп болады. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов атындағы «Сөз зергері» және Шерхан Мұртаза мен Камал Смаилов атындағы «Телевизия үздігі» арнайы сыйлықтары  табысталған.

Үздіктерді анықтауда республикалық БАҚ-тан бөлек, облыстық, аудандық деңгейдегі мерзімді басылым мамандарына басымдық берілді. Оған дәлел – Жаңақорған аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің тілшісі Әлібек Жарықбаевтың «Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы туралы үздік материал» номинациясы бойынша жүлдегер атануы. Бұл ақпарат саласында аянбай еңбек етіп, сол жолда білек сыбана тер төгіп жүрген аймақ журналистерінің марапаты десек қателеспейміз.

Себебі, дүлдүлдердің арасынан суырылып шығып, үздіктермен үзеңгілес болу – нағыз журналистің хас шеберлігі.

– Сыйлыққа ие болғаныма қуаныштымын. Маған сенген әріптестеріме, шығармашылық тұрғыда шыңдалуыма көмектескен Қаныбек Әбдуов, Нұрлат Байгенже, Баян Үсейінова сынды ұстаздарыма алғыс білдіремін, – деді Ә.Жарықбаев.

Журналистің бұл жетістігі аймақтағы ақпарат саласының мазмұндық деңгейінің биік екенін көрсетті.

Жігітке жеті өнер де аз демекші, бұған дейін түрлі деңгейдегі спорттық шараларға қатысып, үздік спортшы екенін дәлелдеген журналистің қалам мен ала допты қатар ұстап, нағыз майталман екенін дәлелдегені көңілге қуаныш сыйлайды.

Бүгінгі журналистика саласының міндеті ауыр, жауапкершілігі зор. Мәселенің ақ-қарасын ажыратып, қоғамға нақты ақпарат таратудың маңызы артып келеді. Ақпараттық кеңістіктегі шығармашылық иелерін қолдап, қанаттандыруда «Amanat медиа» сыйлығының рөлі зор.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<