Арал аймағының белгілі азаматы Әнес Әуезов өзінің өткен жылдарын ой елегінен өткізіп, көргені мен көңілге түйген жүрек жазбаларын деректі ғұмырнамалық хикаят етіп шығарып, оқырмандарға ұсыныпты.
Автор кітабында өмір жолының бастауы – ата-анасының қилы-қилы тағдыр тауқыметі мен заман көшіндегі соқпақтарын бүкпесіз баян етеді.
Кітапқа алғы сөз жазған қоғам қайраткері Биғали Қаюпов Арал ауданының құрметті азаматы Әнес Әуезовтің өнегелі өмірі мен еңбек майданындағы ерлігі жайлы сөз сабақтаса, Арал ауданының әкімі, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев «Адам – керуен, өмір – жол» ғұмырбаяндық жинақ жастардың арман-мақсаттарына күш беретін, егемен еліміздің асқақтығын танытатын толымды дүние деп білгендіктен рухани қазынамыздың бір жемісі деп барша оқырманға ұсынар едік» деп жоғары баға береді.
Кітаптағы «Өмірдің жолдары көп мың бұралаң…», «Армандай асыл бала кез», «Көңілден кетпес, жүректен өшпес жылдар», «Аралым – айдын шалқарым», тағы басқа бөлімдегі жазбалардан кереметтей әсер аласыз. Сондай-ақ Әнекеңнің әр жылдары мерзімді басылымдарда жарияланған түрлі тақырыптағы жазбалары мен «Аралдың айтқыштары» айдарымен берілген татымды сөздер де топтастырылған.
«Адам дүниеге тек келіп, әншейін ғана аттана бермейді. Ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады» деген Баубек Бұлқышев. Ендеше кітап авторы да ұрпақтарына бұл өмірдің ащы мен тұщысын, қуанышы мен ренішін қатар өрбітіп, жақсы естелік-мұра жасап отыр.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист






