Әріптестер әзілі

2359

0

Бес метр болса да жақын

Облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшілері редакцияның ескі ғимаратында Ыдырыс пен Айғали бір бөлмеде отырды. Бірде редакцияда құрылымдық өзгерістер жасалып, жұмыс жағдайына байланысты тілшілер бір бөлмеден екінші бөлмеге көшіріле бастайды. Кезек Айғалиға келгенде ол:


– Біз Ыдырыс екеуміз он жыл болды бірге отырамыз, мен ешқайда ауыспаймын, – деп қасарысады.

Сонда бас редактордың орынбасары Мұрат Жетпісбаев:


– Айеке, он жыл түгілі жиырма жыл бірге тұрған ерлі-зайыптылар да ажырасып жатыр. Келесі бөлмеге көшіңіз, әрі үйіңізге 5 метр болсада жақын болады, – деген уәж айтатын көрінеді.

Өлең мен тақпақ

Қыс айы. Қызылордада қар жауып тұрған кез екен. «Ал, ақын, аяқасты тақпақ айта аласың ба?» – дейді құрдасы Дүйсенбек Аяшұлына сынағандай. (Өлең шығара аласың ба дегені болар.)

Сөзден тосылатын Дүйсекең бе, бірден былай дейді:


– Мынау неткен аппақ қар,


Ол жайлы көп тақпақ бар.


Ақ астына көмілсін,


Беті қара батпақтар.


Қар қызығы қыр жақта,


Мылтығыңды оқтап бар.


Күнде болмас сайраны,


Суығы мен қатқақ бар.


Суырып салады екен деп,


Мені үйіңе мақтап бар.


Тақпақ дейді өлеңді,


Сен сияқты ақымақтар.


Енді осыны жаттап қал!

Қораптағы қорқынышты жазу

Ақын Дүйсенбек Аяшұлы темекі алмақшы болып, бір дүкенге кірсе, сатушы қыз қорабы әдемі темекіні ұсынады. Ол оны сатып алудан бірден бас тартады.


– Қораптың сыртында қорқынышты жазу бар екен, «Жүрек талмасы» деп тұр екен», – дейді үрейленгендей. Сатушы екінші бір әшекейлі темекі қорабын көрсетеді.


– Жоқ, мұны да алмаймын. Мұнда «Өкпе қабынуы» деп тұр ғой, – дейді тұтынушы қасарыса. – Ескертпе сөздері жаман екен, тағы басқасын бер, – дейді ерінбестен. Қыз үшінші қорапты алып келеді. Ал оның сыртына «Түсік тастау» деп жазылыпты.


– Мейлі, осыны алайын, – дейді Дүйсекең амалсыз. Сатушы қыз таңырқап:


– Сонда осы сөз жақсы ма – десе.


– Мұның маған кері әсері бола қоймас, өйткені еркек емеспін бе, – депті.

Жағдай сұрау

Облыстық «Сыр бойы» газетінің журналисі, ақын Дүйсенбек Аяшұлының қолы ауырып, біршама уақыт қиналып жүреді. Дәрігерге барып, қанша емделсе де, батпандап кірген науқастан оңайлықпен айыға қоймаса керек. Осынысын білетін әріптестері күнде:


– Хал-жағдайыңыз қалай? – деп жағдай біліседі екен. Тек, көрші кабинеттегі замандас қарындасы Ғазиза ғана астарлай сөйлеп:


– Дүйсеке, қол жағдайыңыз қалай? – деп әзілдейтін көрінеді.

Қамашқа айтшы

Белгілі журналист Жолбасбек Ақсақаловты бір тойда кезіккен ескі танысы үсті-үстіне көтермелеп:


– Сіздің жазған материалдарыңызды оқып бір жасап қаламын. Білімің мол, ақылды сөз жазасың,– деп қоймаса керек. Сонда бөс­текі сөзге иліге бермейтін Жөкең әзілге шаптырып:


– Оны өзім де білемін ғой, осыныңды біздің әйел – Қамашқа айтыңқырашы.., – дейтін көрінеді.

Бағыты бар тілек

«Сыр бойы» газетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген ардагерлер арасындағы дойбы турнирінің соңында жеңімпаздарға сый-сияпат көрсетіледі.

Төрге тоқсанға жақындаған, сексеннің үстіндегі қариялар жайғасады да, орта жастағылар мен жастар етекке қарай отырады. Дастархан басындағы әңгімеде бүгінгі құрметке риза болған Алтын апай:

«Енді бәрімізге газеттің 100 жылдығын көруге жазсын!» деп тілек айта бастайды.

Сонда отырыстың жүргізушісі Дүйсенбек: «Дұрыс, бірақ мұныңыз­ды төменгі жақтағыларға қарата айтыңыз», – деген бағыт беретін көрінеді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<