Жұмысқа жолдама алды

309

0

Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінің 28 түлегі жұмысқа орналасуға жолдама алды. Төрт жыл оқып, қолдарына дипломын алған бітірушілер енді еңбек жолын аудандағы ірі өндіріс орындары мен шаруашылықтардан бастайды. Жұмыс берушілер көп ұзамай келісім-шартқа отырамыз дейді.

Жолдама алған түлектер бұған дейін дуалды оқыту жүйесі бойынша өндірістік тәжірибеден өтті. Онда болашақ мамандар кәсіби білімін тәжірибемен ұштастырып, шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік алды. Осылайша әлеуметтік серіктестік басшылары практика барысында іскерлігімен көзге түскендерді тұрақты жұмысқа алуға ниет білдірді.

​Шиелі индустриалды-аграрлы колледжі жұмысшы мамандарды даярлауда «Байсын», «Халық» шаруа қожалығы, «Семізбай-U» ЖШС, «Волковгеология» АҚ секілді бірнеше мекемелермен әріптестік байланыс орнатқан. Соның аясында студенттер өндіріс орындары, тігін цехтары, электр торабы мен кәсіпкерлік нысандарда тәжірибеден өтеді. Бұл өз кезегінде кәсіби мамандарды дайындауда үлкен септігін тигізеді.

Бұдан бөлек, «Жас маман» жобасы аясында халықаралық стандарттар талабына сай, соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл білім сапасын көтеру жолында оң серпін бергені сөзсіз.

Ел ертеңі білімді, кәсіби білікті мамандардың қолында. Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі осы мақсатта еңбек нарығында сұранысқа ие, әлеуметтік және кәсіптік бейімділігі жоғары кадрларды дайындауда нәтижелі жұмыс жасап келеді. Оқу орнында 20 мамандық, 33 біліктілік бойынша оқытылады.

Тарихы терең, тағылымды оқу ордасынан дүйім елге танымал ғалым-ұстаздар, ұлы тұлғалар түлеп ұшты. Оның ішінде аты аңызға айналған дала дихандары, Социалистік Еңбек Ерлері Ы. Жахаев, З. Ержанова, Ұ. Алтайбаева, Ш. Қазанбаева секілді еңбек ардагерлері бітірді. Қарашаңырақ осы ұрпақтар сабақтастығын ұлықтамақ ниетте.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<