Дүние дүрмек

340

0

Ван Гогтың автопортреті табылды

Ғалымдар Ван Гогтың бұрын белгісіз болған автопортретін тапты. Ол суретшінің Шотландиядағы ұлттық галереясында сақтаулы тұрған «Ақ қалпақтағы шаруа әйел портреті» атты әйгілі картинасының артына қыстырылып қалған екен.

Шотландия ұлттық галереясы өкілдерінің айтуынша, керемет олжа кездейсоқ табылған. Эдинбургтегі Корольдік Шотландия академиясында импрессионистерге арналған көрменің ашылу қарсаңында кураторлар Ван Гогтың 1885 жылғы жұмысын рентгенге түсіруді ұйғарады. Сол кезде картинаның артқы жағында желіммен жағылған және картонмен жабылған сурет табылады, бұл суретшінің автопортреті болуы әбден мүмкін. Сурет-картина ХХ ғасырдың басында өткен көрмеге дайындау кезінде жабыстырылуы мүмкін.

Ван Гог жиі ақша үнемдеу үшін кенептерінің екі жағын пайдалануға мәжбүр болған. Табылған портретте жиегі бар қалпақ киген және мойынға орамал байлап отырған сақалды адам бейнеленген. Картинада оның сол жақ құлағы анық көрініп тұр: Ван Гог «Ақ қалпақтағы шаруа әйел портретін» жазғаннан кейін үш жылдан соң ашуға беріліп, сол құлағын палитра пышағымен кесіп тастаған. Бұл оның автопортрет салудағы алғашқы әрекеттерінің бірі болса керек. Кейінірек жұмыстары жақсара бастап, бүгінде Ван Гогтың кейінгі автопортреттері шедевр болып саналады.

Жиырма жылда алғаш рет

Еуро мен доллар соңғы 20 жылда алғаш рет теңесті. Биыл бірыңғай еуропалық валютаның бағамы АҚШ-қа қатысты шамамен 14%-ке, ал өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 17,8%-ке арзандады.

Қысым көрсететін негізгі фактор – энергия бағасы және Ресей Федерациясынан газ жеткізуге байланысты алаңдаушылық. Динамикаға Вашингтон мен Брюссельдің ақша-несие саясатындағы айырмашылықтар да әсер етеді – ФРЖ базалық мөлшерлемелерді арттырады, ал ЕОБ төмен деңгейде ұстайды.

Білезік тағуға міндетті

15 шілдеден бастап Гонконг билігі коронавируспен ауыратындарға және оқшауланатындарға электронды білезік тағуды міндеттейді. Бұл туралы COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоааралық комиссия мәлім етті.

«Мұндай шара ауруды жұқтырғандардың өзін-өзі оқшаулау ережелерін бұзбауы мен үйлерінен белгіленген мерзімнен бұрын шықпауы үшін қажет. Сонымен қатар, денсаулық сақтау органдары үкіметтік қосымшада ауру жұқтырған адамдардың цифрлық сертификаттарын қызыл түспен белгілеу мүмкіндігін қарап жатыр» делінген ВАК мәліметінде.

Келісімнен бас тартты

Миллиардер Илон Маск Twitter әлеуметтік желісін сатып алу келісімінен бас тартқанын мәлімдеді. Мәміле 44 миллиард долларға бағаланған.

Енді компания келісімді орындату мақсатында Маскты сотқа бермек. Маск адвокаттарының сотқа берген материалдарында компанияның оған платформадағы жалған аккаунттар туралы толық мәлімет берілмегені жазылған. Миллиардер осы жылдың сәуір айында жарияланған мәміледен бас тартады деген хабардан кейін Twitter акцияларының құны 6%-ке төмендеді.

Бұған дейін Маск егер әлеуметтік желі басшылығы оған жалған және спам аккаунттары Twitter қолданушыларының 5%-тен аспайтынын дәлелдемесе, мәміледен бас тартатынын айтқан. Маусым айында реттеуші органдарға жолдаған ресми хатында Маск компанияның сатып алушысы ретінде Twitter-дегі спам аккаунттар санын дербес бағалауға құқығы бар екенін жазды. Маск тарапы Twitter осылайша сату келісімінің шарттарын бұзды деп мәлімдейді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<